Несиесі бар 214 мыңнан аса алматылық өзін банкрот деп жариялай алады

Жаңа заң 2023 жылдың наурызынан бастап күшіне енеді. 

Несиесі бар 214 мыңнан аса алматылық өзін банкрот деп жариялай алады  Фото: dela.ru

"Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы" заң аясында қарызы бар Алматы қаласының 214 мыңнан астам тұрғыны банкроттыққа өтініш бере алады. Бұл туралы Алматы қаласы МКД баспасөз қызметі хабарлады, деп жазды inbusiness.kz

Рәсімдердің 3 түрі қарастырылған. Ол соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Бірінші рәсім: соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша келесі шарттарда қолдануға болады:  

1. банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борыш 5,5 млн. теңгеден (1600 АЕК)аспаса;
2. өтініш берген күннен бастап қатарынан 12–ай ішінде міндеттемелері өтелмеген болса;
3. тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ болса;
4. банкпен берешектер бойынша жұмыс жүргізілсе;
5. банкроттық 7 жыл бойы қолданылмаса.

Екінші рәсім: сот банкроттығы - жеке тұлға бұл рәсімді 5,5 млн.теңгеден астам борыштар бойынша, сондай-ақ борыштардың қалған түрлері бойынша қолдана алады.

Сот банкроттығының мақсаты банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру болып табылады.

Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болып табылса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы.

Егер жалғыз тұрғын үй кепіл болмаса, несие берушілер оны талап ете алмайды.
Қалған өтелмеген сома, егер борышкердің белгілері болмаса есептен шығаруға жатады (мүлікті немесе ол туралы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат беру және т.б.).

Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына заңды тұлғалар мен ЖК банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары, аудиторлар кіруге құқылы.

Барлық борышкерлер қаржы басқарушыларының қызметтерін төлей алмайтынын назарға ала отырып, заң жобасында мүлкі жоқ халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген.

Соттан тыс және сот банкроттығы қолданылған сәттен бастап:

- борыштық міндеттемелердің мерзімі өткен болып саналады;
- несие берушілерге борышкерден міндеттемелерді орындауды талап етуге тыйым салынады;
- айыппұл (өсімпұл, айыппұл) мен сыйақыны есептеуді тоқтатылады;
- қарызды өндіріп алу туралы соттардың шешімін орындау тоқтатыла тұрады;
- борышкерге қарыз алу, кепілдіктер мен кепілгерліктер беру бойынша мәмілелер жасауға тыйым салынады.

Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады.
Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі.

Бұл процедураның артықшылығы-одан кейін адам "банкрот" мәртебесін алмайды. 

Азамат банкрот деп жарияланғаннан кейінгі мынадай шектеулер енгізіледі:

1) 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға тыйым салу (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа);
2) қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады;
3) банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады.

"Барлық үш процедураны тек борышкердің өзі бастайды, яғни несие берушінің борышкердің банкроттығын беруге құқығы жоқ. Банкроттық туралы өтінішті борышкер "E-salyg Azamat" мобильді қосымшасы, E-gov веб-порталы және ХҚКО АЖ арқылы жібере алады. Бұл ретте, ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіріс өлшемдеріне сәйкестігі тұрғысынан мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізілетін болады", – деп жазылған хабарламада. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу