Назарбаев Зияткерлік мектептеріне қатысты шу шықты

5973

Ата-аналар мемлекеттің не себепті мемлекеттік тілдегі топтарды кемсітіп отырғанына қайран қалады.

Назарбаев Зияткерлік мектептеріне қатысты шу шықты

Назарбаев Зияткерлік мектептері (НЗМ) – еліміздегі ең озық білім ордаларының бірі. Онда оқу ауыл мен қаладағы әрбір дарынды шәкірт үшін арман деуге болады. Алайда бәріне бірдей НЗМ орын тауып бере алмайды. Орын шектеулі. Сондықтан ең таңдаулыларын іріктеп алу үшін университетке түскендегідей тестілеу тапсыртқызады. Соның қорытындысында қай бала ең көп бал жинаса, солар "Өркен" атты мемлекеттік грантқа ие болып, "назарбаевтық мектептерге" түседі.

Алайда ата-аналардың мәліметінше, соңғы жылдары бұл салада халыққа түсініксіз саясат жүргізіле бастапты. 

Жас дарын Шыңғыс Алматыдағы НЗМ-ге кешенді тестілеуден сүрінбей өтеді. Алайда түсе алмаған. Себебі, қазақ топтарына грант азайтылған.

"Балам қазақ тобына тапсырып, жоғары 1172 балмен 112-ші орынға шықты. Бұрынғы жылдары мұндай балмен еркін түсіп кететін еді. Бірақ биыл неге екені белгісіз, қазақ топтарына небары 100 орын бөліпті. Керісінше, орыс тобына гранттар санын биыл 2021 жылдағыдан күрт арттырып, 28 орынға көп бөлген. Қазақ топтарына орын жыл сайын азайтылып келеді. 2021 жылы – қазақ тілділерге 120 грант, орыс тобына 72 грант болды. 2022 жылы – қазақ тобына 100 грант, орыс тобына 100 грант болды", – деп ашынады Шыңғыстың әкесі Марат Қызылбаев.

Әрине, білмейтіндер "орысша оқығысы келетін балалардың үлесі еселеп артқан шығар" деп топшылар. Өйткені ара-тұра телеарналар орыс сыныбын ашуды талап еткен ата-аналарды көрсетіп қоюды ұнатады. Шынында, елде қазақша оқығысы келетіндер көбеюде.

"Биылғы 2022 жылы қазақ тобына 100 грант қана берілді, оған 1 483 бала үміттенді. Орыс тобына 100 грант арналды, оларда 695 бала ғана тапсырды. Бұл былтырғыдан аз. Қазақ тілінде орысшасына қарағанда 230 пайызға көп бала тапсырған. Онда неге қазақ емес, орыс тобына грантты көбейтеді? Қазақ тобында 1 орынға 15 баладан таласады, орыс тобында 7-ге де жетпейді. Биліктің мұнысы не дискриминация? Неге өз жерінде отырған дарынды қазақ балаларына бірдей мүмкіндік бермейді?", – деп сауал тастады Марат.

Мұндай жағдай Алматыда ғана емес, өзге өңірлерде де кездеседі екен. Елорда тұрғыны Мира Бимағамбетованың баласы НЗМ-нің 7-ші сыныбына түсуге тест тапсырыпты. Ол да биліктің "Өркен" білім гранттарын бөлу бойынша ұстанымының тосын өзгерісін түсінбепті.

"2022–2023 оқу жылына арналған байқау нәтижелері бойынша Нұр-Сұлтан қаласында НЗМ-ге қазақ бөліміне – 75 және орыс бөліміне – 75 грант бөліп, негізсіз паритет жасап қойыпты. Бұған дейінгі жылдары аз-кем болса да мемлекеттік тілдің өркенін өрістетуге мән берілетін еді. Мысалы, 2021–2022 жылдары қазақ бөліміне 96, ал орыс бөліміне 72 орын бергені есте. Сондай-ақ 2022–2023 оқу жылына НЗМ-нің физикалық-математикалық бағытына 4 сынып бойынша қос бөлімге 100 орыннан бөлді. Оның алдында, 2021–2022 жылдары қазақ бөліміне 120, орыс бөліміне 96 грант үлестірілген еді. Үкімет бірінші кезекте мемлекеттік тілде білім беруге баса көңіл аударуы қажет, бұл – заман талабы! Ендеше жаңа оқу жылына қазақ және орыс бөлімдеріне бірдей грант бөлінуіне қарсымыз! Мұнысы мүлдем орынсыз", – деді Мира.

Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы НЗМ-ге түсуге үміткерлердің ата-анасы Үкіметке шағымхат жазды. 5 маусымдағы референдумда халқымыз Әділетті Қазақстан үшін дауыс берді. Олардың байламынша, биліктің мына шешімі әділдікке жақ емес.

"Қазіргі кезде келешек ұрпақты қазақтың биік рухында тәрбилеуге бет қойып отырмыз. Болашақта Жаңа Қазақстанды жоғарғы деңгейге көтеріп, оның өсіп-өркендеуіне үлес қосатын да осы балаларымыз, жастар! Ал мемлекет болса, олардың қанатын қырқып отыр. Өскемендегі НЗМ-нің 7-сыныбына орыс тіліндегі бөлімде небары 767 балл жинаған балалар түсіп кеткен. Ал қазақ тіліндегі бөлімге тіпті жоғарғы 962 балл жинаған балалар түсе алмады. Себебі, 2022–2023 оқу жылына 3 қазақ және 2 орыс сыныптарын қабылдау жоспарланыпты. Қазақ сыныптарынан келген балаларымыз орысша оқитын балаларға қарағанда жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. Тәжірибе көрсеткендей, конкурстық іріктеу кезінде жоғары нәтижеге қол жеткізбеген оқушылар жыл көлемінде бәрібір оқу үлгерімі нашар болып, мектептен жиі шығарылады", – деді өскемендік ата-аналардың белсендісі Нұрғиза Нұржанова.

Өскемен – империяшыл сыртқы зәлім күштер сөз сұғын қадам отырған орыстілді мекен саналып келді. Бірақ қаңтар оқиғаларынан кейін бәрі өзгере бастады, тұрғылықты ұлт еңсе тіктеді. Баласын қазақ мектептерінде оқытқысы келетін өзге ұлт өкілдері көбейді. Демек, мемлекеттің осы үрдісті ескергені, әрі осы трендке серпін бергені абзал. Әзірге шенеуніктер мүлдем керісінше жасап отырғанға ұқсайды.  Өскемендік аналардың айтуынша, 2021–2022 оқу жылында жергілікті НЗМ-де 4 қазақ және 1 орыс сыныбына балалар қабылданыпты. Биыл қазақ бөлімі бір сыныпқа қысқартылды, ал орыс бөлімі біреуге көбейтілді. Ата-аналардың пікірінше, егер билік үшін орыс сыныбын көбейту принципті маңызды болса, жасай берсін, бірақ ол үшін неліктен қазақ сыныптары азайтылуы керек?

"Қазақша оқитын бала жетіспесе, немесе қазақ мектептеріндегі оқушылардың білімі жоғары деңгейге сәйкес келмесе, бір сірә. Егер мектептің негізгі талабы – оқушылардың жоғары білімі мен дағдылары болса, онда біздің балалар осы талаптарға толық сай келеді! Егер іріктеу комиссиясы әділ шешім шығарса, жоғары балл алған қазақ тілді балалар неге оқуға түсе алмады? Қазақ балалары өзінен әлдеқайда төмен балл алған орыс тілді балалар оқуға түсіп кеткенін, әділдіктің жоқтығын көріп, Әділетті Қазақстанға күмәнданбай ма? Елімізде қазақ тіліндегі бала-бақша, мектептерді көбейтіп, балаларымыз ана тілінде оқып үйренсін деп отырғанда, мынандай әділетсіздік болса, ертең орыс сыныптарында балалар саны көбейіп, қазақ сыныптары азайып кетпесіне кім кепіл? Біздің аймақта БИЛ мен НЗМ-нен басқа дарынды балалар оқитын мектеп жоқ, терең білім алғысы келген балаларымыздың мүмкіндіктері шектеулі болып тұр. Осыған байланысты қазақ тілінде қосымша сыныптар ашуды өтінеміз!", – дейді өскемендік ата-аналар Үкіметке хатында. 

Ақтөбе қаласының тұрығыны Лия Жадырасынова да "Тұңғыш Президент-Елбасының "Өркен" білім беру грантын" бөлу қорытындысына көңілі толмайды.

"Жалпы, жыл сайын Ақтөбедегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне 4 қазақ сыныбына 96 грант, орыс сыныбына 48 грант бөлінетін. Статистикаға сүйінсек, біздің облыста 2022 жылғы 1 маусымда тұрғындар саны 909,7 мың адамға жетті. Өзге елді мекендерді қоспағанда тек Ақтөбе қаласы бойынша 47 қазақ мектебі, 31 аралас мектеп және бар-жоғы 7 орыс мектебі бар. Жылдан жылға қазақша оқитын бала саны өсіп жатыр. Ендеше неге билік осыны ескеріп, грант санын көбейтпейді, НЗМ-де қосымша қазақ сыныптарын ашпайды? Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды "Балалар жылы" деп жариялады. Неге онда балаларға қамқорлық, мемлекеттік тілдегі білімге жанашырлық көрсетпейді?", – дейді ақтөбелік белсенді.

Ата-аналар барлық өңірде топтасып, жоғарғы жаққа ұжымдық хат жазуда. Олардың айтатын тілегі біреу ғана – мемлекеттік тілдегі "Өркен" гранттарының санын арттыру. Орыс тілділер Ресейге барып та оқи алады. Ал қазақ тілділер Қазақстандағы оқу орындарын таңдайды.

Сол себепті ата-аналар НЗМ-де қазақ бөлімі бойынша қосымша сыныптарды ашуды талап етеді. Талабын билік естімесе, көшеге шығуы да ықтимал екен. Негізсіз емес: қазақ бөлімдеріне грант санының кемітілуі кесірінен жоғары балл жиған қазақтілді балалардың өзі сырт қалып тұр. "Балалар жылы" билік балаларға қиянат жасамақ па?

Оқу-ағарту министрлігі шағымдардың қарауға алынғанын және тиісті жауабы берілетінін айтып, қысқа қайырды.

Жалпы, гранттар санын көбейту қажеттігін статистика да растайды. 2016 жылы бірінші сыныптың табалдырығын аттаған бүлдіршіндер саны 2015 жылғыдан әлдеқайда көп болды: тиісінше, 340 мың және 381 мың бала. Тиісінше, НЗМ-нің 7-ші сыныбына түсетін балалар саны да өсуде. НЗМ-нің сайтында келтірілгендей, елордада НЗМ-нің қазақ бөлімдерінде оқуға былтыр 714 бала тілек білдірсе, биыл олардың саны 936-ге жетті.

НЗМ дербес білім беру ұйымы гранттар бөлініп болғанын алға тартады.

"2022 жылдың 8 маусымында министр Асхат Аймағамбетовтың төрағалығымен БҒМ-де Тұңғыш Президент-Елбасының "Өркен" білім беру грантын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өткізілді. Онда физика-математикалық бағытта – Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай, Семей, Талдықорған, Тараз, Орал, Шымкент қалаларындағы, химия-биологиялық бағытта – Ақтау, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Түркістан, Өскемен, Шымкент қалаларындағы НЗМ-дерге 2022–2023 оқу жылында қазақ және орыс тілдерінде 7 сыныптардан бастап білім алуға іріктеу конкурсының қорытындысы шығарылды", – деп хабарлады ұйым.

Жалпы алғанда, еліміз бойынша 24 045 үміткер-оқушы байқауға қатысты. Өткізілген кешенді тестілеу нәтижелері бойынша "Математика" және "Сандық сипаттамалар" бөлімдері бойынша 10 452 үміткерге "Өркен" білім беру грантын тағайындауға ұсыным берілген.

Алайда грант саны шектеулі. Сондықтан Республикалық комиссия отырыс қорытындысында 2022–2023 оқу жылында НЗМ-нің 7-ші сыныптарында білім алу үшін тек 2 728 үміткерге "Өркен" грантын берді. Жоғары балға ие қалған 7 724 үміткер "резервтік тізімге" енгізілді.

Жаңа Қазақстан қаңтар оқиғаларынан бастау алды. Ал қаңтардағы бейбіт шеруге шығушылардың бір талабы да мемлекеттік тілді заңды, биік тұғырына көтеру болды. Олай болса, мемлекет жоғары балл жинаған қазақ тілді дарынды оқушыларға қосымша "Өркен" грантын бөліп, жаңа сыныптар ашса, ел бір қуанып қалар еді. Әйтпесе, елде жас дарындарға барлық жағдай жасалуда деп көлгірсудің қажеті не?

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу