Недовесов Анталияда өткен турнирдің жеңімпазы атанды

1960

Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Анталия челленджер турнирінде жеңіске жетті.

Недовесов Анталияда өткен турнирдің жеңімпазы атанды

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, Александр Недовесов украиналық Денис Молчановпен бірге финалда осы доданың 1-ракеткалары, венесуэлалық Луис Давид Мартинес – испаниялық Давид Вега Эрнандес жұбымен бас жүлдені сарапқа салды. Бірінші партияда А.Недовесов пен Д.Молчанов 3:6 есебімен есе жібергенімен, екіншісінде қарымта қайырды – 6:4. Тартысты өткен тай-брейкте Недовесов пен Молчанов жеңісті жұлып алды – 18:16. Финалдық бәсеке сағат жарымға созылды. Шешуші тай-брейкте Молчанов пен Недовесов қарсыластарының алты бірдей матчболды пайдалануына мүмкіндік бермеді. Матч барысында олар екі мәрте брейк жасай алды.
Осылайша 33 жастағы А.Недовесов қазақстандық теннисшілер арасынан жаңа жылдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұл – оның жұптық сында челленджер турнирлеріндегі 16-ыншы табысы. Анталия жарысының жүлде қоры 44 мың АҚШ долларына бағаланған болатын.

Ал жекелей сында жүлде қоры 44 800 АҚШ долларын құрайтын Анталиядағы Challenger турнирінің екінші сериясында Қазақстандық Дмитрий Попко бақ сынайды. Ол алғашқы айналымда іріктеу кезеңінің жеңімпаздарының бірімен кездеседі.

Сонымен қатар, осы аптада Нұр-Сұлтанда ерлер арасында жүлде қоры 15 мың долларды құрайтын ITF сериялы турнирі басталады. Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, он қазақстандық - Никита Сидоров, Ислам Орынбасар, Кирилл Колганов, Тимур Хабибулин, Жангер Алмашев, Бекзат Үсіпбеков, Дамир Махмудов, Ерасыл Мұрат, Сағадат Аяп және Арсланбек Айтқұлов "фьючерс" квалификациясы бойынша сынға түседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу