Олар келесі жылдың соңында аяқталады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Үкімет үйінде Мемлекет басшысының "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдауында берілген міндеттер аясында экономиканың нақты секторын дамыту мәселелері туралы өткен баспасөз конференциясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев айтты.
Көлік саласында 712 млн тонна жүк тасымалданған. Шамамен 1,5 млрд жолаушы болған. Ал теміржол көлігімен транзиттік жүк тасымалдау көлемі 33,8 млн тоннаға жетіп, 15%-ға ұлғайып отыр.
– Барлық негізгі көрсеткіш бойынша оң серпін байқалады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елімізді Еуразияның көлік-логистика хабына айналдыру жөнінде нақты мақсат қойды. Біз көлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық береміз. Қазіргі уақытта 37 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Оларды келесі жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Жүк тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында шекарадан бастап халықаралық автодәліздердің бүкіл бағыттары бойынша – жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Оның сөзінше, бүгінде жол бойында 1 465 нысан жұмыс істеп тұр. Соңғы 3 жылда 221 нысан бой көтерді. Аталған жобаларға ірі компаниялар инвестиция салған. Бұл нысандар – сапа мен жайлылықтың жоғары стандарттарына сай келетін жанармай құю стансалары, қонақүйлер, дүкендер және техникалық қызмет көрсету стансалары орналасқан жол бойындағы тұтас сервистік кешендер.
2026 жылы Қазақстанда 11 мың шақырымға жуық автомобиль жолы құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Нұрлыбек Нәлібаев жылдың соңына дейін еліміздегі жақсы жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 95%-ға, ал жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 92%-ға жететінін баяндады.
– Осы жылдың соңына дейін "Рахман қайнары", "Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы", "Қызылорда – Жезқазған" және "Ақтөбе – Ұлғайсын" жолдары ашылады. Еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту үшін бірқатар жаңа жоба жоспарланды. Транзиттік автомобиль жолдарын дамыту аясында "Орталық – Батыс","Қарағанды – Жезқазған", "Ақтөбе – Ұлғайсын" бағыттарында, Сарыағаш қаласының айналма жолында құрылыс және реконструкциялау жұмыстары басталды, – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев.