NASA Жерге құлау қаупі төнген телескопты роботтың көмегімен құтқармақ

147

NASA құны 30 миллион доллар болатын арнайы операцияға дайындалып жатыр.  

NASA Жерге құлау қаупі төнген телескопты роботтың көмегімен құтқармақ Фото: facebook/Abovethenormnews

Негізгі мақсат – орбитасы төмендеп бара жатқан және Жер атмосферасына оралу қаупі туындаған Swift ғарыш обсерваториясын құтқару. Оның аясында роботтандырылған аппарат ұшырылмақ. Бұл туралы Associated Press агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

NASA агенттігі Katalyst Space Technologies компаниясымен келісімшартқа отырды. Компания Swift обсерваториясын жоғары орбитаға шығаруы тиіс. Осы мақсатта үш роботтық манипулятормен жабдықталған аппарат әзірленді. Ғарыш аппараты сейсенбі күні ұшырылуы мүмкін.

Swift обсерваториясы 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Swift телескопы жаңа астрономиялық құбылыстарды, әсіресе гамма-сәуле жарқылдар мен жұлдыздардың жарылыстарын жедел бақылау үшін жасалған. Соңғы уақытта Күн белсенділігінің күшеюіне байланысты оның орбиталық биіктігі барған сайын жылдам төмендей бастады. Миссияны сақтап қалу үшін телескопты жоғары әрі тұрақты орбитаға көшіру қажет.

"Хаббл" ғарыш телескопы да Swift сияқты Күндегі жиі болатын жарқылдардың әсерінен біртіндеп төмен түсіп келеді. NASA роботы Swift телескопын қауіпсіздеу орбитаға көтеруге тиіс.

"Бұл – осындай міндетті орындайтын америкалық алғашқы ғарыш роботы. NASA-ның көптеген ірі ғарыш обсерваториялары бар. Тиісті миссия ғарышта жұмыс істеуге арналған жаңа құралдың пайда болғанын көрсетуі керек", – деді Katalyst Space бас директоры Гонхи Ли.

Автономды Link аппаратына Swift-ке жетіп алу үшін шамамен бір ай қажет. Одан кейін обсерваторияның орбитасын қазіргі 360 шақырымнан жоспарланған 600 шақырымға дейін көтеруге тағы бірнеше ай кетеді. Құтқару операциясы телескоптың биіктігі 300 шақырымнан төмен түспеген жағдайда ғана мүмкін болмақ. Соңғы есепке сәйкес, Swift бұл межеге қазан айында жетуі ықтимал.

Миссия сәтті аяқталған жағдайда, Swift ғылыми жұмысына қыркүйек айында қайта оралуы мүмкін. Құны жүздеген миллион доллармен бағаланатын телескоп жөндеуге немесе роботтандырылған жүйелер арқылы ұстап алуға арналмаған. Жедел құтқару миссиясы жүзеге аспаса, Swift ғарыш телескопы Жерге құлауы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу