Мысыр қазақ бидайын сатып алу үшін Әмірліктермен келіссөз жүргізіп жатыр

888

Осылайша, солтүстікафрикалық ел Ресей астығына альтернатива іздеуге кіріскендей. 

Мысыр қазақ бидайын сатып алу үшін Әмірліктермен келіссөз жүргізіп жатыр Фото: reuters.com

Мысыр Әбу-Дабидегі банкпен Қазақстаннан бидай сатып алуды қаржыландыратын несиелік бағдарлама бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Мұны "Рейтер" агенттігі үш трейдердің сөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Осылайша, Мысыр Ресей бидайына альтернатива іздеп жатқандай. Айта кетсек, былтыр Украинада соғыс басталғаннан кейін,РФ Мысырға бұрынғыдан көбірек астық жөнелте бастады. Алайда, Мәскеу сол өнімді ең төменгі бейресми бағаға сату жөніндегі келісімге таяуда тосқауыл қойған.

Мысыр – әлемдегі бидай импорттаушы ең ірі мемлекеттердің бірі. Бірақ шетелдік валюта тапшылығына байланысты бұл ел импортқа көп доллар шығындамау үшін арзан астыққа мұқтаж.

Астық саудасымен таныс трейдерлердің сөзінше, Қазақстан бидайын сатып алу мен оның бағасы, көлемі жөніндегі, сонымен қатар, несиенің құны бойынша келіссөздер әзірге бастапқы сатысында.

Дегенмен, трейдерлер Абу-Дабиде орналасқан банктің атын атамады.

Олар жасалуы мүмкін мәміле жайын Мысырдың мемлекеттік астық сатып алушысы – Тауарларды жеткізу бас басқармасынан сәрсенбі күнгі бидай тендері кезінде білгендерін айтады.

Саудагерлерге бұл басқарма бидайды Ресей үкіметі белгілеген бағадан төмен құнға сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізген. Ал РФ тендерге өз астығының бір метрикалық тоннасын 270 долларға шығарыпты.    

Бірақ Мысыр үшін Қазақстаннан бидай тасымалдау логистикалық тұрғыдан қиынға соғуы мүмкін. Өйткені астықты Мысырға құрлықпен өзге елдер арқылы жеткізуге тура келеді. Сондықтан кейбір трейдерлер Астанамен мұндай келісім жасалатынына күмән келтіріп отыр.

Мысырдың Тауарларды жеткізу бас басқармасы болса, бұл проблемаға қатысты әзірге түсініктеме бермеді.

Жақында Ресей Ауыл шаруашылығы министрлігі 480 мың тонна ресейлік бидайдың Мысырға экспортталуына тосқауыл қойды. Себебі жеке өндірушер сол бидайды минималдық бағадан төмен құнға сатпақ болған.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, Мысыр енді бидайды Франция мен Болгария сияқты басқа елдерден жеткізбек.

Мысырдың қаржы министрлігі азық-түлікке, негізінен нанға субсидиялардың құны 2024 жылдың маусымында аяқталатын қаржы жылында 41,9 пайызға өсіп, 127,7 миллиард мысыр фунтына немесе 4,14 миллиард АҚШ долларына жететінін болжап отыр.

Айта кетсек, Қазақстан - қазірдің өзінде Мысыр үшін мақұлданған бидай экспорттаушылар санатында. Бірақ Мысыр біздің елден астықты сирек сатып алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу