Ноғаев Адай жылқысын әлемге танытпақ

2242

Қазақстан асыл тұқымды жылқы шаруашылығына мән бере бастады. Адай мен Қостанай жылқылары тұқымын дамытатын тұтас бағдарлама қолдау тапты.  

Ноғаев Адай жылқысын әлемге танытпақ Фото: canva.com

Маңғыстаулық арғымақтар әлемдегі ат спортының кәсіпқойлары мен әуесқойлары арасында жоғары бағаланады: ол кең шабысты, шыдамды, жүйрік, әрі алыс қашықтықтарды алқынбай еңсере алады. Алайда Адай жылқысына өз Отаны – Қазақстан сол бойы "асыл тұқым", "дербес тұқым" мәртебесін бермей келді. Әлем болса, мұндай мәртебесі жоқ атты мың жерден озық болса да "тексіз" санайды. Салдарынан, кеңес кезіндегі кемсітуішілік тәуелсіз Қазақстанда жалғасқан еді.

Алайда ахуал енді өзгеріп, ұзақ жылғы сең қозғалған түрі бар.

Еске сала кетсек, Президенттің қолдауымен былтыр Мәдениет және спорт министрлігі алғаш рет өткізген "Ұлы Дала жорығы" марафонында 1 200 шақырымнан аса қашықтықты Маңғыстау облысының "Көкмойнақ" командасы бірінші бағындырып, марафон-бәйгенің тұңғыш жеңімпаздары атанды. Сөйтіп, Адай жылқысының атағын шығарып, намысын қорғады.

Атбегі Әлеке Бөлтековтің айтуынша, биылғы "Ұлы Дала жорығында" да 1 мың шақырым бойы маңғыстаулық команда өзгелерден оқ бойы озық келе жатты. Бірақ тұлпарлардың бірінің жарақат алуы салдарынан бүкіл командаға жарыс жолынан кетуге тура келіпті.

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 7 қарашада Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде қазақтың "Адай" жылқысының жетістіктерін ескеріп, Үкіметке оны "Қазақ халқының ұлттық бренді" деп тану мақсатында тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Содан бері қазақтың бұл жылқы тұқымын дамыту, қолдау және әлемге таныта түсу мәселесі ақпарат құралдарынан ғана емес, ел Парламентінен де көтерілуде.

Ал енді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев "Адай жылқысы – Қазақстанның ұлттық брендіне айналуға тиістігін" мәлімдеп отыр. Аймақ басшысы Адай тұқымды қазақ жылқысын асыл тұқымды деп тану мақсатында құрылған арнайы мемлекеттік комиссиямен кездесу өткізді.

Арнайы мемлекеттік комиссия Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекция комитетінің бұйрығымен құрылған. Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанадан жіберілген комиссия облыстың барлық аудандарын аралап, 1 400-ден астам "Адай" жылқысының деректерін жинады.

Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты заманауи технологияларды пайдалана отырып, жылқылардың генетикалық құрылымын ғылыми сынақтан өткізді. Бұл оны асыл тұқымды деп ғылым тұрғыдан тану үшін қажет көрінеді.

Содан кейін мемлекеттік комиссия осы тұқымның мәртебесі туралы патентті бекіттіріп алу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Әділет министрлігіне жіберілетін актті жасайды.

Ел ұзақ күткен күн жақын қалғандай

Белгілі болғанындай, "Адай" жылқыларына асыл тұқымды жануар мәртебесін беру мақсатында бірнеше шара ұйымдастырылды. Соның бірі – 2023 жылдың 4 қарашасында Кендірліде өткен және 100 шақырым қашықтықты қамтыған халықаралық ат жарысы. Оның барысында халықаралық ат спорты федерациясының, соның ішінде Біріккен араб әмірліктерінен келген 6 төреші қазақ сәйгүліктерін бағалады.

Олардың қорытындылары да комиссияның шешіміне негіз болады.

Үкіметтік комиссия құрамына отандық ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторлар кірді. Сонымен қатар, комиссия жұмысына Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы, ат спорты қауымдастығы мен федерациясының өкілдері қатысты.

"Бірнеше күн бойы біз ғылыми мақсатта Маңғыстау өңірін аралап, даласын шарладық. Деректер жинау үшін 1 400-ден астам жылқының  өлшемдері, сынамалары алынды. Бұл жұмысты халықаралық стандарттар мен халықаралық Ат спорты федерациясының критерийлеріне сәйкес жүргізіп, арнайы құралдарды қолдандық. Сапарымыз қатты аяз бен ызғарлы жел маусымына тап келді. Осы кезеңде мамандар бұл жылқы тұқымының қатал табиғи жағдайларға бейімделгенін, төзімді екенін байқады", – деді комиссия мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Сейілхан Рахманов.

Өз кезегінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев "Адай" жылқыларының тұқымы сан ғасырлық табиғи іріктеудің және білікті атбегілердің халықтық селекциясының арқасында жаңа белестерге көтерілгенін, енді ресми түрде мәртебе алудың маңызды екенін атап өтті.

"Адай жылқыларының тұқымы Қазақстан аумағында байырғы замандардан қалыптасқан. Сан ғасыр бойы қатаң климаттық жағдайлар мен көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабамызға қызмет еткен бұл жануарлар табиғи сұрыптаудың негізінде қалыптасты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біз Адай жылқысына дербес жылқы тұқымы мәртебесін беру үшін бірлесіп жұмыс жасап, біраз іс тындырдық. Патент алу – осы жұмыстың маңызды бір кезеңі ғана. Демек, жұмыстың көп бөлігі әлі алда екенін түсіну маңызды", – деді Маңғыстау облысының басшысы.

Асығыстыққа салынуға болмайды, салғырт жасалған жұмыстан шикілік шығып, әлемдік сарапшылар мойындамауы мүмкін. Сондықтан мәртебе беру бойынша барлық процесс өте мұқият, жан-жақты, әрі халықаралық стандарттар мен нормаларға сәйкес жүзеге асырылуы шарт.

"Бұл процеске фермерлер мен комиссия мүшелерінен бастап, федерация, қауымдастық және атқарушы органдар өкілдері жауапты. Президенттің тапсырмасы бойынша Адай тұқымды қазақ жылқысын Қазақстанның ұлттық брендіне айналдыруға тиіспіз. Адай жылқысына мемлекеттік мәртебе беру – еліміз үшін бірқатар артықшылық береді. Біріншіден, осы тұқымның бірегей генетикалық қасиеттерін сақтап, болашақ ұрпаққа табыстаймыз. Екіншіден, аймағымыздың мәдени мұрасын сақтап қаламыз. Үшіншіден, тұқымның сапасы мен сипаттамаларын жақсартуға бағытталған селекциялық бағдарламалар дамытылады. Сондай-ақ, елімізге шетелдік туристерді тартудың және халықаралық турнирлерге қатысудың жаңа мүмкіндіктері пайда болады", – деп игіліктерді тізбеледі Нұрлан Ноғаев.

Қазақ жылқыға қарыздар халық

Әдетте, жұртшылықтың бір бөлігі мәселенің маңызы мен мәнісіне терең бойламай, "Бәрі бітіп, сол қалып па?" деген сыңайда әлеуметтік желіде сын айтып жатады.

"Адай жылқысына" төл мәртебесін беру туралы депсауал жолдап, мәселе көтерген сенатор Бекбол Орынбасаровтың айтуынша, әлемде қазақтар сияқты "мемлекеттілікті қорғау мен қалыптастыруға қосқан баға жетпес үлесі үшін" жылқыға қарыздар бірде-бір ұлт жоқ. Төрткүл дүниедегі тоғызыншы территорияны қолында ұстап қалуда қазаққа осы жылқы жануар жәрдемдесті.

Батыс ғалымдары жылқының алғаш Қазақ жерінде үйретілгенін ресми мойындағаннан кейін National Geographic жеке деректі фильм түсіріп, "тұңғыш көлікті адамзатқа қазақтар сыйлады" деп дәріптеді, аттың қолға үйретілуі арқасында әлемдегі өркениет серпінді дами бастағаны туралы жоғары баға берді.

Сәйгүліктері арқасында ата-бабамыз Еуразия құрлығына билігін жүргізіп, ен жайлады. Бақ-дәулетке кенелді, құрлықаралық сауданы өркендетті, дүниежүзінің өркениетке барар бағытын айқындады. Сондықтан басқа басқа, дәл Қазақ халқы қай дәуірде де ата-баба мұрасы ретінде жеті қазынаның бірі – жылқы малының қадір-қасиетіне жетіп, дәріптеп отырса, орынды.

"Алайда әлі күнге дейін, Ұлы даламыздың ұлттық құндылығы саналатын жылқы жануарына тиісті баға бере алмай келеміз. Мысалы, қазақтың "Адай" жылқысы атадан мирасқа қалған төл түлектердің бірі. Ол "дербес тұқым тобы" ретінде қалыптасып үлгерді. Бұл жылқылар қатал климаттық жағдайларға өте жақсы бейімделуімен ерекшеленеді және шөл мен құрғақшылыққа шыдамды, сондай-ақ ұзақ қашықтыққа шабуға өте төзімді болып келеді. Оның генотиптік және фенотиптік шығу тегі ХІХ ғасырдан бастап, әр елдің саяхатшылары мен ғалымдарының ғылыми-өндірістік зерттеу нәтижелерімен толық айқындалған", – деді сенатор.

"Қазақ мал шарушалығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты" жүргізген экспедициялық зерттеу барысында анықталғандай, бүгінде "Адай" типтік жылқылар саны 90 мыңға жуықтаған.

Б.Орынбасаровтың мәліметінше, Қазақстанда осы салада селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстар жүргізуге 2022 жылы бюджеттен тыс қаражат есебінен 20 млн теңгедей ғана бағытталыпты. Бұл қаражат міндеттерге қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған. Шынында, селекциялық шараларды тиімді ұйымдастыруға кемінде 300 млн теңге қаржы қажет көрінеді.

"Адай" жылқысы дербес тұқым ретінде танылмақ

Жылқы шаруашылығымен айналысатын азаматтардың күш-жігері, қамқорлығы арқасында "Есболай жирен", "Есболайторы" және "Амандықторы" секілді "Адай" жылқыларының генелогиялық желілері 2010 жылы сынақтан өтіп, патенттелді. Бұған қоса, елімізде бірнеше рет кешенді бағалау стандарттары жүргізілген: соңғысы 2009 жылы өткізілді.

Осылайша, сарапшылардың пікірінше "Адай" жылқысын "Дара тұқым" деп тануға толық обьективті алғышарттар бар. Бұл не үшін қажет?

Қазіргі кезде Қазақстанның өзінде спорттық бағыттағы шетелдік "Ақалтеке", "Араб", "Ағылшын" секілді жатжұрттық жылқылар және олардың тұқымаралық будандары пайдаланып, дамытылуда. Күні бүгінге дейін "Адай" жылқысы секілді қазақы тұқымдар тек "тұрпат" (тип) түрінде қабылданып жүр. Олар халықаралық аренаға шығып, танылуы үшін "дара тұқым" мәртебесін беру қажет.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов сенаторларға жауап хатында жақсы бір жаңалығын жеткізді. Таяуда 2024–2026 жылдарға арналған үшжылдық республикалық бюджет қабылданғаны мәлім. Соның ішінде  бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында "Қазақ жылқылары мен Қостанай тұқымының салт мініс қасиеттерін сақтау және жетілдіру" ғылыми-зерттеу бағдарламасын іске асыру қолдау тапты.

Бағдарламаға 3 жылға жалпы көлемі 682,5 миллион теңге қаражат бөлініпті. Адай жылқысы да соның аясында қолдау көруге тиіс.

"Осының арқасында салт мініс бағытындағы жылқылардың жаңа селекциялық сипаттамаларын алу жоспарлануда. Бұл жылқыларды халықаралық аренаға шығаруға мүмкіндік береді. "Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы" заңға және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ауыл шаруашылығы жануарларының жаңа тұқымдарын, типтеріне, желілері мен кростарына сынақ жүргізуді тәртібін бекіту туралы" шешіміне сәйкес, бұл бағдарламаның нәтижелері бойынша "Адай" типіндегі жылқылардың селекциялық жетістіктерін және "Адай" жылқысы тұқымын тану жүзеге асырылатын болады. Бұл құнды, асыл тұқымды ресурстарды дұрыс пайдалануға серпін береді", – деп уәде етті Әлихан Смайылов.

Премьер "асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде "Адай" жылқысы тұқымын дамыту және жетілдіру мәселесі Үкіметтің бақылауында" екенін мәлімдеді.

Қазірдің өзінде "Адай" тұқымды жылқылардың бағасы миллиондаған теңгеге дейін барады. Мамандар алыс қашықтықтарды еңсеруде "Адайларға" ең үздік араб және ағылшын тұқымдастары жол беретінін мойындады. Енді оны дербес тұқым деп танып, лайықты мәртебе беру қалып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу