Нұрлан Әбдіров сайлау комиссиялары сақтауы тиіс талаптарды атады

174

ОСК төрағасы өңірдегі сайлау учаскелерінің дайындығын тексерді.  

Нұрлан Әбдіров сайлау комиссиялары сақтауы тиіс талаптарды атады Фото: kaz.inform.kz

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров пен ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов Маңғыстау облысына инспекциялық сапармен барып, Құрылтай сайлауына дайындық жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жұмыс сапары барысында ОСК өкілдері Жаңаөзен және Ақтау қалаларындағы сайлау учаскелерінің жұмысымен танысып, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларымен, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті.

Жаңаөзендегі №89 және №283 сайлау учаскелерінде азаматтардың сайлау құқықтарын жүзеге асыруына жасалған жағдайлар қаралды. Сонымен қатар ақпараттық бұрыштардың жабдықталуы, қажетті сайлау материалдарының болуы және олардың сайлаушыларға қолжетімділігі тексерілді.

– Сайлау комиссиялары өз қызметінде азаматтардың дербес деректерін қорғауға ерекше мән береді. Бұл тәсілдің элементтерінің бірі — арнайы трафареттің пайдаланылуы. Ол бірнеше сайлау науқанынан бері қолданылып келеді. Трафараретті сайлаушылардың жалпы тізіміне қойған кезде, азамат тек өзіне қатысты дербес деректерді көреді және тиісті бағанға қол қояды. Бұл жаңашылдық сайлаушылардың деректерін қорғауды қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды деп санаймын, – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Нұрлан Әбдіров бастаған жұмыс тобы бірқатар сайлау учаскелерінің, оның ішінде биыл жаңадан ашылған учаскелердің жұмысы да назардан тыс қалмады. Әсіресе азаматтардың барлық санатына, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасауға көңіл бөлінді. Сайлау учаскелерінің бірінде баспалдақпен өздігінен көтеріле алмайтын азаматтарға арналған шынжыр табанды көтергіштің жұмысы көрсетілді.

Сапар аясында Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Маңғыстау облысының мемлекеттік органдары өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Жиында өңірдің Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындығы талқыланды. Облыс әкімдігі, прокуратура, ішкі істер органдары, төтенше жағдайлар және әлеуметтік қорғау саласының өкілдері атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

ОСК төрағасы сайлауды сапалы ұйымдастыру үшін мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының өзара үйлесімді жұмысы маңызды екенін атап өтті. Ол дайындық шараларын жүйелі жүргізіп, заңнама талаптарын қатаң сақтауды және әр сайлаушының құқықтарын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ Ақтау қаласының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларымен кездесуде дауыс беруді ұйымдастыру, сайлау құжаттарын рәсімдеу, байқаушылар және БАҚ өкілдерімен жұмыс істеу тәртібі түсіндірілді.

Жазғы кезеңде азаматтардың бір бөлігі демалыста болатынын ескере отырып, Нұрлан Әбдіров сайлаушыларға есептен шығару куәліктерін пайдалану тәртібін түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

– Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін ашық, әрі үйлесімді жұмыс істеуге, сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге және азаматтардың сайлауға қатысу конституциялық құқығын іске асыруына жан-жақты жәрдемдесуге шақырамын. Әрқайсыңыздың кәсіби әрі жауапты жұмысыңыз азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуына, сайлаудың заңдылық және жариялылық қағидаттарының қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты, – деп қорытындылады Нұрлан Әбдіров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу