Нұрлан Байділдә қалай екі елді қатар алдап жүр?

11164

Ұлттық компаниялар тендерінен табыс табам дегендер сазға отырды. 

Нұрлан Байділдә қалай екі елді қатар алдап жүр?

Елімізде бизнестегі алаяқтықтың жаңа түрі дамуда. Ол Ресей мен Қазақстанда "развод в тендерах" деген атпен белгілі.

Оның түрлі схемасы бар. Мысалы, алаяқ тендерге қатысушы бизнесмендерге қоңырау шалып, сметаның 5–7% көлемінде бөліссе, тендердегі жеңісті кепілдендіретінін хабарлайды. Бұған тапсырыс берушімен жеке таныстығы немесе туыстығы есебінен қол жеткізбек. Әрине, осыған көзін жеткізу үшін тапсырыс беруші квазимемлекеттік сектор кәсіпорны немесе меморган басшысының жеке басына қатысты жұрт біле бермейтін деректерді пайдаланады.

Қазіргі кезде коррупцияға қарсы агенттік тегеурінді іс-қимылға көшкендіктен, көптеген шенеуніктер тікелей "откат" ала алмайтынын кәсіпкерлер де біледі. Салдарынан кейбір адам алаяқтар тұзағына түсіп қалады. Оның үстіне қаскөйлер бар соманы тегіс аударуды талап етпейді: "жеңісті бірге тойлаймыз, сонда берерсіз" дейді. Тек соған дейін келісім бекіту үшін қажетті құжаттарды ұсынуды сұрайды, тиісті тізім де жолданады, оның ішінде көбі стандартты құжаттар. Алайда арасындағы бір анықтамаға ақша төлеу қажет: тариф 150 мыңнан 500 мың теңгеге дейін құбылады. Анықтама ақысы төленген соң, жеңісті уәде еткендер ізім-ғайым жоқ болады.

Ал қазақстандық кәсіпкер Нұрлан Байділдә басқа схемасын тапқандай. Ол ұлттық компаниялардың, ұлттық холдингтердің және басқасының "майшелпек" тендерін ұтып алу үшін бизнесмендерден және қарапайым халықтан ақша жинайды.

"YouTube платформасында кәсіпкер Нұрлан Байділдә "Самұрық-Қазынаның" тендеріне қатысу үшін алдын ала біліктілік іріктеуінен өту тәсілдерін ұдайы жарнамалап жүр. Мен оның айтқанына сеніп қалдым. Сондықтан бір жыл бұрын, 2019 жылғы 28 қарашада қатысуға бел будым. Жарнамалық роликтерінде көрсетілген реквизиттерге 100 мың теңге көлемінде ақша жолдадым. Осыдан кейін Tender First компаниясынан телефон шала бастады. Олар таяу уақытта менімен байланысып, тіркеу рәсімін жүргізетіндеріне сендірді. Бірақ бәрі сонымен, сөзбен тынды. Ары қарай тек мен қоңыраулатумен болдым. Қаншама рет жаздым. Олар негізінен хаттарымды елемей тастайды, жауап жазғанның өзінде бос уәдемен тойдырады", – дейді кәсіпкер Д.Таубаев.

Ол Н.Байділдәнің жеке инстаграмына да жазыпты.

"Жақында ол маған мәселенің анық-қанығын анықтайтынын, ақшамды қайтаратынын хабарлады. Алайда осыдан кейін өзі жай ғана Instagram парақшасын ауыстыра салды, ал мені бұғаттап тастады. Мен оның тікелей эфирлеріне де ауызша келісімді орындауға тиістігін есіне салып, жиі жаздым. Елемейді. Құқық қорғау органдары оның махинацияларын тыйса жөн болар еді. Өйткені оның ісіне ақшасын салғандар бәрібір оны қайтара алмайды. Алғанның өзінде қаражат картаға аударылатын көрінеді, ешқандай жазбаша келісімге отырмайды. Салық төлемейді, фискалдық чек бермейді. Мен секілді алданғандар да жетеді. Ұрлаған ақшаларымызды қайтарсын", – деп Д.Таубаев құзырлы органдарға шағыммен жүгінген.

Нұрлан, әрине, мұндай айыптаулармен келіспейді. Ол өзін 14 жылдан бері тендермен айналысып келе жатқан кәсіпкер ретінде таныстырады. Ісінің "алға басқаны" сонша, енді Ресейдің алып нарығын игеру үшін Мәскеуге кеткен.

Нұрлан Байділдә өз қызметін Рунетте де белсенді ілгерілетуде. Мысалы, солтүстік көршідегі бизнес тақырыптағы бірінші табысты арна саналатын "Трансформаторда" Дмитрий Портнягин ол туралы бір емес, екі рет бағдарлама түсірді.

Ресейде алаяқтарды әжуалап, әшкерелейтін ютуб-арна жүргізушісі, зерттеуші Никита Работников оның сөздерін жоққа шығарды.

"Менің сюжеттерімді оның суқаны сүймейді. Себебі оған аңқау-алаңғасарларды алдауына кедергі келтіруге тырысудамын. Қазақстанда да, Ресейде де тендер нарығының өзегін, өне-бойын керемет коррупция жайлаған. Нұрлан осыны пайдаланады: ол, тіпті, бизнестен мүлдем алыс адамдарды тартып, тендерден ақша табасың деп қызықтырады. Оның клиенттерінің 70–80 пайызы – қарапайым дәрігерлер, мұғалімдер және басқасы. Олардың ақшасы әлдебір делдалдарға кетеді. Ал бұл істің қауіп-қатері туралы ол ештеңе де айтпайды. Тендердің айналасы тәуекелге толы. Оны жеңу үшін тендерлік қамтамасыз етуді енгізу керек. Тендерді ұтқаннан кейін контрактіні мүлтіксіз орындау керек. Уақытылы және толық көлемде орындамасаң, жосықсыз жеткізуші атанасың, шығынға отырасың", – дейді Н.Работников.

Айтпақшы, Нұрлан Байділдә сұхбатында "жеке өзінің де көп ақша жоғалтқанын" мойындады.

Нұрланның сайтында осының алдында "Ресейде 3 ай ішінде 626 миллион рубль табыс тапқаны" туралы ақпарат болған. Никита Работниковтің мәліметінше, шынында ол сома әрі кетсе 20 миллион рубль ғана көрінеді.

Бүгінде Ресейде тендерді орындамағаны үшін аталған компания "жосықсыз жеткізушілер реестрінің" "қара тізіміне" кіргізілгені мәлім болды. 

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу