banner

Нұр-Сұлтанда 27 елдің қатысуымен азық-түлік қауіпсіздігі талқыланып жатыр

2996

"Тұрақты байланыс болмаса, елдер арасында түрлі келеңсіздік туындауы мүмкін".

Нұр-Сұлтанда 27 елдің қатысуымен азық-түлік қауіпсіздігі талқыланып жатыр

Нұр-Сұлтанда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) Іскерлік кеңесінің бесінші пленарлық сессиясы және жетінші бизнес-форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Пандемиядан кейінгі және геосаяси тұрақсыз қазіргі экономикалық жағдайда шағын және орта бизнесті цифрландыру өте өзекті. Сонымен бірге тамақ қауіпсіздігі де өте өзекті болып тұр. Азық-түлік шикізатын уақытылы жеткізу, уақытылы өңдеу және өсіру қиындап барады, сондықтан халықаралық қауымдастық бұл тұрғыда қалай әрекет ете алады, бұзылған жолдарды қалай жөндейді – міне, осы мәселе бүгін қаралады", – деді АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай журналистерге. 

Жиынға 13 елдің өкілдері тікелей қатысуға келді. Жалпы кеңеске 27 ел мүше. Қалған елдер онлайн қатысып отыр.

"Бұл жерге мемлекет басқарушыларымен қатар қаржыгерлер де, дихандар да, өнеркәсіпшілер де келді. Олар өздерінің ұсыныстарын және үкіметтердің ұсыныстарына қатысты ой-пікірлерін айта алады. Бизнес өкілдері жаңа жетістіктерін айтып береді", – деді Сарыбай. 

Оның айтуына қарағанда, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде тауардың бағасы ғана емес, тауардың өзіне қатысты проблема бар. Яғни өнімді өсіру керек, үкіметтер инфрақұрылымға қаржы құюы керек. "Мысалы, жол салу, хабтар салу, қоймалар салу керек. Тағам тұтынушыға бұзылмай жетуі керек".

"Қазіргі таңда әлемде түрлі жанжалдар болып жатыр. Олардан туындайтын келеңсіздікті бір жолмен ғана еңсеруге болады, бұл – халықаралық қатынастарды, көпжақты дипломатияны дамыту, тиімді келіссөздерге келу, ортақ жобаларды жүзеге асыру. Мысалы, транзитке, тасымалдауға қатысты. Жалпы айтқанда елдер тұрақты түрде өзара байланыста болуы керек. Өйткені қиын-қыстау жағдайлар туындап қалуы мүмкін. Бүгінгідей іс-шаралардың мақсаты да сол",  деді Сарыбай.

АӨСШК Іскерлік кеңесі бүгінгі жиын қорытындысында шағын және орта кәсіпорындарды дамыту, бизнес үшін пандемия салдарын еңсеру, сондай-ақ бүкіл өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықтың одан әрі перспективалы бағыттары бойынша маңызды ұсынымдар қабылдайды.

"Биыл Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің 30 жылдығы. "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы атынан атаулы датамен құттықтаймын. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес – халықаралық деңгейде өзара іс-қимыл үшін тиімді алаң. АӨСШК Іскерлік кеңесі мен бизнес-форумының пленарлық сессияларында өте өзекті мәселелер талқыланады. Бұл жолғы бизнес-форум бағдарламасы заманауи кәсіпкерліктің маңызды салаларын қамтыды. Тақырып: шағын және орта бизнесті цифрландыру, пандемия және карантиндік шектеулер жағдайында бизнесті жүргізу, сондай-ақ Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігі. Бұл мәселелер бүкіл өңірдегі бизнес-қауымдастыққа қызықты. "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының да ерекше назарында",  деді Райымбек Баталов,

"Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының төралқа және басқарма төрағасы, сондай-ақ Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің іскерлік кеңесінің басқарма төрағасы.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу