Нұрбол Жұмасқалиев бас бапкерлік қызметінен кетті

Бұған "Тобыл" футбол клубының ҚПЛ-дегі сүреңсіз ойындары тікелей себеп саналған болуы мүмкін.  

Нұрбол Жұмасқалиев бас бапкерлік қызметінен кетті Фото: kazfootball.kz

Бас бапкердің орнын босатқанын команданың ресми парақшасы мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Тобыл" аты аңызға айналған экс-футболшының бапкерлігімен елеулі нәтижелерге қол жеткізді деуге негіз бар. Команда Қазақстан кубогы мен суперкубогын жеңді, сондай-ақ чемпионаттың қола жүлдегері атанды.

– "Тобыл" клубтың аңызы Нұрбол Жұмасқалиевке атқарған жұмысы, кәсібилігі және команданың дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдіреді, – деп жазылған хабарламада.

Нұрбол Жұмасқалиев 1981 жылы 11 мамырда туған. Кәсіби мансабында "Нарын" (Орал), "Жетісу" (Талдықорған), "Тобыл" (Қостанай), "Астана", "Ертіс" (Павлодар) клубтарында доп тепті.

Ол 2018 жылдан бері "Тобылда" бас бапкер, Қазақстан 21 жасқа дейінгі жастар, ұлттық құрамада бас бапкердің көмекшісі қызметін атқарды.

– Мен "Тобылдың" бас бапкері қызметінен кету туралы шешім қабылдадым.

Бұл менің мансабымдағы өте маңызды кезең болды. Дәл осы жерде мен бапкер ретінде алғашқы трофейлерімді жеңдім, осы уақыт ішінде біз бірге даңғыл жолдан өттік.

"Тобыл" – менің өмірімдегі ең басты клуб. Мұнда мен ойыншы ретінде қалыптастым, Қостанай маған өте көп нәрсе берді.

Облыс басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Соңына дейін команданы қолдаған жанкүйерлерімізге ерекше ризашылығымды айтамын, клуб мұны шынымен бағалайды.

Бапкерлік штабқа, клуб қызметкерлеріне, командаға, мені қолдаған барша жанға рақмет!

Қазір команда жағдайды түзетіп, қиын кезеңнен шығып, турнирлік кестеде жоғары көтеріледі деп сенемін. "Тобылға" барлық турнирде сәттілік және жаңа жеңістер тілеймін, – деп жазды Нұрбол Жұмасқалиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу