Неге зілзала қаупі сейілмей тұр?

2973

Соңғы аптада Қазақстанмен көршілес бірнеше мемлекетте әр түрлі дәрежеде жер сілкінді.

Неге зілзала қаупі сейілмей тұр? Фото: Ашық дерек көздерінен

Өзбекстан халқы зілзала қаупіне алаңдаулы

Кеше жер асты дүмпулері Өзбекстанда сезілді. Көршілес елдің бірнеше қаласында болған айтып келмейтін апаттың күші 6 баллға дейін жетті. Зардап шеккендер туралы хабарланған жоқ. Жер асты дүмпулерінің эпицентрі Тәжікстан аумағында Ташкенттен 217 км қашықтықта орналасқаны белгілі болды.

Тәжікстанда табиғи апаттан 6 ауыл зардап шекті

Ал Тәжікстанда жер сілкінісінен 6 ауыл зардап шекті. Табиғи апат орнына ел Премьер-Министрі Кохир Расулзода бастаған үкіметтік жұмыс тобы барып, зардап шеккендер эвакуацияланды. Зілзаланың күші 4,8 балл, деді сарапшылар. Ал эпицентрі 10,7 мың тұрғыны бар елдімекеннен солтүстік-батысқа қарай 51 км жерде, 10 км тереңдікте тіркелді. Табиғи апаттан келтірілген залалдың толық сомасын республикалық комиссия анықтап жатқаны мәлімделді.

Ауғанстанда жер сілкінісінен 13 адам қаза тапты

Сондай-ақ осы аптада Ауғанстанның солтүстік-шығысында жер сілкінді. 6,5 баллдық жойқын апат 13 адамның өмірін қиды. 90-нан астам тұрғын зардап шекті. Жер асты дүмпулерінің эпицентрі елдің солтүстік-шығысындағы Бадахшан провинциясында, Джурм округінен оңтүстікке қарай 40 шақырым жерде, Пәкістан мен Тәжікстан шекарасына жақын жерде болды.

Эквадорда зілзаладан 15 адам мерт болды

Бір апта бұрын Эквадорда 6,9 балдық жер сілкінісі болды. Салдарынан 15 адам қаза тапты. Жергілікті биліктің хабарлауынша, 400-ден астам адам зардап шекті. Жер асты нүктелері елдің бірнеше провинцияларында сезілді.

 Түркиядағы жағдай

Бүгін Кахраманмарашта тағы жер сілкінді. Бұл жолғы тербеліс қуаты – 4,7 балл. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Кеше де осы өңірде күші 4-5 балдық екі жер асты дүмпуі тіркелген еді. Кахраманмараш Араб және Анадолу тектоникалық тақталары түйіскен жерде орналасқан. Сондықтан сейсмикалық жағынан қауіпті аймақ саналады. 6 ақпанда Түркияның осы аумағында қуаты 7 баллдан асқан екі жер сілкінісі болған еді. Содан бері жүздеген афтершок елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көрші Сирияда тіркелген.

Жер сілкінісінен болған материалдық шығын 2 триллион түрік лирасын құрайды (105 миллиард доллар). Соңғы мәліметтер бойынша, Кахраманмарашта қаза тапқандар саны – 50 096 тұрғын. Сонымен қатар 107 204 адам зардап шекті.

Ел билігі Түркияда ауқымды құрылыс жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Жалпы, елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы 11 провинцияда бір жылда 46 мыңнан астам үй салу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңінде 17 мыңнан астам тұрғын үй салынады, дейді ресми Анкара. Оның 7 мыңнан астамы апат ошағында – Кахраманмараш провинциясында салынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу