Несие рақымшылығы қажет емес

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
10492

Экономистер қарыз жүктемесін жеңілдетудің басқа тәсілін ұсынды. 

Несие рақымшылығы қажет емес

Естіп, біліп отырғандарыңыздай, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев халықтың банктен алған қарызы 6 трлн 900 млрд теңгеге жеткенін жариялағанда, бұқара да, билік те елең ете қалды. Соңғысы халықты қарыз қақпанынан қалай құтқаруға болатынына бас қатырса, алдыңғысы несиесіз өмір сүре алмайтынын айтып ашынды.

Депутат Аманжан Жамалов халықтың микронесие ұйымдары мен ломбардтарды жағалауына тосқауыл қою үшін несиесін әлдеқашан төлеп бітірген, бірақ банктің "қара тізімінде" тұрған 1,5 млн азаматтың несие тарихын түзеп, екінші деңгейлі банктерден арзан пайыздық мөлшерлемемен қарыз алуға мүмкіндік беру қажеттігін айтты. Ол сөзінің деректі дәйегі ретінде ел азаматтары екінші деңгейлі банктерге 4 трлн 150 млрд,

микронесие ұйымдарына 350 млрд, онлайн банктерге 100 млрд теңге қарыз екенін алға тартты.

Депутат Азат Перуашев ел азаматтарының ипотекалық, тұтынушылық кредиттерінің, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің шағын және орта бизнес өкілдеріне беретін қарызының шекті пайыздық мөлшерлемесін 7-8% төмендету туралы бастама көтерді.

"Ел азаматтарына берілетін кез келген қарыздың мөлшерлемесін 7-8%-дан асырмау керек. Сонда халық кедейліктің қамытын кимейді. Осыған дейінгі несие рақымшылығы мәселені шешкен жоқ. Былтыр мемлекет халықтың 106 млрд теңге қарызын жауып берсе де, адамдар несие алуын тоқтатқан жоқ. Халықтың несие алуына тыйым салу мүмкін емес. Адамдарға несиенің шекті  пайыздық мөлшерлемесін төмендету арқылы ғана көмектесуге болады", – деді Азат Перуашев.

Алайда Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев бұл бастаманы қолдауға болмайтынын кесіп айтты.

"Несиенің шекті пайыздық мөлшерлемесін әкімшілік ресурс арқылы 7-8% төмендетуге болмайды. Себебі белгіленетін мөлшерлеме банктердің  мойнына алатын тәуекелінің орнын толтыра алмайды. Несиенің шекті пайыздық мөлшерлемесі жасанды түрде төмендетілсе, банктердің тәуекелін арттырып, активтердің сапасын нашарлатады. Несие беру ұсынысын шектейді және қаржылық тұрақтылыққа кері әсер етеді. Несиенің шекті пайыздық мөлшерлемесін төмендету үшін несие тәуекелін туғызатын мәселелерді шешу қажет. Бұлардың негізін корпоративті басқару сапасының төмендігі, экономикада мемлекет үлесінің басым болуынан жеке сектордың ығысуы және фискалдық тәртіптің төмендігі құрайды", – деді қаржы реттеушісінің басшысы.

Депутат Айқын Қоңыров премьер-министр Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында елде шектеу шаралары енгізілгенге дейін тұрақты түрде салық төлеген, жұмыс орындарын құрған, қазір объективті себептерге байланысты қарыз ауыртпалығын сезініп отырған жеке және заңды тұлғаларға кең ауқымды несие рақымшылығын жасауды ұсынды. Ол карантин кезінде 4 млн 200 мың адам жұмыссыз қалғанын, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта бизнеске берілген микрокредит көлемі 850% артқанын, мерзімі өткен берешек 283% ұлғайғанын және жеке тұлғалардың микронесиесі 145%, ал мерзімі өткен берешегі 332% өскенін жеткізді.

Бұл ұсыныс та қолдау таппады. Халық қалаулысына Асқар Мамин: "Несие рақымшылығын қолдану туралы ұсыныс тізбекті реакцияға және барлық қарыз бойынша міндеттемелердің жаппай орындалмауына алып келеді. Бұл банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және банктердің салымшылармен басқа да клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындау қабілетіне қауіп төндіреді. Осыған байланысты бұл ұсыныс қолдау таппайды", – деп жауап берді.

Дегенмен елімізде несие рақымшылығына қатысты мәселе әлі талқыланып жатыр.

Экономист Қасымхан Қаппаровтың пікірінше, 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген мәжіліс сайлауы қарсаңында несие рақымшылығы мәселесі өзекті бола түседі.

"Қазір халық тапқан табысының жартысын азық-түлікке жұмсайды. Салдарынан басқа тауарларды несиеге алады. Екінші деңгейлі банктер тұтыну несиесін беру арқылы жан бағып отыр. Экономикада тұтыну несиесі бар. Бірақ ол халықтың шамасына қарай берілуі керек. Бізде олай емес.

Қазір несие алу оңай. Халық қарызды қайтару мүмкіндігін ескермей, несие рәсімдей береді. Яғни қаржылық сауаты төмен. Несие рақымшылығы масылдық туғызбауға тиіс. Адамдар несие рақымшылығын мемлекет емес, салық төлеушілер жасайтынын, яғни бір адамның қарызы басқа адамдардың есебінен өтелетінін түсінуі керек. Бізге несие рақымшылығын жасауға емес, халықтың табысын арттыруға басымдық беру қажет. Сонда адамдар өз қарыздарын өздері өтейтін болады", – деді сарапшы.

Бұл сөзді экономист Айдархан Құсайынов қолдады.

"Бізге несие рақымшылығы қажет емес. Қазына қаржысын бейберекет шашуға болмайды. Қарыз қайтару міндеті мен жауапкершілігі қарыз алған азаматтың мойнында болуы керек. Қит етсе несие рақымшылығын жасау макроэкономикалық теңгерімді теңселтеді", – деді ол.

Экономист Данияр Молдақанов 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел тарихында алғаш рет бір реттік  несие рақымшылығы жүргізілгеніне және 578 мың азаматтың несиесі есептен шығарылғанына назар аударды.

"Ел азаматтарының 52%-ның берешегі толығымен өтелді. 1 млн 200 мың адамның барлық кепілсіз тұтынушылық несиесі бойынша 33,6 млрд теңге айыппұлы кешірілді. 300 мың теңгеге дейінгі кепілдендірілмеген тұтынушылық несиелер жабылды. Алайда бұл халықтың қарыз жүктемесін жеңілдеткен жоқ. Себебі адамдар несие рәсімдеуін, қарыз алуын жалғастыра берді. Бұған олардың айлық жалақысының мардымсыздығы түрткі болды. Халықтың еңбекақысы өссе, төлем қабілеті артады. Осы тұрғыдан алғанда бізге кредит кешіру емес, жалақыны жоғарылату мәселесін шешу қажет", – деді Данияр Молдақанов.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу