Неге полиция тергеуге әкеткен адамдардың "жүрегі тоқтап" қалады?

2647

Шымкентте полиция ғимаратында жас-жас жігіттің көз жұмуы қоғамның алаңдаушылығын туғызды.  

Неге полиция тергеуге әкеткен адамдардың "жүрегі тоқтап" қалады?

Бүгін ақпарат құралдарында Шымкенттегі полиция департаменті ғимаратында күдіктінің жантәсілім еткені туралы хабар тарады. Ол жедел жәрдем бригадасы жеткенше, дүние салған. Бұл ақпаратты Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратты. Оның мәліметінше, 31 жастағы ер адам тергеу кезінде өзін нашар сезініпті.

"Оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілді және жедел жәрдем шақырылды. Азамат "жедел жәрдем" жеткенше есінен танып қалды. Медицина қызметкерлері оны өлгенін тіркеді", – деп хабарлады шымкенттік полицейлер.

"Жар емес, ажал құшты"

"Қымбат көліктерді ұрлады" деген күдікке іліккен, шымқаланың Полиция департаменті ғимаратында көз жұмған 31 жастағы Нұрболат – Қостанайдың тұрғыны болып шықты. Отбасындағы 6 баланың бірі, үл ішіндегі кенжесі. Шымкентке болашақ жарын алып кетуге барған көрінеді. Тепсе темір үзетін жігіт қылшылдаған шағында қыршыннан қиылды.

Марқұмның әкесі Ерғара Жұмабаев ұлын "жауап алу кезінде полицейлер ұрып өлтірген" деп жорамалдайды.

8 желтоқсан күні жігіт шымқала көшесінде келе жатып, бейнеқоңырау арқылы әкесімен сөйлесе бастағанда, тәртіп сақшылары сау ете қалып, оның қолына кісен салады. Не болып жатқанын түсінбеген әкесі іле Шымкенттегі туыстарына телефон соғып, баласын полиция ұстап алып кеткенін айтып, барып, жағдайын білуді сұрайды. Алайда арада бірнеше сағат қана өткенде "ұлыңыз қайтыс болды" деген қаралы хабар түседі.

"Түскі 12:03-те баламмен сөйлескенмін. Бейнебайланыспен тілдескенде жағдайы жақсы болатын. Балам – спортшы еді. Шаңғы тебетін, бокспен айналысатын. Денсаулығы мықты, жүрегі ауырмайтын. Өмірінде ауруханаға жатпаған бала еді. Шымкент жақта көңіл қосқан қызы бар. Оған үйлену үшін барған. Беташары 17 желтоқсанда өтеді деп уақыт белгілеп қойып едік. Соған дейін қызын алып кетпек болды. Бүгін-ертең елге қайтамын деп отырған", – дейді Ерғара Жұмабаев.

Нұрболат жеке кәсіпкерлікпен айналысыпты, өзінің жеке пилорамасы, яғни ағаш өңдейтін станогы болған, ағаш материалдарын өндірумен шұғылданған. Бұған дейін де істі болыпты, бірақ әкесі оны "кінәсіз, әлдекімдер жазықсыз айыптады" деп есептейді.

"Ғимаратта сатымен көтеріліп бара жатып есінен танып құлапты. Жүрегі ұстаған дейді. Өзі спортшы болса, әрі қолын кісендеп, полицейлер жетектеп келе жатса, ол сонда неге құлайды? Полицейлер ұрып өлтірген болып тұр ғой. Ұрып жатқанын көрген адамдар да бар. Кеше олар айтамыз деп еді, бірақ бүгін қорқып, куәлік бере алмады. Ұлымның қасында Сергей деген досы болған. Ол да өзін ұрып-соққанын растап айтып берді. Ол да ауруханада жатыр", – деді Е. Жұмабаев.

"Ұсталғандар денесінің кейбір жері көгерген"

Айдың-күннің аманында ұлынан айрылған әке журналистерге сұхбатында жергілікті сот-медициналық сараптамаға сенбейтінін жеткізді. Оның орнына тәуелсіз сараптамаға жүгінуге ниетті.

Ерғара Жұмабаев жалдаған қорғаушы, шымкенттік адвокат Талғат Есімов жас жігіттің түсініксіз жағдайда қайтыс болғанын, оның әкесі оның өліміне қатысты ресми түсініктемеге шүбәланатынын жеткізді.

"Мәселенің мәнісін анықтаймыз. Спортшы, 90-шы жылы туған жап-жас жігіт күмәнді жағдайда Шымкент полиция департаментінің ғимаратында көз жұмған. Менің байламымша, бұл – төтенше оқиға. Ол бүкіл республиканы дүрбелеңге түсіріп отыр. Біз бұл мәселені жан-жақты қарастыратын боламыз. Әкесінің айтуы бойынша түс кезінде әкеткен, кешкі төрт-бес шамасында өлген. Оны бірнеше сағат бойы полиция ғимаратында заңсыз ұстаған. Кейбір мәлімет бойынша ол тергеушіге дейін де жетпеген. Егер оған қатысты қандай да бір қылмыс жасады деген күдік туса, жедел уәкіл оны ұстағаннан кейін бірден тергеушіге алып баруы керек еді", – дейді адвокат Т. Есімов.

Ары қарай күдіктіні уақытша оқшаулау, босату немесе басқа да процессуалдық шешімді тергеуші қабылдайды.

"Бұл жерде жас жігітті ұстау рәсімі де көп сұрақ тудырады. Неге маска-шоу ұйымдастырады? Неге ОМОН қызметкерлері жұмылдырылады? Ол сонда ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі ме? Неге шақыру қағазымен, повесткамен келтірілмеген. Конституцияға сәйкес, кінәсіздік презумпциясы деген бар. Біз бұл мәселелердің байыбына барамыз. Алматыдан не Нұр-Сұлтаннан тәуелсіз сарапшы шақырттамыз. Біз бұл істі бұлай қалдырмаймыз. Соңына дейін барамыз. Кінәлілердің тиісті жазасын алуына қол жеткізбекпіз", – деді Талғат Есімов.

Ізінше, Экспресс-К марқұмның әкесі моргте ұлының мәйітін көргенін, "оның өне бойының сау тамтығы қалмаған деп отырғанын" жазды:

"Денесінің сау жері жоқ. Аяғына, тізесіне соққы тигенге ұқсайды. Бас сүйегі зақымдалған. Екі құлақтың асты қанталаған. Мұрны сынған. Көзі мен бет-аузы көгеріп, ісіп кеткен. Білмеймін, малды да бұлай ұрмайды. Экспертизаға алып кетті. Мәйітті ашып, анықтауымыз керек деп отыр", – деді қайтыс болған жігіттің әкесі.

Ерболатпен қатар ұсталған тағы бір күдікті Сергей Петровтың адвокаты Олжас Сүлейменов "Ресми фактор" қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Алия Ортаеваға сұхбатында оның маңдайында, қабырға тұсында дақты байқағанын растады. Сергейдің өзі де журналистерге денесіндегі көгерген тұстарын көрсетті.

"11 жарымнан бастап ұсталған. Барғанда, Сергей: "Басымнан тепті, басым айналады, құсқым келеді" деп шағымданды. Мен жедел жәрдемді шақырдым. Жағдайына қарай шығарып алмақ болғанмын, жібермеді. Прокурорлар келді, соларға жүгіндік. Прокурордың қаулысымен түнгі 23:30-да босатылып, жедел жәрдеммен ауруханаға кетті", – деді О. Сүлейменов.

"Сот-медициналық сараптама қорытындысын күтейік"

Осы күні Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов қайғылы оқиғаға байланысты брифинг өткізіп, марқұмның туыстарына көңіл айтты.

"8 желтоқсанда, шамамен сағат 17:00-де Шымкент қаласы полиция департаментінің ғимаратында қала аумағында бірнеше қымбат шетел автокөліктерін айдап кетті деген күдікпен жеткізілген, 90-шы жылы туған азамат жауап алу барысында тосыннан өзін нашар сезінгенін айтты. Оған ол кезде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем шақыртылған. Азамат жедел жәрдем келгенше ес-түсін жоғалтқан. Жедел жәрдем қызметкерлері тексере келе, азаматтың мезгілсіз қайтыс болғанын растап, тіркеді. Осы факті бойынша ІІМ Өзіндік бақылау қауіпсіздік департаменті мен қалалық прокуратураға хабарланды. Қайтыс болу себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды", – деп мәлімдеді Ералы Жұмаханбетов.

Оның айтуынша, күдікті "департаменттің ішінде екі сағаттай болған".

"Ұстауға бес-алты қызметкерден тұратын жедел топ, тергеуші, басқасы қатысқан. Қалада екі адам ұсталды. Бәрі бейнежазбаларға түсірілген. Сол жерде алғашқы тексеру, тергеу амалдары жүргізілді. Сол жерде айғақ заттар алынды. Тергеу жүргізілген кабинетте де бейнекамера болған, сол жерде сөйлескенде, күдікті "мазасы болмай тұрғанын" айтып, шағымданған. Біз дәрігер емеспіз, әркімде әртүрлі жағдай болады. Енді сот-медициналық сараптама қорытындысын күтейік?!", – деді қалалық Полиция департаментінің бастығы.

"Негізі, үлкен, қымбат автокөлік ұрланған. Сол күнгі түнде. Автокөлік иесінің айтуы бойынша Лексус LX 570 маркалы машинасын түнгі уақытта тұраққа қойған. Содан қолды болған. Осыған орай тәртіп сақшылары тергеу амалдарын жүргізді. Біз тергеу мүддесі үшін деректердің бәрін бірдей жария ете алмаймыз. Бірақ ол жігіттің қатысы болуы мүмкін деген дәлел бар. Жалғыз Лексус қана емес, бірнеше көлік бар. Басқасын айта алмаймыз", – деді Е. Жұмаханбетов.

Осы оқиғаға қатысты полиция қызметкерлерін тексеру амалдары жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл істі прокурорлар қадағалайды.

"Тергеушілер, жедел уәкіл және басқасы жұмысынан шеттетілді ме?" деген сұрақ қойды журналистер. 

"Олардың бәрі прокуратураға шақыртылды. Біздің тергеу барысына араласуымызға қақымыз жоқ. Кімнің жұмыстан шеттетілетінін прокуратура шешеді. Қылмыстық іс енді прокурорлардың қарауында. Олар өз тергеуін жүргізіп жатыр. Прокурорлар, Өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері мәйітті қарап шықты. "Көрініп тұрған жарақат жоқ" деп айтты. Мен эксперт емеспін, дәрігер емеспін. Сот-медициналық сараптама өз қорытындысын айтады", – деді Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов.

Нұр-Сұлтаннан ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті басшысының орынбасары келіп, зерттеу жүргізіп жатқаны белгілі болды.

Айта кету керек, бұл полиция бөлімдеріндегі жалғыз өлім оқиғасы емес. Осының алдында, 2020 жылғы қазанда ШҚО-ның Үржар ауданының Мақаншы ауылында да күдікті, жергілікті шопан Азамат Оразалы полиция бөлімінде қаза тапқан. Үш экс-полицей ұсталды. Бес тәртіп сақшысы органнан қуылды. Өткен жылдары басқа да оқиғалар болды.

"Неге күдікпен ұсталғандар полиция ғимаратында өліп қала береді?" деп сұрақ қойды әлеуметтік желіде кейбір қазақстандықтар. Қоғам жауабын күткен сұрақ...

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу