Нарынқол – агроөнеркәсіптік кешенді, Кеген туризмді дамытпақ

Қажет Андас Қажет Андас
4934

Алматы облысында жалпы аумағы 711 937 гектар болатын Кеген ауданы құрылды.

Нарынқол – агроөнеркәсіптік кешенді, Кеген туризмді дамытпақ

Былтыр Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинкте облыс әкімі Амандық Баталов тілшілердің Райымбек ауданының бөлінетіні туралы сұрағына:

"Облыста жаңа аудан құрылатынын қуана хабарлаймын. Шешім қабылданып қойды. Біз комиссия құрып, Нарынқолдағы мекемелерді аралап, жағдайды көріп қайттық. Келесі жылдың бюджетіне соның бәрін енгізіп, жоспарлаймыз", – деген болатын.

Сол қуаныш орындалды. Айталық, 31 наурыз күні елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы Жарлыққа қол қойды. Онда: "Алматы облысының Райымбек ауданын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Кеген ауылында орналасқан Кеген ауданы, әкімшілік орталығы Нарынқол ауылында орналасқан Райымбек ауданы әкімшілік-аумақтық бірліктері құрылсын", – делінген.

Осылайша табанды атқарылған жұмыс өз нәтижесін беріп, 7 сәуір күні жер жаннаты Жетісудың аспан асты елімен іргелес өңірінде жаңа аудан қайтадан ашылды.

 "Аудан "бөлінетін болыпты" деген хабар шыққалы шамамен 7-8 жыл болды. Алайда, күні кешеге дейін үміт пен күдік алма-кезек ойымызды онға, санамазды санға бөліп еді.  "Көп тілеуі көл" екен ғой. Халықтың ниетін Алла қабылдап, ойлаған арман орындады", – дейді ақын Айтақын Әбдіқал.

Бұрынғы  Нарынқол ауданының жетістіктерін облыс жұртшылығы жақсы біледі. Ауданда қой-ешкі малының саны  500 мыңдай болып, мемлекетке  өткізілетін жоспар үнемі орындалып отырған. Сондай-ақ, 40 мың гектар жердің 29 мыңы суармалы егістік болатын. Жыл сайын 3 мың гектардан астам жерге картоп отырғызып, одан да лайықты өнім алынып келген.

Алайда, Нарынқол мен Кеген аудандары қосылғалы бергі  жиырма бір жылда Нарынқолдың ажары қашқаны рас. Ел үдере Алматының маңы мен аудан орталығы Кегенді сағалап көшті де кетті. Жастардың бәрі алып шаһарды паналап, шалғайдағы ауыл шарасыз күйге түсті. Осы бір мәселе ауылдағы үлкендердің жанына батып, қабырғасын қайыстырып-ақ жіберіп еді.

Статистикаға сенсек, 1997 жылдың көктемінде бірнеше облыс жабылып, көптеген аудан тарқатылған болатын. Осының салдарынан 1997 – 2011 жылдар аралығында шекаралық аудандардағы 45 елдімекен еліміздің картасынан жойылып, 20-дан астам мектеп жұмысын тоқтатыпты. Сол тұста Алматы облысында Қапал, Үйгентас, Бөрілітөбе, Нарынқол сынды аудандар атауын өзгертті.  1997 жылы Нарынқол ауылында 12 мыңдай адам болса, бүгінгі күні соның 7 мыңдайы қалған. Шекараға жақын орналасқан Сүмбе, Сарыбастау, Текес және шекараның тура тұсындағы Ұзақ ауылында кезінде 5 мыңға жуық адам болса, қазір 3 мыңға жетер-жетпес халық тұрады.

Кезінде нарықтың талабымен біріктірілген Нарынқол мен Кеген өңірінің бүгінгі күні қайтадан бөлініп, бөлек аудан мәртебесіне ие болуы жоғарыдағы кемшіліктерді жоятынына сеніміміз мол

 "Жаңа аудан құрылған соң  жастар қайта оралып, жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс табылып, шашыраған Нарынқолдың тамырына қан жүретіні ақиқат", – дейді Райымбек  ауданының Құрметті  азаматы Жақсылық Байсеркеев.

Оларға көрсетілетін қолдау мен көмек аз болмайтыны анық. Өңір басшысы Жетісудың жетістікке жеткен жастарын қабылдағанда:

"Жаңа құрылатын ауданға қызмет етуге барамын деген әрбір жасқа қолдан келетін бар көмекті көрсетемін", – деген болатын.

Қос ауданда жаңа жұмыс орындарымен қатар, жаңа мүмкіндіктерге де жол ашылады.

 Деректерге қарағанда, Райымбек ауданында 9 миллион тонна көмір қоры бар. Бұл дегеніміз сол өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып, аудан бюджетін толықтыруға сеп. Өткен жылы шекара шебіндегі өңір тұрғындары кіріс көлемін еселей түсті. Төрт түліктің саны өсті. "Жетісу" ӘК" ҰК арқылы 850 млн теңге қаржы бөлініп, Голландиядан сортты картоп тұқымын алуға келісім жасалды. 

"Бүгінгі күнде картопқа қажеттілік Астана қаласында 68 мың, Алматыда 123 мың, Алматы облысында 438 мың тоннаға жетіп отыр. Нарынқолдықтар картоп шаруашылығын жандандыру мақсатында сервистік қызмет көрсету орталығын көптеп ашып, картоп өнімін саудаға шығарып, қаржы табуға да болады",  – дейді Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров.

Кеген ауданы туризм саласын дамыту арқылы аудан бюджетін нығайта түспек. Өткен жылы басталған Жалаңаш ауылынан Көлсай көліне дейінгі 8 шақырым жолды жөндеу жұмысы биыл аяқталады. Бұдан бөлек Қайыңды көліне дейінгі 12 шақырым жолдың жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Сонымен қатар, Көлсай көлінің бас жоспары жасалып,  туристік нысандар салынбақ. Өткен жылы аталған жерлерге 40 мыңға жуық турист келіп, демалып қайтыпты. Енді осы жерлердің инфрақұрылымы жақсарса, келіп-кетушілердің қатары арта түсетіні анық.

"Жер жағдайының мұмкіндігінен пайдаланып, экотуризмді дамытып, аудан кірісін еселеуге тырысамыз", - дейді Кеген ауданының шыт жаңа әкімі Талғат Байеділов.

 Нарынқол өздерін аспан асты еліміз деп асқақтап тұратын Қытаймен шегаралас жатқан елді мекен. Тас лақтырсаң қытайдың жеріне түсетіндей қашықтықта отырған ел іргесінің берік болуы ұлтымыз үшін де аса қажетті. Шекараның мықты болуы ондағы әскердің ғана емес, шеп бұзбай отыратын халықтың санына да байланысты екені түсінікті.

"Бөліндік деп бөркімізді аспанға ата мақтанғанда ел бөлініп жатқан жоқ. Аспантауларды мекен еткен Албан ата балалары тегі мен еліне көлеңке түсірмей, сол баяғы қалпында төсекте басымыз, төскейде малымыз араласып, күн кеше береміз", – дейді Райымбек ауданының бір топ беделді ақсақалдары.

 Қажет Андас, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу