Нұржол желек жолының төбесі көмкеріледі

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
21885

Астана әкімдігінде төбесі көмкерілген Нұржол желек жолының алдын-ала ТЭН-ін жасау туралы сөз қозғалды.

Нұржол желек жолының төбесі көмкеріледі

Елорда билігінің тапсырысы бойынша төбесі көмкерілген Нұржол желек жолы жобасының алдын-ала техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) әзірленіп жатыр.

"Біз Нұржол желек жолының төбесін жабуды жоспарлап отырмыз. Бұл істі танымал сәулетшілер қолға алды. Қазіргі кезде басты жоспар жөніндегі жұмыс аяқталып қалды, енді бірнеше айдан соң бекітіледі. Осыдан соң инвестиция тарту жөніндегі дүниежүзілік науқанымызды бастаймыз", – деді "Астана қаласының инвестиция және даму басқармасы" ММ-нің (Астана әкімдігі) басшысы Әлішер Әбдіқадыров дүйсенбі, 10 шілдеде ҚР сыртқы істер министрлігінде өткен консулдар конгресінде.

Сондай-ақ ол "Астана Спорт Сити" жобасына да тоқталып кетті, оның аясында Есіл өзенінің сол жақ жағалауында салынған ірі спорт нысандарын төбесі жабық жолдармен біріктіру жоспарланып отыр. Дәлірек айтсақ, сөз "Астана Арена", "Алау", "Сарыарқа" спорттық нысандары туралы болып отыр.

Біз бірнеше спорт нысанын салдық. Мұз айдындары, стадиондар. Олар бір-біріне жақын орналасқан, сондықтан біз олардың арасына төбесі жабылған жол салып біріктіруді жоспарлап отырмыз", – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Кейінірек ол алдын-ала ТЭН дайындалып жатқанын айтты.

"Қазіргі кезде шеберлік жоспары мен pre-feasibility study әзірленіп жатыр", – деді ол.

"Біз құжаттарды дайындап жатырмыз, осыдан соң роудшоу әзірлеп, инвесторларды тартуға көшеміз", – деп сөзін жалғады ол.

Сондай-ақ Әлішер Әбдіқадыров Нұржол желек жолы Астанадағы үйреншікті сауда-ойын-сауық орталығы болмайтынына тоқталып өтті.

"Қазір цифрлы технологиялар ғасыры, сауда-ойын-сауық орталықтарын салу тиімсіз, себебі адамдар интернет арқылы сауда жасауға көше бастады, сондықтан бұл өзіндік жабық кеңістік болады. Әрине, коммерциялық алаңдарға орын беріледі, бірақ бұл міндетті түрде дүкендер болады деген сөз емес.  Бұл орын адамдардың бір-бірімен кездесіп, бос уақытын жайлы өткізетін жер болады", – деді ол.

Жобаны болашақ инвесторларға таныстыру жобасы биылғы жылдың соңына қарай басталуы мүмкін. БАӘ-нің Calatrava Grace Corporation компаниясы қазірдің өзінде үлкен қызығушылық танытып отыр.

"Роуд-шоуды биылғы жылдың соңында не келесі жылдың басында бастауды жоспарлап отырмыз. Инвестолардың табылатыны күмәнсіз, себебі мемлекет басшысының Calatrava Grace Corporation-мен алғашқы кездесуі Дубайда өтті. Араб инвесторлары қазіргі кездің өзінде бұл жобаға қызығушылық танытып отыр", – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Жобаның нақты құны кейінірек белгілі болады.

"Мемлекет бюджетінен салым салынады деп көзделіп отырған жоқ. Жобаны толығымен инвесторлар қаржыландырады деп жоспарлап отырмыз", – деп сендірді ол.

Одан бөлек, әкімдік Астанаға жаңа әлемдік сауда желілерін тартуға ниет етіп отыр. Бұдан бұрын Астанаға Metro мен Interfood келген еді.

"Астанадағы сауда-саттықты өркениетті елдердегідей етіп, ірі сауда желілерін тарту үшін барлық әлемдік желілермен келіссөз жүргізіп жатырмыз, себебі бұл қаланың дамуына тың серпін береді. Қазіргі кезде барлығымен жұмыс істеудеміз. Бұл міндетті түрде Auchan болуы тиіс емес, басқа компания болуы мүмкін, бірақ қазір барлығын тарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Олардың нарыққа кіру шарттарын талқылап жатырмыз. Кейбіреулері салық жеңілдіктері болса екен десе, енді біреулеріне үлкен алаң керек", – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Ал елорда әкімдігі Астана үшін ең тиімді шарттар ұсынған әлемдік ритейлдермен жұмыс істеуді жалғастырады. "Қазір барлығымен жұмыс істеп жатырмыз және ең тиімді шарттар ұсынған компания әкімдікпен жұмыс істеуін жалғастырады", – деп баса айтты Әлішер мырза.

Ол сондай-ақ "Спорт Ситиді" жасаудың арқасында белгілі бір синтергетикалық артықшылықтарға қол жеткізуге болатынын айтты.

"Спорт Сити. Өздеріңіз білетіндей, Астанада спорттық нысандардың кластері пайда болды. Бұлар Барыс Арена, Астана Арена, Алау және велотрек. Олардың барлығы бір-біріне өте жақын орналасқан және мұндағы сауданы жандандыру үшін оларды бір-бірімен байланыстырудың жөні бар. Яғни өте үлкен көлік тұрақтары салынады, бос кеңістік көп болады. Бұл жоба бойынша шеберлік жоспары әзірленуде, осы жұмыстың қорытындысы бойынша нақты тиімділік туралы айтуға болады, бірақ қазірдің өзінде осы нысандарды біріктіргеннне белгілі бір синергияға қол жеткізетініміз сөзіз", - деді ол.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 15 ақпанында ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БАӘ-ге жасаған сапары барысында әмірліктегі бизнестің капитанымен келіссөз жүргізілген еді. Ал нақты бастамаларды талқылау Calatrava Grace Corporation компаниясының атқарушы директоры Майкл Калатравамен кездесуден кейін басталды.

Кездесу барысында компанияның біздің елмен ұзақмерзімді қарым-қатынас жасаудың ертеңі талқыланды. Астанада салуға жоспарланған жобалар мемлекет басшысына таныстырылды, олар "Төбесі жабылған сулы-жасыл желек жолы" және "Астана Спорт Сити". Сондай-ақ арабтың компаниясы бас сәулетші ғана болып қоймай, инвесторлардың бірі болады деп айтылған болатын.

Нұржол желек жолының жобасы аясында тек паркинг үшін ғана 6,1 мың көлік сиятын 120 мың шаршы метрден астам жер бөлу жоспарланып отыр. "Астана Спорт Сити", өз кезегінде, "Астана-Арена" стадионын, "Барыс Арена", "Алау" мұз айдындарын және "Сарыарқа" велотрегін біріктірген өзіндік спорттық хаб құруға мүмкіндік береді.

Calatrava Grace Corporation – әлемдегі ең ірі инвесторлардың бірі. Компанияның портфолиосы жалпы аумағы 1,9 млн шаршы метрге созылған әлемнің 32 елінде 340 жобаны құрайды.

Бұдан бұрын Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың 29 желтоқсанында бірқатар БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Астанада өтетін EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында қала ішінде автономды қала салынуы мүмкін екенін айтқан болатын, бұл мемлекет басшысының бұрыннан бергі арманы. Президенттің айтуынша, дағдарыс болмағанда төбесі жабылған қала баяғыда-ақ салынып бітер еді.

"Қаланың төбесі жабық болады, адамдар қыста аяз, жазда ыстық көрмей, жайлы жағдайда өмір сүреді. Елестетіп көріңізші, диаметрі 200 метр шеңбер болады, осы шеңбердің ішінде керектің барлығы – мектеп, емхана, театр, дүкен, шаштараз, мейрамхана болады. Мұнда тек арналарен ғана жүреміз, автокөлік жүрмейді, жан-жағында үйлер салынады. Адамдар, әсіресе балалар 30 градустық аязда жылы киінбей-ақ жүре береді", - деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.

Орталық шеңбердің қақ ортасынан басқа шеңберлер жалғаса береді және осылайша 10-15 мың тұрғыны бар қала салынады.

"Өздеріңіз байқаған шығарсыздар, мен айта бастаған соң осының барлығы істеле бастайды. Мен бұны бұрыннан бері ойластырып жүргем, егер дағдарыс болмағанда мұндай қаланы әлдеқашан салып бітер едік. Бірақ айта кетейін, осы идеяның негізінде "Хан Шатыр" пайда болды. "Хан Шатыр" алғашқы баспалдақ, екіншісі мен айтқан қала болады", – деген еді мемлекет басшысы.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу