"Намазхандар мен зайырлы халықты екіге бөліп, жауластырып қойдың": Балғынбек Имашев Мәжіліс депутатына жауап берді

6182

Ақын Балғынбек Имашев Ринат Зайытовтың "Алаяқтықтың 80 пайызын жасап отырған намаз оқитындар", деген мәлімдемесіне өлеңмен жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Намазхандар мен зайырлы халықты екіге бөліп, жауластырып қойдың": Балғынбек Имашев Мәжіліс депутатына жауап берді

"Amanat" партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың Қазақстан мұсылмандары туралы өтірігі араздықты қоздырады, деп санайды айтыскер Балғынбек Имашев.

"Ей, Ринатжан, айтыста да, қай тұста да бетіңнен қақпадық. Айтқыздық ел болып, батыр қылып. Қошановпен жүргеніңді құптадық. Amanat-қа қарсы кезіңде де, партияға жаршы кезіңде де қолдадық. Өз басым осы уақытқа дейін, артық айтқандарыңа да, жала жапқандарыңа да үндемедік. Бірақ мынау бүгінгі шулатып отырған үндеуіңе арнайы үн қатпасам болмады. Сенің "маған ақпараттық шабуыл жасалып жатыр" деген жазбаңды оқып, бауырымды қорғай қояйыншы деп әлеуметтік желіні ашып қарасам, "алаяқтықты жасап отырғандардың 80 пайызы намазхандар қауымы. Өтірік болса" бетіме айтсын деп айды аспанға шығарыпсың. Құдай-ау бұл не деген статистика, қандай арифметика. Мұндай сандарды қайдан алдың? Бұл саған базарға барып, шемішке майының бағасын біле салатындай дүние емес қой. Өтірік пайызға шағып, халықтың миын қатырғанды қою керек. Жазықсыз жала жауып, артынан "мыналар маған тиісіп жатыр" деп байбалам салғаның қалай болды? Осы ер адамның ісі ме? Сонда саған аузыңа келгенді айтып, ойыңа келген жаланы жабуға болады да, саған қарсы жауап беруге болмай ма?", – деп мәлімдеді айтыскер өзінің парақшасында. 

Оның айтуынша, депутат осы пікірі арқылы партияны ғана емес, барлық мемлекеттік қызметшілерді масқаралап отыр. 

"Сіздің сөзіңіз бір адамды, тіпті "Amanat" партиясы мен Парламент Мәжілісін ғана емес, жалпы Қазақстанның барлық мемлекеттік қызметшілерін масқара етеді. Сен намазхандар мен зайырлы халықты екіге бөліп, жауластырып қойдың. Заң бойынша бұл өте ауыр қылмыс, дінде де ауыр күнә. Дін атаңнан қалған мал емес. Алла Тағала төбеңнен ұрса, отбасың мен бала-шағаңа ауыр болады", – дейді Балғынбек Имашев. 

Айтыскер Мәжіліс депутатының пікіріне қарсы екендігі туралы айта келіп, Абайдың сөзімен жауап қайтарды.

"Абай атамыз сен сияқты эмоцияға берілгіш адамдарды "лап бергіш, көті айналғыш, қайта ойланғыш" деп сипаттаған. Қорықпаймын деп жазған постыңның артында елдің артына тығылып отырған қорқақ-қояндығыңды көрдім. Сен намазхандардан қорықпа, маңдайы сәждеге тиген Алланың құлдары саған ешқандай қиянат жасамайды. Сенің айтыста эмоциямен айтатын шумақтарыңа ашуланбаймыз. Ал сенің Мәжіліс депутаты ретінде дәлел-дәйексіз айтатын пікіріңе қарсымыз", – деді айтыскер.

Айта кетелік, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов баспасөзге берген сұхбатына қатысты Facebook желісіндегі парақшасында өзіне "шабуыл" басталғанын мәлімдеген еді.

"Кейінгі екі күнде маған қарай екпінді ақпараттық және психологиялық шабуыл басталды. Оны өзім де күткенмін. Себебі оған етім үйренген. Мұндай шабуылдар маған 2008, 2011, 2019-ыншы жылдары да жасалған. Жасырмаймын, оңай емес. Бірақ шыдауға тура келеді. Енді сіздерге бұл технология қалай жасақталатынын түсіндіруге тырысайын. Мысалы, осы жолғы шабуылдың тақырыбы менің намаз оқып жүріп, алаяқтық жасайтын адамдар жайлы айтқан сөзімді алға тартып, сол арқылы қоғамды маған қарсы қоймақ. Мақсаты белгілі. Біріншісі — мені қорқыту, екіншісі — менің жеке басыма қастандық жасалса, осы себептен екен дегізу. Сөз жоқ, ақылды жүріс. Екеуінің біреуіне жеткенше, олардың тоқтамайтынын да білемін. Тәуекел. Маңдайға жазғанын көреміз...", – деді белгілі ақын.

Сондай-ақ ол бәріне бірдей бір ғана жауабы бар екенін жеткізді.

"Қадірлі ағайын, мен де өздеріңіз сияқты көп пенденің бірімін. Ешкімнен тығылып, ешкімнен қашып жүрген жоқпын. Қандай да бір айтарларыңыз болса, жауабын беруге дайынмын. Бар арманым — елімнің дұрыс өмір сүргенін, отанымның гүлденгенін көру ғана. Ешбір топтың алдында тізерлеп кешірім сұрамаймын! Өйткені оған себеп көріп тұрған жоқпын. Әлеуметтік желі шулады екен деп, дірілдейтін қорқақтарың мен емес. Алға қойған нақты мақсатыммен жоспарым бар. Сол жұмыстарды бітіруім керек. Мәжіліс мінберінен халыққа берген антым бар. Берілген мерзім бес жыл. Сол бес жылымды халықтың мүддесін қорғауға арнаймын. Басқасы бір жаратқанның құзырында. Түсінетін шығарсыздар деп ойлаймын. WhatsApp-қа шығып, қорқытпақшы болып жатқан батырсымақтар, сендерден шошып жүретін жағдайым жоқ. Аптасына бес күн жұмысқа жаяу барып, жаяу келемін. Қылатындарыңды қылып алыңдар. Оққағарым да, сендер айтқан "братвам" да жоқ. Сенгенім бір Құдай", – деп сөзін түйіндеді депутат. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу