banner

Неге кейбір білім басшылары мектептен шыққан жанжалды білдіртпестен басып тастауға тырысады

11086

Озық елдерде балалардың құқығы бірінші орында тұрады.

Неге кейбір білім басшылары мектептен шыққан жанжалды білдіртпестен басып тастауға тырысады Фото: canva.com

Еуропа мемлекеттерінде, Ұлыбританияда, Грузияда, Латвия мен Литвада және басқа елдерде "Бала құқықтарының тәуелсіз мониторингі жүйесі" жұмыс істейді. Бұл мекеме биліктің барлық тармақтарынан тәуелсіз. Бірде-бір шенеунік оған не істеу керектігін айта алмайды, оның ісіне қол сұғуына тыйым салынған. Оған тіпті тергеу жүргізу құқығы берілген. Ол әрбір баланың құқықтарын ілгерілетеді.

Қазақ баланы бақытқа балайды, адамның бауыр еті, өмірінің жалғасы, көрер қызығы санайды. Билік тіпті бір жылды "Балалар жылы" атады. Алайда Қазақстанда жас ұрпақты ең құрыса, мектеп қабырғасында қорғау жеткілікті жолға қойылмаған.

Оқу-ағарту министрлігі білім ұйымдарында балаларды қорғау жүйесінің жөнсіздік пен кемшілікке толы екенін жасырмады. Мұның себебі көп. Біріншіден, интернаттарда, мемлекеттік және жекеменшік мектептерде, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарда лауазымды адамдар өздеріне жүктелген функционалдық міндеттерге жүрдім-бардым қарап, орындамайды немесе қызметін сапасыз атқарады. Салдарынан, балалардың құқықтары жаппай бұзылады.

Екіншіден, балаларға қатысты бұзушылықтар анықталғанның өзінде, уәкілетті органның ол туралы хабарламаларға жедел ден қою мүмкіндігі жоқ екен. Заңнамада оған қаптаған кедергі бар.

Үшіншіден, балалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін дер кезінде шара қабылдау мүмкіндігі жоқ көрінеді.

Мәселен, 2023 жылы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне оқушылар мен ата-аналардан 1 632 шағым түскен. Әр арыз жанайқайға толы және оның ар жағында балалардың тағдыры жатыр. Сондықтан комитет қаһарына мініп, тегеурін танытып, шектен шыққанды тәубесіне келтірген болар?

Жоқ, былтырғы бір жыл бойы небәрі 6 жоспардан тыс тексеру ашыпты. Тексеру нәтижесінде білім бөлімдерінің басшыларына қатысты 5 әкімшілік хаттама толтырылды және сот шешімімен олардың әрқайсысы 30 АЕК (жалпы сомасы 517,5 мың теңге ғана) айыппұл арқалады. Бұл ретте 6 маман тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Салыстырсақ, 2021 жылы – жалпы көлемі 262 530 теңге, 2022 жылы – 735 120 теңге айыппұл салыныпты.

Министрлік осынша пәрменсіз, мәнсіз қимылына бірінші кезекте, бақылау функцияларының шектелуін айыпты санайды. Ведомство бұған 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 жарлығымен бекітілген тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге енгізілген мораторий да теріс әсер еткенін алға тартты. Бұл мораторий Президенттің 2022 жылғы №44 жарлығымен, биылғы 2024 жылдың қаңтарынан бастап жойылды.

Дегенмен, министрлік сарапшыларының түсіндіруінше, мораторийдің алып тасталуы жағдайды түземейді. Білім беру ұйымдарында тексерулер жүргізуге заңнамалық рұқсат беру нормалары жоқ.

Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі Үкімет пен Парламентке заңнамалық түзетулермен шығып, өзіне жаңа құзыр беруді сұрап отыр. Нақтылағанда, оның ұсынысы министрлікке "жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығын" заңмен бекітіп беруді қарастырады.

Оқу-ағарту министрлігінің ұсынуынша, тексерістер балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу, азаматтар мен ұйымдардың өтініштеріне жедел ден қою, балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін бақылау субъектісі мен объектісін алдын ала хабардар етусіз және тексеруді тағайындау туралы актіні құқықтық статистиканың уәкілетті органында, прокуратурада арнайы есепке тіркеусіз жүргізілуге тиіс.

Заң жобасы қабылданса, онда уәкілетті меморганның ревизорлары келесі нысандарға қалаған уақытында сау ете қала алады:

  • Мектептерге және өзге білім беру ұйымдарына,
  • арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға,
  • бала құқығын қорғау функцияларын жүзеге асыратын ұйымдарға,
  • кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, дамыту, олардың бос уақытын және демалысын ұйымдастыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын басқа да ұйымдарға.  

Министрліктің түсіндіруінше, балалардың құқықтарын бұзу туралы шағымдарды талдау көрсеткендей, жыл өткен сайын жас ұрпақтың өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін, жедел тексеруді және үн қатуды талап ететін, қоғамдық резонанс тудырған оқиғалар саны көбейіп барады.

Бірақ қолданыстағы заңнама ведомствоның қол-аяғын байлап-матап қойды. Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабының 2, 4-тармақтарына сәйкес, тексеріспен бару үшін бақылау объектісін кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын хабардар етуге тиіс. Бұдан бөлек, ол тексеріс кестеге енгізілуі керек. Құзырлы орган тексеріс жүргізуге рұқсат бермей қоюы мүмкін.

Машақаты көп деп, бірқатар білім бөлімдерінің басшылары "бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде" деп, жанжалдың жалпақ жұртқа жайылмауына, оны басып тастауға күш салады. Сорақысы сол, соның кесірінен, әлжуаз балаларды құрдастарының немесе жоғарғы сынып оқушыларының зорлауы оқиғаларын жасыру деректері болды. Тек аузын жабу талпыныстарына ата-аналары көнбей, ақпарат құралдарына шығуы нәтижесінде олар жөнінде ел білді. Елге белгісіз қалғаны қанша?!

Тексеруді тағайындау рәсімдердің ұзақтығы да балалардың құқықтарының бұзылуына жедел ден қоюға мүмкіндік бермейтін көрінеді.

"Қоғам белсенділері, білім министрлігі бұл проблеманы бұрыннан көтеруде. Бірақ Үкімет те, Парламент те жеке және заңды тұлғалардың шағымдары бойынша "жоспардан тыс тексеру жүргізу" мүмкіндігі берілген деп, бой бермей келеді. Уәкілетті меморганға тиісті құзыр бермей, балаларды қорғау туралы көлгірсудің қажеті жоқ. Өйткені әлгі айтқан жоспардан тыс тексерісуін жүргізу үшін баланың құқықтары бұзылғанын растайтын дәлелді негіздер, мықты дәйектемелер ұсыну қажет. Соны дәлелдейтін айғақ заттарды жинау ата-ананың немесе мұғалімнің өзіне жүктеледі. Олар оны таба алмайды, себебі, дәлелдемелерді жинау мүмкіндіктері шектелген. Мысалы, бейнебақылау камерасының жазбасын алғыза алмайды. Іс сонымен біттіге саналады", – дейді қоғам белсендісі, құрметті педагог Бағлан Берікбай.

Бұл жайт азаматтардан түскен шағымдар негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізуден бас тартудың негізгі факторы болып отыр. Яғни, ұлттық заңнамада тиісті тетік қарастырылған, депутаттар үнемі соған сілтейді, алайда ол тетік істемейді.

Өз жанайқайына ден қоймаған соң, құқық бұзушылықтарды жоймағаннан кейін биліктен халықтың көңілі қалады.

Айта кететін жайт, бүгінгі таңда республика бойынша 126 мыңнан астам білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оның ішінде:

  • 11 343 балабақша, оның ішінде 5 555-і – мемлекеттік және 5 788-і – жекеменшік;
  • 7 833 мектеп: 7 040-ы – мемлекеттік және 729-ы – жекеменшік;
  • 772 колледж: 422-сі – мемлекеттік және 323-і – жекеменшік,
  • 218 қосымша білім беру ұйымдары, 106 044 үйірмелер мен секциялар,
  • 226 балалар сауықтыру орталықтары бар.

Осы 126 мың білім беру нысанының 88%-ы – жеке тұлғалардың қолындағы ұйымдар екен. Б.Берікбай жекеменшік мектептердің, колледждердің және басқасының артында тұрған билікке жақын, қалталы тұлғалар уәкілетті меморганға жоспардан тыс тексеру жүргізу құқығының берілуіне тіпті де мүдделі емес деген пікірін білдірді.

Себебі, құзырлы органда тіркеусіз, ескертусіз тексеріс жүргізуге құқық берілсе, талай былықтары ашылады. Білім беру ұйымдарының басшыларына қатысты хаттама толтырылып, 30 АЕК  (2024 жылы – 110 760 теңге) айыппұл салынады. Атына да кір келіп, ауқатты ата-аналар перзенттерін алып кетуі мүмкін.

Демек, текетірес жалғасатынға ұқсайды. Депутаттардың қай жақты таңдағаны заң жобасының қандай күйде қабылданғанынан белгілі болмақ.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мектепті жеке инспектормен қамти алмайтындарын ашық айтты.

Кезінде әр баланың құқығын қорғайды деп дәріптей құрылған ювеналдық полиция бүгінде тек ірі мектептерде, қалаларда ғана жұмыс істейді. Ауыл мен аудан мектептерінде ол жоқ. Ал өзге мектепте қауіпсіздікті сақтап, буллингпен күресуге тиіс учаскелік инспекторлардың мектептерге барып бақылауға уақыты да жетпейді.

ІІМ басшысы орынбасарының айтуынша, бүгінде жасөспірімдер істері жөніндегі инспекторлардың штаты 3 мыңнан сәл асады.

"Біз барлық мектепті тегіс ешқашан қамти алмаймыз. Шынында, оларды тек ірі мектептерде ұстап келдік. Өйткені мектептерде қылмыс өршіді, төбелестер жиіледі, тыйым салынған заттарды алып өту деректері көбейді. Оның үстіне бүгінде барлық мектептер террористік шабуыл алдында осал объектілерге жатқызылған. Қазіргі уақытта ірі мектептерге қатысты талаптар қайта қаралуда: оларда кәсіби күзет ұйымдарының қызметкерлері отыруға, ең құрыса, дабыл нүктелерін орнатуға тиіс. Сонда жедел ұстау тобы шұғыл келе алады. Білім ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселелерін осылай шешудеміз", – деді И.Лепеха.  

Ол ювеналды полиция қызметін сынап өтті.

"Мектептердегі ювеналды полицейлер – педагогикалық және заңгерлік жоғарғы оқу орындарын бітірген жас қыздар болатын. Меніңше, олар қауіпсіздік ахуалына қатты ықпал ете алмады. Олар соңғы уақытта негізінен, завучтің көмекшілеріне айналып кетті. Алайда қазіргі уақытта елде 7,8 мыңдай мектеп бар және саны ары қарай өсуде. Біз оның бәріне бір-бір адамымызды қойып қоя алмаймыз. Бүкіл ел бойынша патрулдік полицияда небәрі 12 мың қызметкеріміз бар. Сондықтан ювеналды полицияның аумақтық бөлімшелері қызметкерлерінің санын нормативке дейін жеткізуге ұйғардық", – деді ішкі істер министрінің орынбасары.

Яғни, ювеналды полицей болып істейтін қыздардың саны артады, оларға инспекторлар, тіпті патрулдік полиция қосымша көмекке келеді.

Аумақтық инспекторлар саны бүгінде нормаға сай келеді екен, олардың әрқайсысына да екі-үш мектептен бекітілген. ІІМ 7,8 мың мектеп инспекторын тағайындауға штаты жетпейтінін мәлім етті.

Игорь Лепеханың айтуынша, әр мектепке бір инспектор отырғызу орнына полиция сотқар, тентек балалардың үйлеріне барып, ата-аналарымен жеке жұмыс істеуге, түнгі уақытта ойын-сауық, көңіл көтеру орындарын аралап, қараңғыда қараусыз қыдырған жасөспірімдерді табуға күш-жігер шоғырландыратын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу