banner

НАТО Украинаға берілетін көмекті арттырады – Асхат Қасенғали

1963

Польша жеріне зымыранның түсуі Украинадағы ПВО және ПРО жүйелерінің аздығынан туындап отыр.

НАТО Украинаға берілетін көмекті арттырады – Асхат Қасенғали Фото: bugin.kz

Польша аумағына түскен зымыранға қатысты жағдай әлемді әрі-сәрі күйге түсіргені рас. Аталған оқиғадан кейін әлемдегі жағдай қалай өзгеруі мүмкін? Ресей мен Украина арасындағы соғыста қандай өзгерістер болуы ықтимал? Іnbusiness.kz-тің осы және өзге де сұрақтарына белгілі саясаттанушы Асхат Қасенғали жауап берді. 

– Әлемді алаңдатқан оқиғадан кейін саяси аренадағы жағдай қалай өзгеруі мүмкін?

– Қазір Польшаға түскен зымыранның қай тарапқа тиесілі екенін анықтау маңызды болып тұр. Сондай-ақ оның қасақана атылғанына немесе Польша жеріне абайсызда түскеніне нақты көз жеткізу де маңызды. Әсіресе, Польша мен НАТО осыған ерекше ден қойып отыр. Таралып жатқан соңғы ақпараттарға сүйенсек, бұған "ойластырылмаған әрекет" деп баға берілуде. Польша президенті де аталған оқиғаға қатысты дәл осындай мәлімдеме жасады. Демек, шиеленісті басудың алғашқы алғышарттары жасалып жатыр. Сондықтан орын алған оқиғаға қатысты Ресей мен НАТО арасында туындауы мүмкін шиеленістің деңгейі төмендеді деп айтуға болады. 

–  Зымыран кімдікі болуы мүмкін?

– Кеше Ресей соғыс басталғалы бері Украинаға қарсы алғаш рет өте ауқымды шабуыл ұйымдастырды. Украинаның инфрақұрылымына зымырандармен толассыз соққы жасады. Осы зымырандардың бірі болуы мүмкін деген болжам бар. Екінші бір болжамға сүйенсек, Ресейдің атқан зымырандарын қағып түсіруге тырысқан Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғанысының (ПВО) зымыраны болуы ықтимал. Сондықтан зымыранның қай тарапқа тиесілі екенін нақты айту қиын. Анықтау жұмыстары әлі де жалғасады. Оған Польша ғана емес, НАТО-ның өзге де мемлекеттері өз сарапшыларын жібереді. Себебі бұл жерде Польшаның ғана емес, НАТО секілді үлкен бір әскери блокқа мүше мемлекеттердің де тағдыры тұр. Сондықтан олар бұл жағдайды зерттеп, зерделеуге мүдделі. 

– Бұл жағдай Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қандай өзгеріс әкелуі мүмкін?

– Қазір болып жатқан оқиғалар соғысқа кішігірім болса да өзгерістер алып келері даусыз. Ең алдымен НАТО мемлекеттері және басқа да елдер Украинаға ПВО (әуе шабуылына қарсы қорғаныс) және ПРО (зымыранға қарсы қорғаныс) жүйелерін көбірек беруге мүдделі болады. Өйткені, орын алған оқиға Украинадағы ПВО және ПРО жүйелерінің аздығынан туындап отыр. Көбірек болғанда, мұндай жағдай орын алмас еді, бәлкім. Сондықтан Украинаның Батыстағы серіктестері осы бір олқылықтың орнын толтыруға тырысады. Бұл бір. Екіншіден, Польша соғыс басталғалы бері Украинаға ең көп көмек көрсеткен елдердің алғашқы бестігіне еніп тұр. Сондықтан Польша Украинаға берілетін көмекті еселеп арттыруы мүмкін. Сондай-ақ Ресеймен шекаралас жатқан Латвия, Литва, Эстония секілді Балтық елдері де Украинаға берілетін көмекті арттыра түсуі ықтимал. Түптеп келгенде, осы оқиғадан кейін Украинаның әуе және зымыран шабуылдарынан қорғану деңгейі айтарлықтай жақсарады деп болжам жасауға болады.  

– Бүгін Германияның "Рамштайн" әскери базасында Украинаға көмек беруге қатысты жиын өтеді. Бұл кездесуде Украинаға ПВО және ПРО жүйелерін көптеп беру туралы әңгіме қозғалуы мүмкін бе?

– Мүмкін емес, міндетті түрде қозғалады. Бұл жиыннан бөлек бүгін НАТО мемлекеттерінің онлайн форматта бейресми кездесуі өтеді. Мұнда да Польшадағы жағдай талқыланады. Мұндай келеңсіздіктер қайталанбас үшін қандай қадамдар жасау керектігі пысықталады. Екі кездесудің түпкі қорытындысы бойынша Украинаға ПВО және ПРО жүйелерін көптеп әрі жедел беру туралы шешім қабылданады деп ойлаймын. 

– Орын алған оқиғадан кейін НАТО немесе басқа мемлекеттер тарапынан Украинаға көрсетілетін көмек көбейсе, "соғыс ертерек аяқталады" деп болжам жасауға бола ма? 

– Бұл жерде қос тарап компромиске қаншалықты келе алады деген мәселе маңызды. Өздеріңіз білетіндей, қазір Украина билігі Ресеймен келіссөз жүргізуге қарсы емес. Бірақ нақты үш талап қойып отыр. Біріншіден, Ресей Украина жерінен біржола кетуі керек. Екіншіден, Ресей соғыста келтірілген әскери шығындардың бәрін өтеуі қажет. Яғни репарация мәселесіне мән беріп отыр. Үшіншіден, алдағы уақытта Ресей мұндай соғыс ашпауы үшін кепілдік беруі керек. Украина кепілдік тек қағаз жүзінде болмаса екен дейді. Сондықтан Украина аумағына кімде-кім шабуыл жасайтын болса, қару-жарақ пен ақпараттық көмек көрсете алатын гарант мемлекеттер болуы керек деп санайды. 

– Ресей бұған келісер ме екен?

– Әлбетте, келіспейді. Өйткені, Ресей осы жылдың 21 қыркүйегінде заңсыз референдум жүргізіп, Украинадағы оккупацияланған төрт аймақты өзінің жері деп жариялады. Ал Ресей Конститутциясына назар аударсақ, онда "біздің жерімізді тартып алуға жасалған кез келген әрекет Ресейді құлатуға жасалған әрекет болып саналады" деген мағынадағы жолдар тайға таңба басқандай жазылған. Демек, келіссөздер жүргізуге Ресей Конституциясының өзінде қарсылықтар бар. Сондықтан компромиске келу өте қиын болады. Бірақ кез келген соғыс ұрыс даласында жалғасқанымен, үстел басында келісіммен аяқталады. Түптің түбінде бұл соғыс бәрібір аяқталады. Қазірдің өзінде бейресми негізде біз білмейтін алаңдарда үшінші тараптар арқылы келіссөздер жүргізіліп жатуы әбден мүмкін. НАТО тарапынан Украинаға қару-жарақ көбірек берілсе және Украина оны Херсон мен Харьковті азат еткендей тиімді қолданса, соғысты үстел басында аяқтау мүмкіндігі жоғарылай түседі. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу