Нұр-Сұлтанға қаһарлы ызғар төніп келе жатыр

4986

Қала ары қарай көк түтінге қақала бермек. 

Нұр-Сұлтанға қаһарлы ызғар төніп келе жатыр Фото: informburo.kz

Ақмоланың байырғы тұрғындары астанаға өкпелі.

Солардың бірі, эколог Николай Тихонюк қаланың улы түтінге көмілуіне заманауи заңғар ғимараттарды айыпты санайды.

"Әкім осы тақырыпты тілге тиек ете қалса, бәріне пеш жағатындар кінәлі деп шығады. Ақмола кезінде де, Целиноград тұсында да жергілікті тұрғындар, тіпті, әкімшілік нысандар негізінен пешпен жылытылды. Бірақ қала түтінге бөкпейтін. Олардың бәрі табиғатпен үйлесті. Мұржалардан будақтаған түтін аспанға көтеріліп, тез тарап, жоқ болатын. Кейін осы жерде жаңа қала салу кезінде желдің қозғалыс бағыты еш ескерілмеді. Салдарынан желдің жолын биік ғимараттар жауып тастады. Қазір пеш жағатын үйлер еселеп азайды. Сонда да елорда тау ортасында емес, сайын далада отырып, күз, қыс және көктемде қалпымен түтінге тұншығады. Ертең жерүйлердің бәрі ысырылар, коттедждер газға көшер. Бірақ лайықты желдетілмейтіндіктен, қала бәрібір көліктердің шығарынды газына бөгіп қала береді", – дейді сарапшы.

Осының алдында астана әкімдігі "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы аяқталған соң, елорда таза "көгілдір отынға" көшіп, ауа тазаратынын мәлімдеп жүрді. Ал енді олай болмайтыны белгілі болып отыр.

Нұр-Сұлтан тұрғыны Назерке Мухлисова осы газдандыру мәселесін көтеріп, әкімге хат жазыпты.

"Қалада ауа барған сайын нашарлауда. Түнде терезені аша алмай қалатын дәрежеге жеттік. Аша қалсаң, улы әрі қалың түтін қолқаны қабады. Бүгінде жеке үйлер, коттедждер пеш жағуға кірісті. Олар "Ақбұлақ-2" ауданында көп. Құбыр елорда іргесіне келіп тұр деп естідім. Осындай аудандар газдандырылатыны, сонда экология жақсарып, тұрғындардың денсаулығына оң ықпал ететіні туралы көп айтылды. Бұрын "Сарыарқа" туралы жағы талмай баяндаған әкімдік енді жеке секторға қашан газ келетіні туралы тіс жармайды. Қытымыр қыс келе жатыр, проблема тіптен ушығады. Нұрсұлтандықтар үшін көшеге шығу денсаулыққа қауіпті болып барады", – дейді ол.

Қала әкімі Алтай Көлгінов оған жауап хат жіберіпті.

"Өтінішіңізді қарай келе, келесіні хабарлаймын. Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпараты бойынша "Нұр-Сұлтан қаласын газдандыру" техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес, сіз айтып отырған ауданды газ тарату желісіне қосу қарастырылмаған. Тиісінше, ол бағытта газбен жабдықтау желілерін жобалау және салу мүмкін емес", – деді А.Көлгінов.

Астаналық Самира Сақбай да елорданың көптеген ауданында әлі күнге орталықтандырылған жылу жүйесі жоқтығына шағымданады. Адамдар суықта тірідей қатып қалмау үшін пеш жағуға мәжбүр. Шенеуніктер болса, жағдай жасау, аспанмен бой таластырған алып ғимараттарды дұрыс жобалау орнына қарапайым тұрғындарды кінәлаумен жүр.

"Елорданың оңтүстік-шығыс шағын-ауданына, қала шетіне емес, дәл орталығына орталықтандырылған жылу құбырлары тартылмаған. Көпқабатты тұрғын үйлер де, мектептер де, емханалар да "смог" кесірінен терезелерін аша алмайды. Осыны елегісі келмей ме, әлде мазағы ма, билік коронавирустан қорғану үшін терезені ашып, жиі желдетіп тұрыңдар дейді. Оның үстіне жылудың жоқтығы астаналықтардың денсаулығын құртуда. Үйде отырып, үсіп кетпеу үшін адамдар көлік доңғалағын, қоқысты, арзанқол, сапасыз көмірді жағуға мәжбүр. Салдарынан атмосфераға улы шығарындылар тасталуда. Ал қаланың "Оңтүстік-Шығысы" – халық тығыз тұратын аудан. Бұдан бөлек, "Шұбар" шағын ауданында да халық негізінен пеш жағады. Ол да елорданың дәл ортасында. Әкімдік болса, газдандыру проблемасын әзір шешер емес", – дейді ол.

Рас, әкімдіктің дерегінше, "Оңтүстік-Шығыс" тұрғын үй алабына келесі 2021 жылы табиғи газ берілуге тиіс екен.  

Ал "Шұбарға" 2023 жылдан ерте "көгілдір отын" құбыры бармайды. Одан да кешігуі мүмкін.

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов елорданы газдандыру мәселесі ел басшылығының бақылауында екенін жеткізді.

"Бүгінде "Железнодорожный" елді мекенінде газ тарату желілері 100% салынды. "Промышленный", "Көктал-1", "Көктал-2" елді мекендерінде жұмыстар аяқталу сатысында. Ұқсас жұмыстар "Агроқалашық" пен "Оңтүстік-Шығыс" елді мекендерінде жүргізіліп жатыр. Үйлерді газға қосып, техникалық шарттарды алу үшін үш елді мекенде фронт-кеңселер ашылды. Техникалық шарттарды беру тегін. Жеке сектордың тұрғындары үшін үйге есептегіштер тегін орнатылады", – деді қалабасы.

Оның мәліметінше, биыл ЖЭО-1 мен ЖЭО-2-нің бірқатар қазандықтары газға ауыстырылады. Бірақ бәрібір толық газға көшпейді. Жылу электр орталықтары қажеттілігіне қарай газбен де, мазутпен де, көмірмен де жұмыс істей береді.

Қалай болғанда, елорда көк түтіннің тұңғиығына ары қарай бата түсетінге ұқсайды. "Қазгидромет" РМК бас директоры Данара Әлімбаева алдағы қараша айының бірінші жартысында астанаға қыс келетінін жеткізді.

"Қараша айында жауын-шашын, қар, қарлы боран, сондай-ақ көктайғақ пен тұман жиі болады. Айдың бірінші жартысының ең суық күндерінде термометр бағанасы түнде -10-23°C, күндіз -2-10°C дейін төмендейді. Бір ай ішінде жылы күндер түпкілікті аязды күндерге ауысады деп күтілуде. Осылайша, қарашада қар жамылғысы пайда болады. Желтоқсан мен қаңтар айлары да қарлы-боранды, ара-тұра аязды болады. Ақпан айында жауған қар мөлшері нормадан көп болады деп болжанады", – деді Данара Әлімбаева.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу