"Нұрлы жер" халыққа қамсау емес, жемқорға жемсау боп тұр

Мемлекеттік аудит 71 жүйелі олқылық тапқан. 

"Нұрлы жер" халыққа қамсау емес, жемқорға жемсау боп тұр Фото: inform.kz

"Нұрлы жер" бағдарламасының нұры мен жылуы баспанаға мұқтаж қарапайым қазаққа қамсау болмай тұр. Қамсаулығынан жемсаулығы басым бағдарламаның көптеген күмәнді тұсын қайта қарамаса, үйсіз-күйсіз қазақтың саны еселеп арта бермек. Ал желге ұшқан ақшаның сұрауы тым солқылдақ. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 27 беттен, 71 пунктен тұратын аудиттік қорытындысын оқып шығып, осындай ой түйдік. 

Құжаттың толық атауы – "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының іске асырылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары".

Қамтыған кезеңі: 01.01.2017– 30.06. 2020. Нарықтағы жағдайды толық түсіну үшін 2015-2020 жылдар аралығына жалпылама талдау да жасалыпты.

Сонымен, аудит қамтыған 714,5 млрд теңгенің 300,1 млн теңгесі қаржылық бұзушылықтармен игерілген. 145 рәсімдік бұзушылық тіркеліп, 92,4 млрд теңгенің бюджеті тиімсіз жоспарланған.

Аудит жүргізген сарапшылар 2012 жылдан бері баспана нарығын реттеу үшін қолға алынған ең сүйекті бағдарламалардың бірде -бірі аяғына дейін жетпей, орта жолдан тоқтатылғанына шүйлігіп отыр. Мемлекет қаражатын оңды-солды шашқан бағдарламалар қаншалықты тиімді болды деген сұрақтың жауабын табуға осы жайт кедергі болса керек.

 Жыл сайын әкімдер мен министрлердің "биыл бәлен  мың шаршы метр баспана беріліп, түглен отбасы үйлі болды" деп есеп беретіні бар. Осы көрсеткіштер елдегі баспана кезегін қаншалықты қысқартқанын саралап жатқан ешкім жоқ көрінеді. Яғни, салынған үйлер шынымен мұқтаж адамдарға тиіп жатқанына күмән бар деген сөз. Қысқарғаныңыз не, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алғысы келетіндердің саны жыл сайын өсіп келеді. 2017 жылдың қаңтарында  кезекте тұрғандар саны 428,4 мың адам болса, 2020 жылдың қаңтарында 540,9 мың адамға жеткен. Азаюдың орнына 112,5 мыңға көбейген.

Өңірлер арасында бұл көрсеткіш тіптен сорақы. Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында баспана кезегінің ұзын болуы әлеуметтік әділетсіздікті ушықтыратындай деңгейге жеткен.

 Бағдарламаның стратегиясында 2025 жылға дейін бір қазақстандықтың басында 26 шаршы метр пана болуы керек делінген. 2016 жылы орташа республикалық көрсеткіш  21,4 шаршы метр болғанын ескерсек, жүздеген миллиард теңгенің арқасында ол межені бағындыру әбден мүмкін шаруа еді. Бірақ ол да қағаз жүзінде ғана қалған.

 БҰҰ-ның әлеуметтік стандарттары бойынша, бір адам 30 шаршы метр баспанамен қамтамасыз етілуі керек. 2019 жылғы ресми статистика бойынша Қазақстанда бұл көрсеткіш 22,2 ш.м. ғана болған. Тек Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары баспана мәселесінде БҰҰ стандартына сай тұрмыс кешіп жатыр деген сөз.

1-бағыт. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу

Мемлекет сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлердің құрылысына қаржы бөлгенімен, оның игерілуіне аса құлықсыз-ау осы деген күмән туады кейде. 2017 жылдан бері осы мақсатқа республикалық бюджеттен бөлінген 969,1 млн теңге игерілмей қалған. Салдарынан 32,2 мың шаршы метр баспана қағаз бетінде қалған. Мұны тіпті Президенттің тапсырмасын саналы түрде кейінге ысыру деп бағалауға болады. Мемлекет басшысы жыл сайын 6 мың көпбалалы аз қамтылған отбасы мен 3 мың жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй беруді тапсырған еді. 2019 жылы аз қамтылған көпбалалы отбасыларға 5,5 мың пәтер, ал жұмыс істейтін жастарға деп 2,5 мың пәтер сатып алынған.

Тұрғын үй құрылысына қаржы бөліп, берілген үйлерді есепке алатын, баспана үлестіретін органдардың тарапынан тиісті бақылау болмағандықтан, әлеуметтік осал топтың өкілі ретінде кезекте тұрғандарға жалға берілетін үйлерді бөгде адамдар иеленіп отырған.

"Жергілікті атқарушы органдар ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2017-2019 жылдар аралығында 17 өңірде осы санаттағы отбасыларға 21 462 пәтер берілуі керек болған. Тексере келе, 2 354 пәтер бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне және тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған адамдарға беріліп кеткені анықталды. Яғни әкімдер ағымдық мәселелерді осал топтардың есебінен шешіп отырған. Сондай-ақ, инженерлік желілердің болмауы, құқық белгілейтін құжаттарды дайындау жөніндегі жұмыстардың ұзақтығы және т.б. себептермен 2 896 пәтер бөлінбеген күйінде тұр", деп жазылған аудит қорытындысында.

Осының салдарынан әлеуметтік тұрғыда осал топқа жататын арендалық баспана кезегіндегілердің саны бес жылда  205,5 мың адамнан 216,3 мың адамға өскен.

2-бағыт. Кредиттік тұрғын үй салу

Бұл бағытта 2019 жылы 9 млрд теңге игерілмей қалып,  "Тұрғынүй құрылыс жинақ банкінің" салымшыларына 634,2 мың шаршы метр баспана сатып алатын 10 667 қарыз беру жоспары орындалмаған. 10 мың қарыздың орнына 9 181 несие ресімделіп,  537,7 мың шаршы метр ғана баспана берілген.

Мемлекеттік аудит "5-10-20" бағдарламасының баспана кезігінде тұрған азаматтар үшін тартымды емес екенін растап отыр.

"Шын мәнінде, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте тұрған адамдар тегін тұрғын үй алу мүмкіндігіне ие бола отырып, пәтерлерді несиеге сатып алу үшін бастапқы жарнаны енгізуге толық мүдделі емес. О баста 210 млрд  теңге қарастырылғанымен, Ұлттық банк "Тұрғынүй құрылыс жинақ банкіне" 90  млрд теңге бөлді. Оның өзі толық игерілмеген", – делінген құжатта.

3-бағыт. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту 

Үй салатын жер алудың машақаты мұнда да ұзын сонар кезек туғызған.  Жер кезегінде тұрғандардың саны 2017-2019 жылдар аралығында 1 млн  533,7 мың адамға жеткен. Азаюдың орнына 115,4 мың адам қосылған.

 

Басты проблема – жер үлестіру кезіндегі "бармақ басты, көз қысты" әрекеттер. Жер ресімдеу тәртібі осындай әрекеттерге кеңінен ол ашып отырған көрінеді.

"Жер кодексінің 43-бабы бойынша жер учаскелерін беру тәртібі 9 кезеңнен тұрады. Іс жүзінде, Ұлттық экономика министрлігінің  2015 жылғы 27 наурыздағы №255 бұйрығының талаптары қосылып, процесс 15-тен астам кезеңнен тұратын күрделі шаруаға айналып кеткен. Жер учаскесін беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдау тәсілін қайта қарауды талап етеді", – деп жазады аудиторлар.

Жер кодексінің нормаларына және жер учаскелерін беру қағидаларына сәйкес жер комиссиялары дауыс беру арқылы шешім қабылдайды. Бұл мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі мемлекеттік саясатқа, транспаренттілік және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту қағидаттарына қайшы келетін дүние.

Жер комиссиясы отырыстарының уақытын  өзгертуге шексіз мүмкіндік берілгендіктен,  кезекте тұрғандар санын қысқартуға мүмкін болмай тұр. Жерді бөліп беруге арналған алаңдар және кезектілік тізімдері туралы ақпарат интернеттегі ашық көздер арқылы емес, ақпараттық стендтер мен БАҚ-тағы жарияланымдар арқылы ғана ұсынылып келеді.

Қолданыстағы заңнамада "орамішілік жолдар" деген ұғымды ашатын анықтама жоқ. Осы олқылық бағдарламаның мақсаттарына сәйкеспейтін жобаларды қаржыландыруға алып келді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында жалпы құны 6,9 млрд теңге болатын екі жоба ("Өскемен қаласындағы Самар тас жолына Қаныш Сәтпаев даңғылы арқылы шығатын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым" және "Алматы трассасына Карл Маркс даңғылы арқылы шығатын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы") жүргізілген.

Бір нысанға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды әртүрлі  бағдарламалардан тарту арқылы қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалғанын бағалауды қиындату әрекеттері де тіркеліпті.

Мысалы, 2019 жылы Павлодар облысы Екібастұз қаласының Ипподром ауданында жер үйлер салуға бөлінген аумаққа электр желілерін салу "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша, жылу желілерін салу "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы бойынша іске асқан.

4-бағыт. Жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру

"Құрылыс салушыларды ынталандыру есебінен екінші деңгейлі бакнтердің кредиттік портфелін 2017 жылдың өзінде-ақ 152 121,8 млн теңге сомасында субсидиялау көзделді. Бұл қаражат 5 жылдың ішінде 678,7 мың шаршы метр тұрғын үйді табыстау мүмкіндік беруге тиіс еді. Іс жүзінде 605,3 мың шаршы метр пайдалануға берілген", - деп жазылған аудит қорытындысында.

Жеке құрылыс салушыларды субсидиялау қағидалары пайдалануға берілетін пәтерлердің жоспарлы санын көздемейді. Яғни, қанша отбасы пәтер алғаны есепке алынбайды.

Мына қызықты қараңыз, "Нұрлы жер" бағдарламасының шартында мемлекеттен субсидия алған  компаниялар пәтерлердің кемінде 50%-ын үкімет бекіткен баға бойынша өткізуге міндетті.  Ал субсидиялау қағидасында бұл талап түсіп қалған.  Осы олқылықты пайдаланған құрылыс компаниялары мемлекеттің субидиясына үй салып, оны өз қалаған бағамен сата алады деген сөз.

5-бағыт. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарта отырып, тұрғын үй салу

Бағдарлама бойынша "Тұрғын үйді сатып алуға субсидияланатын ипотекалық тұрғын үй қарыздарының көлемі: 2017 жылы – 15 млрд теңге, 2018 жылы – 105 млрд теңге"; "Субсидияланатын ипотекалық тұрғын үй қарыздарының саны: 2017 жылы – 1 мың бірлік, 2018 жылы – 7 мың бірлік" болуы керек еді. Бастапқыда күтілген нәтижелер орындалмай жатқандықтан көрсеткіштердің бәрі азаю жағына түзетіліпті. Мысалы, 2018 жылы субсидияланатын ипотекалық қарыздар саны 7 мың болуы керек еді. Кейін оны 2,2 мыңға дейін түсірген. Осының арқасында есепте күтілген нәтиже 100 пайыз орындалды деп жазылған.

Қазақстандықтар ипотека ресімдеу үшін екінші деңгейлі банкке пәтер құнының кем дегенде 30 пайызын алғашқы жарна ретінде салуы керек. Есеп комитеті  бұл шарт ипотека нарығына жағымсыз әсер етіп отыр деген қорытындыға келіпті.

"Нұрлы жер" бағдарламасының "ҚИК" АҚ және "Даму" КДҚ" АҚ  сияқты операторларының ипотекалық қарыздар ресімдеп, жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялағаны үшін ақы алып отырған.

"Мәселен, "Даму" КДҚ" АҚ көрсететін қызметтердің құны 2017 жылы 10 700,0 млн теңге субсидия ресімдегені үшін 300,0 млн теңге ақы алса,  "ҚИК" АҚ 8 700,0 млн. теңге субсидия ресімдегені үшін 1 300,0 млн. теңге ақы алған. Яғни, Қазақстан ипотека компаниясының көрсеткен қызметі "Даму" қорына қарағанда 1,2 есе аз, ал сол үшін алған ақысы 4 есе көп", деп жазады есеп комитетінің мамандары.

Ең қызығы, 2017 жылы "Даму" КДҚ" АҚ жоспарланған 10 700,0 млн. теңгеден небәрі 191,8 млн теңгені немесе 1,8%-ын ғана ұсынған. Алайда қызмет ақысы ретінде төленетін 300,0 млн теңгені 100% игерген. "ҚИК" АҚ да 2017 жылы жоспарланған 8 700,0 млн теңгеден барлығы 666,7 млн теңгені немесе 8%-ын ғана сыұнып, қызмет ақысы ретінде төленетін 1 300,0 млн теңге 100% игерген.

2019 жылы күші жойылған 2017 – 2021 жылдарға арналған "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының орнына 2020 – 2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" бағдарламасының жаңа редакциясы қабылданды. Оны жоспарлауға жауапты құрылымдық бөлімшелері бола тұра, бағдарлама әкімшісі "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының қызметіне жүгініп,  99,1 млн теңге төлеген.

Біз есеп комитеті әшкере еткен олқылықтардың көпшілікке түсінікті дегендерін ғана сөз еттік. Қулығына құрық бойламайтын құйтырқы нормалар мен тетіктер шынымен де шаш етектен.  Осы сыннан бағдарлама әкімшілері қандай қорытынды шығаратынын уақыт көрсетеді.

Есімжан Нақтыбайұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться