Өткен демалыс күндері Парижде спорттық гимнастикадан "World Challenge Cup 2025" кубогының төртінші кезеңінде Нариман Құрбанов ат снарядындағы жаттығуда алтын медаль жеңіп алды.
Финалда Құрбанов төрешілерден 15,066 ұпай жинап, сенімді түрде қарсыластарын артта қалдырды. Күміс жүлдені армениялық Гамлет Манукян (14,800) иеленсе, қола медаль италиялық Габриэлле Таргеттаға (14,733) бұйырды.
Тағы бір қазақстандық спортшы Зейнолла Идрисов (14,633) осы жарыста төртінші орынға тұрақтап, жүлдеге бір қадам жетпей қалды.
27 жастағы Нариман Құрбанов – Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы (2023, 2024, 2025).
Сондай-ақ біздің құрама сапында Ілияс Азизов пен Асан Сәлімов өнер көрсетті. Алайда олар іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша үздік сегіздікке ене алмады. Азизов турник жаттығуларында 28-орын иеленсе, Сәлімов соңғы 43-орынға тұрақтады. Сонымен қатар Азизов параллель брусьяда – 15-ші, еркін жаттығуда – 20-орын иеленді.
Айта кетейік, Кубоктың төртінші кезеңі Парижде 13-14 қыркүйек күндері өтіп, оған 48 елдің гимнастшылары қатысты.
Маусым айында Ташкентте өткен үшінші кезеңде біздің гимнасттар бір күміс пен екі қола жүлде жеңіп алды. Екінші кезеңде (Словения, Копер) бір алтын және бір күміс иеленді.