Мектептің негізгі міндеті – математикалық модель мен алгоритмнен бастап электрондық компоненттер мен дайын құрылғыға дейінгі технологиялық үдерісті толық түсінетін мамандар даярлау.
Мектептің таныстырылымы NU-да өткен Ашық есік күні аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен өтті.
"Қазақстан үшін жасанды интеллектіні жаңа фактор, күш деп айтуға болады. Ол ұлттық экономикамыздың, өндірісіміздің, еңбек өнімділігінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бүгінгі мектептің ашылуы біздің ұлттық жауабымыз деп айтуға болады", – деді министр.
Оның айтуынша, жасанды интеллектінің дамуы генеративті модельдермен ғана шектелмейді. Келесі кезеңде күрделі міндеттерді өздігінен орындай алатын Agent AI және жасанды интеллектіні физикалық әлемде қолдануға мүмкіндік беретін Physical AI технологиялары кеңінен дамиды.
"Сондықтан осы өзгерістерге дайын болуымыз керек. Ал оларға дайындық тұрғысынан NU өте қолайлы алаң деп айтуға болады", – деді министр Саясат Нұрбек.

SCAI таныстырылымында зерттеулер және инновациялар жөніндегі вице-декан, профессор Дөрбетхан Сұраған мектептің негізгі міндеттері мен мүмкіндіктеріне тоқталып, мұнда компьютерлік ғылымдар, робототехника, математика, деректер ғылымы және қолданбалы жасанды интеллект бағыттары бойынша мамандар даярланатынын айтты. Сонымен қатар университет технологияларды меңгерумен қатар, оларды нақты салаларда қолдануға бағытталған білім беру бағдарламаларын дамытуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, қазір мектепте 2 100-ден астам студент білім алады, ал құрамында - 70-тен астам профессор бар.
"Біз бұл мектепті дәл қазір болып жатқан және экономикамызды, ғылыми зерттеулер жүргізу тәсілдерін әрі бизнес жүргізу үлгілерін өзгертіп жатқан парадигмалық өзгерістерге бейімделу үшін құрдық", – деді SCAI деканы, профессор Атакан Варол іс-шара барысында.
Профессор Атакан Варолдың айтуынша, жасанды интеллектінің дамуы есептеу архитектурасының өзіне де өзгеріс әкеліп жатыр. Бүгінде есептеулердің едәуір бөлігі қашықтағы серверлерде орындалса, болашақта тапсырмалардың барған сайын көбі тікелей құрылғылардың өзінде орындалатын болады. Сондықтан жасанды интеллектінің бағдарламалық қана емес, электрондық компоненттерді де түсінетін инженерлерді даярлау SCAI дамуының маңызды бағыттарының біріне айналады.
"Мектепті құру кезінде біз ұзақ мерзімді нәтижелерге басымдық бердік. Оның құрылымына математиканы да енгіздік. Бұл – әлемдік тәжірибеде де сирек кездесетін тәсіл. Біз үшін барлық студенттердің мықты іргелі білім алғаны маңызды. Бүгінде жасанды интеллект саласындағы жетекші компаниялардың зерттеу топтарына қарасақ, олардың көптеген мүшесі кезінде Халықаралық математикалық олимпиадалардың жүлдегері болғанын көреміз", – деді SCAI деканы Атакан Варол.

Жаңадан құрылатын Робототехника орталығы NU экожүйесінде маңызды рөл атқармақ. Орталықтың міндеті – жасанды интеллектіні физикалық жүйелермен біріктіретін Physical AI технологияларын дамыту және оларды өнеркәсіп пен экономиканың басқа да салаларында практикалық тұрғыдан қолдану жолдарын іздеу. NU-дың пайымдауынша, мұндай тәсіл студенттер мен зерттеушілерге ғылыми жарияланымдармен ғана шектелмей, болашақта жаңа өнімдер мен компаниялардың негізіне айналуы мүмкін прототиптер әзірлеуге мүмкіндік береді. 2030 жылға қарай мектеп 30-дан астам deep-tech стартапын құруға ықпал етуді жоспарлап отыр.
Мектеп 2019 жылы NU-да құрылған Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтымен (ISSAI) тығыз ынтымақтастық орнатып, Shabyt, Muon және Irgetas суперкомпьютерлерін пайдаланады. Олардың ішіндегі ең қуаттысы – NVIDIA H100 графикалық процессорларымен жабдықталған есептеу тораптары бар Irgetas жүйесі. Бұл ресурстар күрделі жасанды интеллект модельдерін оқытуға, үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге, ресурсты көп қажет ететін есептеулерді орындауға және модельдеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта мектеп Гонконг политехникалық университетімен бірлесіп жасанды интеллект бойынша бакалавриат бағдарламасын, жасанды интеллектіні түрлі пәндік салаларда қолдануға бағытталған "AI for X" PhD бағдарламасын, киберқауіпсіздік бойынша магистратура бағдарламасын, сондай-ақ есептеу технологиялары және Deep FinTech бағыттары бойынша кәсіби магистратура бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр.
Ұзақ мерзімді перспективада NU SCAI алдына Қазақстанның компьютерлік ғылымдар саласындағы халықаралық ғылыми кеңістіктегі орнын нығайту міндетін қойып отыр. Профессор Дөрбетхан Сұрағанның айтуынша, компьютерлік ғылымдар және математика бойынша бакалавриаттың екі білім беру бағдарламасы жаһандық технологиялық компаниялар мен жұмыс берушілер жоғары бағалайтын америкалық ABET аккредитациясынан өтті. 2030 жылға қарай мектеп Times Higher Education пәндік рейтингінің компьютерлік ғылымдар бағыты бойынша үздік 250 университеттің қатарына енуді жоспарлап отыр.