Германияның Котбус қаласында өтіп жатқан спорттық гимнастикадан 2026 жылғы Әлем кубогының алғашқы кезеңінде Қазақстан құрамасы жүлдеге қол жеткізді. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Курбанов тұтқалы ат снарядындағы финалда сәтті өнер көрсетіп, қола медаль иеленді.
Шешуші сында отандасымыз 14.933 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеді. Бұл көрсеткіш оған маусымның алғашқы халықаралық додасында-ақ жүлде қоржынына енуді қамтамасыз етті.
Аталған сында тағы бір қазақстандық гимнаст Зейнолла Ыдырысов та финалға жолдама алып, 14.933 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады.
Тұтқалы ат снарядындағы финалда италиялық Габриэле Таргетта 15.000 ұпаймен жеңімпаз атанса, армениялық Мамикон Хачатрян 14.966 ұпаймен күміс жүлдеге ие болды.