Наурыз мейрамын қазақстандықтар қалай тойлап жүр?

Наурыз десе, көз алдымызға алтыбақан мен ақсүйек, аударыспақ пен арқан тартыс келеді.  

Наурыз мейрамын қазақстандықтар қалай тойлап жүр? Фото: aqorda.kz

Көбіміз ұлттық тағамдар, ұлттық киім, ұлттық спорт түрлерімен байланыстырамыз. Ата-бабамыз Наурызды қалай тойлады? Осы туралы Наурыз мерекесін зерттеп жүрген белгілі этнограф, әлеуметтанушы Серік Ерғалидан сұрап көрдік.

Этнограф Наурыздың сипатында ұлттық мерекеден гөрі жалпыхалықтық мейрам жағы басымырақ екенін айтады.

"Наурыз – көшпелі қазақ халқымыз үшін ерекше мейрам, көктемнің, жаңа өмірдің бастауы. Жалпы түркілік жаңа жыл болып саналады. Біз өзіміздің ұлттық ойындар, ұлттық киім сияқты құндылықтарымызды осы күнге әкеліп қосақтап қойдық. Ұлттық құндылықтарды құрметтеу үшін жылдың үш жүз елу бес күні бар. Ал Наурызды өзінің атрибуттарымен тойласақ, нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен бұрын біздің бала кезімізде киіз үйдің ішіндегі заттарды шығарып, жаңаларына ауыстырып, жаңа киімдер киіп, үлкендерге құрмет көрсетіп, халық өзі тойлайтын. Құлақ құрышын қандыратын ән мен би де болды. Кез келген мереке дәм, өң, үн деген үш нәрсе арқылы есте сақталады", - деді этнограф.

Тарихи деректерден көне дәуірде бұл күндері әр жерге үлкен от жағып, отқа май құйғанын, жаңа жеті дәнге қарап болашақты болжағанын, жеті ақ кесемен дәстүрлі Наурыз көже ұсынғанын, ескі киімдерін тастап,  ескірген шыны аяқты сындырғанын, күл-қоқыстардан құтылып, бір-біріне гүл сыйлағанын, үйге күн символын салу дәстүрі де болғанын оқимыз.

Этнограф Наурызды тоғыз күн тойлауымыз керек екенін айтады. Ұлық мереке он төртінші наурыздан бастау алады. Ол қазір Ақпарат және мәдениет министрлігі осы бастаманы қолға алып, биылдан бастап Наурыз Көрісу күнінен бастап ұлықталып жатқанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, Көрісу – батыстың ғана емес, жалпы қазақ халқының ұлық мерекесі. Тек еліміздің батыс өңірі осы мерекені сақтап қалып, бүгінге дейін тойлап келді, басқа өңірлер Кеңес одағының қыспағында ұмыт қалдырды.

"Биылға дейін бір әттегенай дейтініміз бар еді. Бас мейрамымызды мерекелеу жағында кемшін тұстар болды. Биыл Наурызды тойлау тұжырымдамасы енгізіліп, он күн тойлайтын болдық. Бұған дейін Наурызды дұрыс мерекелеп келген жоқпыз. Тек күн мен түннің теңелген күнін ғана атап өттік. Наурыз тек күн мен түннің теңелген күнінен ғана тұрмайды. Ол – жылдың басы, астрономия жағынан да жыл санаудың басталатын уақыты. Осы мерекені зерттеп жүрген этнограф ретінде тоғыз күн тойлау тұжырымдамасын ұсындым. Бұл ұсыныс неге негізделген? Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазбаларында осы мейрамды бірінші наурыздан сегізінші наурызға дейін тойлағанын көреміз. Бұл – қазіргі күнтізбе бойынша наурыздың он төртінен жиырма екісіне дейінгі уақыт. Шәкәрімнің, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің, Абайдың, Жүсіпбек Аймауытовтың өлеңдерінен осыны көреміз. Еліміздің батысында да, шығысында да, оңтүстікте де, солтүстікте де болған. Кеңес Одағының кезінде 1926 жылдан бастап осы мерекені ұмыттыруға тырысты, тойлауға тыйым салды. Бірақ қарапайым халық Наурыз көже пісірді, көрісті. Осылай ежелден келе жатқан ұлттық мерекеміз халық есінде сақталып қалды. Десек те Наурызды мерекелеу сипатын жоғалтып алдық. 1988 жылдан бастап Колбиннің рұқсатымен Наурызды мерекелей бастадық. Бірақ этнографиялық еске алу көрінісінде сипат алды. Тұсау кесер, беташар сияқты рәсімдер сахналанып, оның көрермендері болды. Ал бұрын жалпы халық болып мерекені тойлаған еді", - деді ол.

Ол он төртінші наурыздың күнтізбеде қызылмен белгіленетін, мереке күні болуын армандайтынын айтты. Сондай-ақ Наурыздың атрибуттарына сай мерекелеуді ұсынды.

"Наурыздың бірінші күні – шуақ күні, ел жұрт бірі-бірімен көрісіп, махаббат пен шуақ сыйлап, энергия алмасады. Екінші күн – жаңару күні, үйдің ішіндегі ескі заттарды тастап, жаңару, тазару күні ретінде аталып өтіледі. Үшінші күн жайнау күні, әдемі киімдерді киіп, айнала түрлі түске енеді. Төртінші күн – шаттық күні, құлақ құрышы қанатын ән мен күй тыңдап, бір серпіліп қалады. Бесінші күн – береке күні, Наурыз көже пісіреді. Алтыншы күн – тағзым күні, ата-бабаларын еске алып, туыс туған болып, бас қосу өткізу. Жетінші күн – өркен күні, ұрпағына көңіл бөліп, балаларға түрлі сыйлықтар жасалады", - деді ол.

Осы ретте Астана тұрғындарынан Наурыз мейрамын қалай тойлап жатқанын сұрап көрдік.

Астаналық Әйгерім Бейсенбекова Наурызды жыл сайын отбасымен қарсы алады. Ол мерекені патриоттық сезімін оятатынын айтады.

"Наурызда ұлттық киімдерімізді киіп мәз болып қаламыз. Қазақ халқының ұлттық әшекей бұйымдары ерекше әдемі. Мәселен, шолпы, бесбілезік, алқа, сырға сияқты бұйымдарымыз сылдырлап кетіп бара жатқанын естудің өзі ғанибет. Көшеде қазақтың ән, күйі ойнап жатады. Мерекені отбасыммен бірге қарсы аламын. Анам Наурыз көже әзірлейді. Туыстарыма көрісуге барамыз. Осы мереке кезінде қазақтың ұлттық ойындары, ұлттық дүние танымы туралы қанығып қаламыз. Тәуелсіздік күнінен кейінгі басты мерекеміз деп ойлаймын", - деді ол.

Ал алпыс үш жастағы астаналық әжей Мақпал Еркінова жаңа жылда құран оқытып, дастархан жайып, тілек тілейтінін айтады.

"Жаңа жылда ата-бабаларымыздың рухына құран бағыштаймыз. Дастархан жайып, тілек тілейміз. Қазақтың жаңа жыл мерекесі болғандықтан, сыйлық сыйлаймыз, жақындарымызды қуантамыз", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу