Несиенің негізгі қарызы мен сыйақы мөлшерлемесі шегеріледі

4807

Ел азаматтары мен шағын және орта бизнес субъектілеріне қарыз жеңілдігі жасалады.  

Несиенің негізгі қарызы мен сыйақы мөлшерлемесі шегеріледі

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктік реттеу департаменті басшысының орынбасары Нұржан Бидайбек әлеуметтің осал тобына жататын жеке тұлғаларға, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға және жұмыссыз жүрген адамдарға 16 наурыз бен 15 маусым аралығында екінші деңгейлі банктердің алдындағы негізгі борышы мен сыйақы мөлшерлемесін уақытша төлемеу құқығы берілгенін мәлімдеді. 

"Халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға және жұмыссыз екені ресми расталған адамдарға қарыз мерзімін кейінге шегеру құқығы автоматты түрде өтінішсіз беріледі. Алайда асыра пайдалануды болдырмау үшін кредиттік ұйым жеке тұлғаның қаржылық жағдайының нашарламағаны туралы ақпаратты анықтаған жағдайда төлем төлеуді тоқтата тұрудан бас тарту туралы шешім қабылдауы мүмкін", – деді Нұржан Бидайбек.

Оның сөзінше, елдегі төтенше жағдайға байланысты заңды тұлғаларға да екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарына негізгі борыштары мен сыйақы мөлшерлемесін  ШЕГЕРУГЕ 90 күн беріледі.

"Олар екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарына уақытша жұмысқа жарамсыз болып қалуы, ақысы төленбейтін еңбек демалысына шығуы, жұмыссыз қалуы сынды қаржылық жағдайының нашарлау себебін көрсете отырып өтініш жазады. Негізі өтініш 10 жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс. Алайда қазіргі жағдайға байланысты мәселе бұдан тез шешіледі", – деді департамент басшысының орынбасары.
Нұржан Бидайбектің баяндауынша, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары бүгінге дейін қарыз қайтаруды тоқтата тұру және осыған дейінгі шарттарға өзгеріс енгізу бойынша жеке тұлғалардан құны 45,5 млн теңгені құрайтын  84 345 өтінім қабылдаған. Сараптау барысында 12 071 өтінім мақұлданған. 

"Жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінен негізгі борыш пен сыйақы мөлшерлемесін уақытша төлемеуге қатысты құны 12,3 млн теңгені құрайтын 17 671 өтінім келіп түсті. Нәтижесінде 3 244 өтінімге қатысты оң шешім шықты. Бұл сандар алдағы уақытта жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштерге байланысты өзгереді", – деді департамент басшысының орынбасары.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің айналым капиталын толықтыруға жылдық сыйақы мөлшерлемесі 8%-дан аспайтын жеңілдетілген несие 12 айға беріледі. Бұл туралы Нұржан Бидайбек: "Екінші деңгейлі банктердің шағын және орта бизнес субьектілеріне беретін несиенің шекті мөлшері 3 млрд, ал  жеке кәсіпкерлерге ұсынатын қарыз сомасы 50 млн теңгеден аспауы керек. Айналым капиталын толтыруға берілетін несие қарыз алушының банктік шотына аударылады,–  деді Нұржан Бидайбек.

Естеріңізге салайық, Ұлттық банк 27 наурыз күні елімізге енгізілген төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккен халық пен шағын және орта бизнес өкілдерінің екінші деңгейлі банктердің, ломбардтардың, онлайн-кредиттеу компанияларының, кредиттік серіктестіктердің, микроқаржылық ұйымдардың алдындағы қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы мөлшерлемесін төлеуді тоқтата тұру тәртібін бекітті. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осыған қатысты 23 наурызда берген тапсырмасы негіз болды. 
Өз кезегінде қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі: "2020 жылғы 16 наурыз бен 15 маусым аралығындағы кезеңде кредиттік ұйымдар төлемдерді тоқтата тұру туралы өтінішті қарағаны немесе тиісті шарттарды өзгерткені үшін қарыз алушылардан комиссия алмайды", – деп нақтылады. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу