НАТО-ның жаңа стратегиясында Ресей – "бірінші қауіп", ал Қытай – "сынақ"

4715

Мадрид саммитінің нәтижесінде Финляндия мен Швеция НАТО-ға шақырту алып, Украинаға әскери көмек күшейтіліп, альянстың Мәскеу мен Бейжіңге қатысты жаңа концепциясы жариялануы мүмкін. 

НАТО-ның жаңа стратегиясында Ресей – "бірінші қауіп", ал Қытай – "сынақ"

Түркия ветоны алып тастағаннан кейін Финляндия мен Швецияның НАТО-ға қосылуына жол ашылды. Осы шешім қабылданған екі күндік саммитте АҚШ бастаған әскери альянс Ресей мен Қытайды шектеуге бағытталған кең ауқымды стратегиясын жариялауға әзірленіп жатыр.

Сейсенбі күні Мадридте өткен келіссөздерден кейін Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған мен оның финдік және шведтік әріптестері бір-бірімен қауіпсіздік келісіміне қол қойып, екі скандинавиялық елдің Солтүстікатланткалық одаққа өтуіне кедергі жойылды. Үш жақты мәмілеге сәйкес, Финляндия мен Швеция АҚШ пен Еуропа одағы лаңкестік топтар тізіміне қосқан, ал Анкара Түркияның ұлттық қауіпсіздігіне қатерлі деп таныған Күрдістан жұмысшылар партиясының мүшелері мен оның Сириядағы бөлімшесіне соққы беріп, түріктің қорғаныс өнеркәсібіне эмбарго жарияламауға және "қылмыскер-террористерді" экстрадициялауға уәде берген.

"Біз саммитте Швеция мен Финляндияны мүшелікке шақыру туралы шешім қабылдаймыз", – дейді НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг ондаған жылдар бойы ұстанған бейтараптық саясатынан бас тартып, мамыр айының ортасында альянсқа қосылуға өтініш берген екі ел туралы.

Енді Финляндия мен Швецияның өтінімдерін НАТО-ға мүше мемлекеттердің парламенттері мақұлдауы керек. Бұл процесс біраз уақыт алуы мүмкін.

1949 жылы құрылған НАТО АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп дәуірінде ішкі алауыздықтан зардап шегіп,  Ауғанстандағы сәтсіздіктерге ұшырады. Ал ақпанның 24-де Ресей армиясының Украинаға басып кіруі оған жаңа серпін берді деуге болады.

"Біз Путинге "сіз бізді жеңе алмайсыз" деген ескерту жолдаймыз", – дейді Испания Премьер-Министрі Педро Санчес.

Сейсенбі күні Испания корольдік сарайында кешкі аспен басталған НАТО саммиті осы ұйымға крімейтін  Австралия, Жаңа Зеландия, Жапония және Оңтүстік Корея басшыларын да қарсы алмақ.

НАТО ақпанның басында осы одақтың Еуропадағы кеңеюін және Батыс жетекшілік ететін халықаралық тәртіпті құптамайтынын білдіріп, мәлімдеме жасаған Қытай мен Ресейге қарсы тұру үшін НАТО-ға мүше емес бұл елдермен тығыз қарым-қатынас орнатуға ұмтылып отыр.

Одақтастар НАТО-ның соңғы онжылдықтағы бірінші жаңа стратегиялық тұжырымдамасы бойынша келісуге дайын.

Бұл стратегиялық концепцияда Ресей НАТО үшін "бірінші қауіп" ретінде белгіленеді, дейді испан үкіметінің жетекшісі Санчес.

Айта кетсек, осыған дейін РФ НАТО-ның стратегиялық серіктесі ретінде қарастырылды.

"Ресейдің Украинаға басып кіруі біздің батыстық өмір салтымызға тікелей қауіп төндіріп отыр", – дейді Бельгия Премьер-Министрі Александр де Кро, соғыстың энергия мен азық-түлік бағасын өсіргеніне сілтеме жасап.

Батыс үшін Бейжің ізгі ниетті сауда серіктесінен Арктикадан киберкеңістікке дейінгі аралықтағы қарқынды бәсекелеске айналып келеді. Сондықтан 30 елдің басын қосқан альянс Қытайды алғаш рет осы жолғы стратегиясында "біздің құндылықтарымызға, мүдделерімізге және қауіпсіздігімізге сынақ" сипаттады.

"Путин аз ғана НАТО-ны қалап еді..."

Альянс лидерлерінің сөзінше, Ресейдің Украинаға ашқан соғысы Балтық елдерінде енді НАТО-ға шабуыл жасалады деген қауіп туындатты. Ал Қытайдың Ресейден айырмашылығы сол – ол НАТО-ға қарсылас емес. Дегенмен Столтенберг Бейжіңді Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптауға қайта-қайта шақырып келеді.

Саммитте НАТО Киевке уәде етілген қару-жарақ пен миллиардтаған долларлық қаржылық қолдауға қоса, Украинаға ұзақ мерзімдік әскери жәрдем пакетін ұсынуға келісуі керек.

Германия канцлері Олаф Шольц Украинаға арсенал жеткізуді жалғастырып, ресейлік артиллерияны жеңу үшін, әсіресе, Донбасс үшін шайқасып жатқан украиналықтарды қарумен қолдауға дайын екенін білдірді.

"Біздің жолдау мынадай: Мұны жалғастыра береміз, қарқынды түрде жалғастырамыз – Украинаға өзін қорғау үшін қанша қажет болса, оған сонша жәрдем береміз", – дейді Шольц.

Сонымен бірге АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Канада сияқты ірі одақтастар Балтық елдеріне әскер, қару-жарақ пен өзге де техниканы алдын ала бөлуге және оқу-жаттығуларды күшейтуге уағдаласуға әзір. Бұған қоса, Мадрид саммитінде НАТО  қақтығыс басталып кеткен жағдайда жедел әрекет ететін әскерінің санын 8 есеге арттырып, 40 мыңнан 300 мың жауынгерге жеткізу жайлы келісім жасауы мүмкін.

Батыс елдері басшыларының ойынша, Путиннің Украинадағы соғысы кері нәтиже беріп отыр. Өйткені оның көрші мемлекетке әскер кіргізуінің бір мақсаты – НАТО-ның кеңеюіне жол бермеу еді. Алайда сол НАТО-ға тағы екі ел қосылса, Ресей Трансатлантикалық альянстың толық қоршауында қалайын деп отыр.

Ресеймен 1300 шақырым ортақ шекарасы бар Финляндия да, Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының отаны Швеция да енді НАТО-ға жақсы дайындалған қарулы күштерін тартып, альянстың Балтық теңізі аймағында үстемдік етуіне үлес қосуды көздеп отыр. .

"Путин аз ғана НАТО-ны қалап еді, енді ол Ресей шекарасы маңында көбірек НАТО-ны көрейін деп отыр", – дейді Столтенберг.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу