Не бел, не белбеу кетеді

2257

Қазақстан футзал құрамасы 24 қаңтар күні екінші ойынын өткізеді. Құрлықтық додадағы бұл қарсыласымыз осал емес. Финляндияны жеңбесек жарыстан шығып қалуымыз мүмкін. 

Не бел, не белбеу кетеді

Финляндия құрамасы іріктеу сынында Италиямен бір топта өнер көрсеткен. Алайда екі матчта да италиялықтарға шамасы жетпеді. Бірінші матчта 7:4, екінші ойында 4:2 есебімен "скуадра адзурралықтар" басым түсті. Италияның деңгейі жоғары екені түсінікті. Алайда одан кейін Финляндия құрамасы Черногорияны аямай жеңді. Алғашқы матчта 6:1, сырттағы матчта 2:1 есебімен қарсыласын тізе бүктірді. Соңғы матчта "суоми" құрамасы Бельгиядан басым түсіп, өз тобында 10 ұпаймен екінші орын иемденді. Күллі екінші орын алғандар ішінде жақсы нәтиже көрсеткендіктен Финляндия EURO 2022 додасына жолдама алды.

Мұнда олар тағы да сол Италиямен бір топқа түсті. Біздің топтың фавориті Италия болғандықтан, Финляндия мамандар болжамы бойынша тағы да жеңіледі деп күтілді. Алайда ғаламат голдар салған финн жігіттері 3:3 тең ойнап шықты. Соның арқасында қазір біздің топтағы 4 команданың барлығында да 1 ұпайдан бар. Мүмкіндіктер тең десек те болады. Қазақстан құрамасына енді осы матчта жеңіске жету қажет. Нидерланды еліне бас бапкер Кака және Арнольд Кнауб ұшып барды. Енді бірінші матчтағыдай қобалжу болмайды деп сенеміз. Себебі алғашқы ойында 3 футзалшы мен бас бапкер алаң жиегінде тұра алмады. Словенияға қарсы матчты бапкердің көмекшісі Сергей Коридзе басқарды.

Осы Еуропа бірінгшілігі алдында Финляндия құрамасы 2 қарсыласпен 4 жолдастық матч өткізді. Құрлықтық жарыстың қатысушысы Польшамен ойынның бірінде Финляндия, екіншісінде Польша жеңді. Тура осындай сценарий Хорватияға қарсы матчта да қайталанды. Нәтижелер біркелкі болғанымен, Финляндия құрамасы Гроноингендегі тартысқа тас-түйін дайындықпен келгені көрініп тұр. Бірінші матчта Италияны әбден састырды. Тек 39 минутта ғана де Матос деген италиялық футзалшы таразы басын теңестіріп кетті. Әйтпегенде Финн құрамасы жеңіске жетіп тұрған еді. Осы матчта үш гол салған скандинавиялықтар көрермен көзайымына айналды. Себебі олар салған үш голдың үшеуі де өте әдемі салынды. Баспасөз беттері "Финляндия қолда тұрған жеңісті жіберіп алды" деп тақырыптар қойып жатыр. Бұл Италия құрамасының матч алдында фаворит болып саналғанын есептен сызып тастау десек артық емес.

Енді, екінші тур ойындарында Қазақстан – Финляндия матчы көп сауалға жауап береді. Италияның да енді қаһарына мініп, Словенияны жеңуге тырысатыны анық. Екінші тур матчтарынан кейін плэй-офф сатысына бір табан жақындған құрама команданың есімі белгілі болып та қалатын шығар.

Финляндияға қарсы ойын қаңтардың 24-інен 25-іне қараған түні елорда уақытымен 1:30-да басталады. Кездесуді тікелей эфирде QAZSPORT телеарнасынан тамашалауға болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу