Нарықтағы оптимизм мұнайдың құнын қымбаттатты

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
18018

Мұнай бағасы қатарынан үш күн өсті.

Нарықтағы оптимизм мұнайдың құнын қымбаттатты

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөздерінен туындаған оптимистік болжамның арқасында мұнай бағасы да көтеріле бастады. Қазіргі сәтте қара алтын құны 65 долларға жетер-жетпес межеде тұр. Бірер сағат бұрын баға 65 доллардан асып қайта түскен еді. Жалпы, бұл 2019 жыл үшін әзірге ең жоғары көрсеткіш екені белгілі.

Айта кетейік, мұнай бағасы ең соңғы рет өткен жылдың қараша айының ортасына қарай осы деңгейде болып, кейін біртіндеп 59 долларға дейін арзандаған болатын.

Қара алтынның қымбаттауының нақты себебі Ақ үйден жеткен хабарлама болды. Трамп әкімшілігінің мәліметінше, АҚШ Қытайдан келетін импорттық тауарларға баж салығын 10 пайыздан 25 пайызға көтеру мерзімін бұрын айтылғандай 1 наурыздан бастап емес, осы күннен тағы 60 күнге шегеруді ойластырып отыр екен.

Осы бейсенбіде АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучич пен сауда өкілі Роберт Лайтзайзер бастаған сауда делегаттары Қытайдың вице-премьері Тю Хе бастаған топпен жоғары деңгейдегі келіссөздерді бастады.

Осы келіссөздерден кейін Қытайдағы сұраныстың артқаны айтылып, артынша мұнай бағасы да көтерілген еді.

Қаңтар айында Қытайдағы мұнай импорты өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 4,8% ұлғайып, тәулігіне 10,03 млн баррельге жетті. Осылайша Қытай үш ай қатарынан тәуілігіне импорттайтын мұнай көлемін 10 млн баррельден асырып отыр.

АҚШ пен Қытайдың әлемдегі мұнай импорттаушы ең үлкен екі ел екені белгілі. Экономистердің айтуынша, егер екі ел сауда қатынасы бойынша нақты тоқтамға келе алмаса, әлемдегі экономикалық өсім бәсеңдеп, қара алтын құны құлдырап кетуі мүмкін.

2018 жылдың күзінен бастап жыл соңына дейін мұнай бағасы шамамен 85 доллардан 55 долларға арзандап кеткен еді. Қазір қайта қымбаттап келе жатқан жайы бар. Бағаның көтерілуіне негізгі экспорттаушы мемлекеттердің сатуды азайтуы болған еді.

Қара алтынның қымбаттай бастауына тағы бір себеп Венесуэладағы саяси тұрақсыздық. Жағдайдың мұнай нарығына міндетті түрде ықпал ететіні белгілі болғанымен, мұнай экспорттаушы елдер әлі де ешқандай шара қолданбай отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, ОПЕК+ келісіміндегі елдер мұнай бағасын көтеру үшін экспортты біртіндеп азайтып келе жатқанына қарамастан, оның мұнай бағасына әсер етпей отырғаны АҚШ секілді келісімде жоқ елдердің экспортты арттыруы. Яғни, ОПЕК пен оған мүше емес кей елдер әдейі нарықта сұранысты арттыру үшін ұсынысты азайтқанда кейбір елдер "босап қалған нарықты" өз өнімдерімен толтырып отыр. Бұл әрине, бірінші кезекте ОПЕК+ келісімін босқа кетіруі мүмкін. Соған қарамастан келісімдегі Сауд Арабиясы бастаған елдер экспортты әлі де төмендете түсуді жоспарлап отыр. Бірер күн бұрын Сауд Арабиясының энергетика министрінің Financial Times басылымына берген сұхбатында елдің келер айда өндірісті тағы 500 мың баррельге азайтқанын мәлімдегені соның дәлелі.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу