Нетаньяху айтқанынан қайтпай отыр

837

Әзірге екі жақ та ымыраны жалғастыруға ниетті. 

Нетаньяху айтқанынан қайтпай отыр Фото: nypost.com

Бірақ соғыстың қайта жалғасу қаупі сейілмей тұр.

Хамас өзі кепілге алған 17 адамды, оның ішінде 4 жасар америкалық қызды босатты. Ал, Израиль бітімге қол қойылғаннан кейін үшінші күні 39 палестиналық тұтқынды үйіне жіберген.

Халықаралық Қызыл Крест комитеті болса, Газадан 17 адамды Израильге сәтті жеткізгенін хабарлап отыр. Олардың 13-і – израильдік, үшеуі – таиландтық, біреуі – Ресей азаматтығын алған азамат екен.

Хамас егер Израиль босатқан палестиналық тұтқындар саны көбейетін болса, бітімгершілікті ұзартқысы келетінін ескертті.

АҚШ Президенті Джо Байден ұрыстағы үзіліс кепілдіктегілер босатылғанша жалғаса беретініне және Хамастың қолындағы талай америкалық та азаттық алатынына үміт білдірген.

Байденнің айтуынша, 4 жасар Эбигейл Эдан ата-анасын Хамас содырлары қазанның 7-де Израильге жасаған рейд кезінде өлтіргеніне куә болған және содан бері қамауда отырыпты.

Эбигейл тексеру үшін ауруханаға жөнелтілді. Оның атасы Кармель Эдан Reuters агенттігіне сұхбат беріп, немересінің қайтарылғанына әлі "сенбейтінін" айтып, Байденге алғыс білдірді.

Палестиналықтар болса, Израиль түрмелерінен босатылған тұтқындарды Рамаллада қуанышпен қарсы алды, деп хабарлайды WAFA агенттігі.

Төрт күндік бітім – Хамас 1 200 адамды өлтіріп, 240-қа жуығын Газаға алып кеткен соң жеті апта жалғасқан қақтығыстардың алғашқы үзілісі.

Бұл шабуылға жауап ретінде Израиль Газа билігіндегі Хамас жасақтарын жоюға уәде берді.

Газа денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Израильдің бомбалау операциялары мен жаяу әскерінің шабуылдарынан бұл секторда шамамен 14 800 палестиналық қаза тауып, жүздеген мың адам босқындық кебін киген.

Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху жексенбі күні Газада қауіпсіздік күштерімен кездесті. Ол Байденмен кепілге алынғандарды босату туралы сөйлескенін айтып, егер әрбір қосымша күн сайын 10 тұтқын босатылатын болса, уақытша бітімгершілікті ұзартуды құптайтынын атап өтті.

Алайда Нетаньяху Байденге ымыра аяқталғаннан кейін Хамасты жою науқанын әрі қарай жалғастыратынын да мәлім еткен.

Осал ымыра

Ал сенбі күні 13 израильдік босатылды. Олардың алтауы – әйелдер, жетеуі – жасөспірімдер мен балалар. Ең кенжесі – 3 жасар Яхел Шохам. Ол анасымен, ағасымен бірге бостандыққа шықты. Бірақ әкесі әлі кепілдікте отыр.

Израиль сол күні екі түрмеден 39 палестиналықты үйіне жіберген. Олардың алтауы – әйелдер, 33-і – жасөспірімдер. Палестиналық дереккөз 100-ге жуық кепілге алынған адам ақыры босатылуы мүмкін екенін хабарлап отыр.

Қатар, Мысыр және АҚШ бітімгершілікті дүйсенбіден кейін де ұзартуды талап етіп отыр. Бірақ осы ымыраның өзі осал көрініп, оған бұзылу қаупі төніп тұр.

Газа секторының орталық бөлігінде палестиналық фермер израильдік күштер нысанаға алған кезде қаза тапты. Ал Хамастың қарулы қанаты жексенбі күні төрт әскери қолбасшысының, соның ішінде Солтүстік Газа бригадасының командирі Ахмад әл-Гандурдың мерт болғанын жариялады.

Оның үстіне қазір Иордан өзенінің батыс жағалауындағы жағдай да аса тұрақты емес. Сенбі күні кешке және жексенбінің таңында Израиль күштері мұнда жеті палестиналықты, оның ішінде екі кәмелетке толмаған баланы өлтірген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу