Жас шахматшы Англия құрамасының бірінші тақтасында ойнап, 11 партияның қорытындысында 8 ұпай жинаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, небәрі 11 жастағы британдық шахматшы Бодхана Сиванандан әйелдер арасындағы ең жас гроссмейстер ретінде есімін тарихқа енгізді.
– Бұған қуаныштымын. Бірақ мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Алдағы уақытта да тарихта қалатын жетістіктерге жеткім келеді, – деді Бодхана Сиванандан.
Британдық шахматшының ендігі мақсаты – халықаралық шебер атағын алу. Ол бұл атаққа қажетті алғашқы норманы биыл жазда Францияда орындаған. Сол кезде Сиванандан 11 жас 4 айында халықаралық шебер нормасын орындаған ең жас қыз шахматшы атанған. Ал Самарқандтағы олимпиадада ол қажетті екінші нормасын жинады.
Бодхана Сиванандан шахматпен 2020 жылы, коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген локдаун кезінде айналыса бастаған. Ол кезде үйінде әке-шешесінің отбасылық досына тиесілі шахмат тақтасы болған. Қыз шахматты интернеттегі бейнесабақтар мен онлайн ойындар арқылы өз бетінше үйренген.
Жас шахматшының жетістіктері мұнымен шектелмейді. 2025 жылы, небәрі 10 жасында, ол гроссмейстер Питер Уэллсті жеңіп, ресми турнирде гроссмейстерді жеңген тарихтағы ең жас шахматшы қыз атанған.
Бодхана Сивананданның шахматтағы қарқыны оның аз уақытта әлемдік деңгейдегі нәтижелерге қол жеткізгенін көрсетеді.