Мыс кеніне жаңа акционерлер керек

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
12566

"БАСТ" акционерлік қоғамы KASE-ге 36 мың қарапайым акциясын орналастырмақ.

Мыс кеніне жаңа акционерлер керек

"Қазақстан қор биржасы" АҚ (KASE) 2 наурыз күні "БАСТ" АҚ акцияларына жазылу жүргізеді. Биржаның хабарлауынша, бұл акцияларға жазылу жүргізілгенде сатушы ретінде "Фридом Финанс" АҚ қатысады. Биржаға орналастырылған акциялар саны – 36886 дана (қазірге дейін орналастырылған акциялар саны – 202951). Орналастырылған акциялардың бағасы – 30500 теңге.

Компания 1 млрд 124 млн 413 мың теңге тартпақ. Жазылу барысында өтінімді қабылдау 2 наурыз күні Алматы уақытымен 10:00-ден 17.00-ге дейін жүргізіледі. Жазылу барысындағы құнды қағаздың коды – BAST. Жазылу барысында KASE сауда жүйесіне жабық тәсілмен берілген тек лимиттелген өтінім ғана қабылданады.

"Сатушы қосымша критерийлерді бекітті, сол бойынша қанағаттандырылған өтінімдер тізілімін қалыптастыру кезеңінде және құнды қағаз сатып алу келісімшартын жасауда ол өздігінен тексеру жүргізеді. Өтінімнің ең төменгі сомасы 32025000 теңгеден кем болмауы керек. Сатып алушы жазылу барысында сатып алынған акцияларды 180 күн ішінде сату құқығының шектелуіне келісу керек", – деп көрсетілген хабарламада.

28 ақпан күні сауданың жабылуы кезінде "БАСТ" акцияларының құны 36056 теңге болды, яғни компанияның капиталдануы – 7,3 млрд теңге. Іс жүзінде ықтимал сатып алушылардың шамалысы сатып алынған акцияларды жарты жылға дейін сатпау туралы міндеттемемен келісіп, акцияны қазіргі нарықтық бағадан төмен бағаға алады.

Сатушыға биржа қабылдаған өтінімдер тізілімін беру уақыты – 3 наурыз. Биржаға қанағаттандырылған өтінімдер тізілімін беру уақыты – 6 наурыз. Есептесуді жүргізу уақыты – 7 наурыз. Есептесу "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" АҚ-та жүргізіледі. Құнды қағаз сатып алушы сатып алған құнды қағазының төлемін жасау үшін 7 наурыз күні сағат 09.00-де "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" АҚ өз шоттарына ақша салуы керек.

2017 жылдың 1 қаңтарына дейінгі компанияның ірі акционерлері – М.Е. Мақашев – 33,9% акциясы бар, Г.Е. Мақашев – 17,93%, STICHTING RCG NETHERLANDS (Амстердам, Нидерланды), "SKY ENERGY CAPITAL" ЖШС – 12%, "Астана Банкте" – 9,92%. Жарияланған қарапайым акция саны – 500000 дана, орналастырылғаны – 202951 дана. 2017 жылдың 1 қаңтарында "БАСТ" АҚ-тың жиынтық активі 2,095 млрд теңге болған, меншікті капитал – минус 596,9 млн теңге, шығын – 431,5 млн теңге, бір акцияның теңгерім құны – 2,94 теңге.

12 қаңтар күні "БАСТ" АҚ ірі акционерлер арасында келіссөз жүргізу нәтижесінде компанияның 1 млрд теңгеге қосымша акция орналастыруына қатысты туындаған даудың реттелгенін хабарлаған болатын. Компанияға қосымша инвестиция өндірістік қуатты арттыру және компанияны капиталдандыруға қажет.

2015 жылдың 1 қаңтарында "БАСТ" АҚ акцияларының 100%-ына ие болған компанияның ірі акционері – Мейрам Мақашев 2017 жылдың 10 қаңтары күні директорлар кеңесінің отырысын өткізуге, ірі және қандай да бір келісім жасауға, сонымен бірге нарықта "БАСТ" АҚ қосымша акцияларын орналастыру және шығаруға тыйым салатын талабын қайтарып алды.

"Компания операциялық жұмысты кәдімгі тәртіпте жүргізіп жатыр. Кадрлардың өзгеруі жоспарланып отырған жоқ", – деп мәлімдеген еді сол кезде компания.

"Келіссөз барысында барлық акционер компанияға өндірістік қуатты екі есе – жылына 400 мың тонна кен өндіруге дейін кеңейтуге қатысты басталған жұмысты аяқтау қажет екендігі, сонымен бірге жылына 1 млн тонна кен шығаратын қосымша қуаттылықты салуды ұйымдастыруға қатысты шараларды бастау керектігі туралы пәтуаға келді. Акционерлердің барлығы бұл шараларды қорландырудың тиімді және қолжетімді тәсілі компания акцияларын орналастыру, яғни акционерлік капиталды тарту екендігін жақсы түсініп отыр", – дейді "БАСТ" АҚ бірінші вице-президенті Рүстем Оспанов.

"БАСТ" АҚ-та жақын арада акционерлердің кезектен тыс жиналысы өтеді. 10 ақпан күні "БАСТ" АҚ директорлар кеңесі 14 наурыз күні компания акционерлерінің кезектен тыс жиналысын (АКТЖ) өткізуге шешім қабылдаған еді. Акционерлердің кезектен тыс жиналысына қатысуға құқығы бар қатысушылардың тізімі 14 ақпандағы жағдай бойынша жасалады.

"БАСТ" АҚ Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында орналасқан Мақсұт кен орнын өңдеумен айналысады. 2016 жылдан бастап жобалық қуаты жылына 200 мың тонна кен шығаратын флатациялық фабрика жұмыс істейді. Мақсұт кен орнының ішінен мыс-никельді кен жайылымының 3 учаскесі: Оңтүстік, Солтүстік және Батыс Мақсұт табылды. Солтүстік және Батыс Мақсұт учаскелерінің магниттік аномалиясының деңгейі негізгі Оңтүстік учаскеге ұқсас. Осылайша кен орнының қорлары айтарлықтай артуы мүмкін.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу