Мыс мөлшері мәселе туғызды

Кен құрамының сапасы мыс өндірісінің көрсеткішін төмендетті.

Мыс мөлшері мәселе туғызды

Биылғы жылдың I жартыжылдығында KAZ Minerals тобы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 118 мың тонна артық мыс өндіріп, жалпы көрсеткішті 139,6 мың тоннаға жеткізді. Бұған ШҚО-ғы Ақтоғай кен байыту фабрикасының нәтижелі жұмысы себеп болды. Аталмыш фабрика алты айда 60,5 мың тонна мыс балқытты. Павлодар облысындағы Бозшакөл кен байыту комбинаты 49,8 мың тонна мыс өндірсе, бір бөлігі ШҚО-да, бір бөлігі Қырғызстанда орналасқан Бозымшақ кеніші 29,3 мың тонна өнім берді.

KAZ Minerals тобы баспасөз орталығының тілшілерге таратқан ақпаратына сүйенсек, Бозшакөл кенінің құрамындағы мыстың орташа үлесі 0,49%-ға азайған. Салдарынан комбинаттың биылғы мыс өндіру көрсеткіші былтырғыдан 2,2%-ға кем болған.

"Бозшакөлдегі мыс өндірісінің нәтижесін тоқсанға бөліп санайтын болсақ, I тоқсанда - 26,9 мың, II тоқсанда - 22,9 мың тонна мыс өндірілді. Өнімділіктің өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға қысқаруына кен құрамындағы металл үлесінің азаюы, Бозшакөл кен байыту комбинатындағы жартылай ұсақтау диірмені қаптамасының ауыстырылуы, сульфидті кен өңдеу барысында туындаған техникалық кедергілер сонымен қатар құрамында каолин балшығы бар кен өңдеу жұмысының көбеюі сынды факторлар тікелей әсер етті", – деп мәлімдеді KAZ Minerals тобының баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, Бозшакөл кен байыту комбинаты биылғы жылды 95-105 мың тонна мыс өндірісімен жабуға тиіс. Алты айда 50 мың тоннаға жуық мыс өндірген комбинат межелі мерзімге дейін міндетін толық атқарады деген сенім бар.

Бұл туралы баспасөз хабарламасында: "Бозшакөл жылдық көрсеткішке жету жолында келеді. Қазіргі жұмыс нәтижесі бұған дейінгі төмен көрсеткіштің жақсаратынына үміт артып отыр", – деп жазылған.

Айтпақшы, Ақтоғай кен байыту фабрикасында өңделген сульфидті кен құрамындағы мыстың да мөлшері азайған. Ол 0,75%-дан 0,62%-ға түскен. Алайда бұл көрсеткіш Ақтоғай кен байыту фабрикасының оң нәтижеге қол жеткізуіне тосқауыл бола алмаған.

"Ақтоғайдағы оксидті кен өңдейтін кешен 11,5 мың тонна катодты мыс өндірді. Мыс өндірісінің жалпы көрсеткіші 61 мың тоннаға жақындады. Жыл соңында Ақтоғай кен байыту фабрикасы 110-130 мың тонна мыс өндіруді жоспарлап отырғанын еске алатын болсақ, қазіргі нәтиже жоспардан ауытқу  жоқ екенін көрсетеді", – делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, Ақтоғай кен байыту фабрикасы оксидті кеннен катодты мыс өндіруді 2015 жылы бастады. Екі жылдан соң сульфидті кеннен мыс алды.

Кен байыту фабрикасы 2021 жылға дейін сульфидті кеннен 90 мың тонна, 2025 жылға дейін оксидті кеннен 20 мың тонна және 2022-2027 жылдар аралығында екінші кен байыту фабрикасымен бірлесіп, жалпы көлемде 170 мың тонна мыс өндіруді жоспарлап отыр.

Орлов шахтасынан алынатын кен құрамындағы мыс мөлшерінің төмендеуі мен Николаев байыту фабрикасы жұмысының жоспарлы түрде тоқтатылуы "Шығыстүстімет" ЖШС кәсіпорындары мен Бозымшақ кенішінің мыс өндіру көрсеткішін өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-ға азайтып жіберген.

"Бозымшақ кеніші толық қуатымен жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін Шығыс өңірдегі кәсіпорындармен бірлесіп, 65 мың тонна мыс өндіруі тиіс", – деп хабарлады KAZ Minerals тобының баспасөз қызметі.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться