Өкпенің короновирус індетінен зақымдануын амбулаториялық емдеу

6861

Науқас стационарда ем алып болғаннан кейін, міндетті түрде 14 күндей тұрғылықты жеріндегі учаскелік дәрігердің бақылауында болып, оңалту шараларынан өтеді.

Өкпенің короновирус індетінен зақымдануын амбулаториялық емдеу

Алматы қаласының штаттан тыс бас пульмонологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Қасенова короновирустан емделіп шыққан адамдарға оңалту уақытында тыныс алу гимнастикасын жасаумен қатар қымыз бен шұбат ішуге кеңес берді. 

Профессор  Сәуле Қасенова пневмонияның вирустік және бактериялық түрі болатынына тоқталып, қазіргі таралған індет вирустық пневмония екенін айтты.

"Атипиялық пневмония көп жағдайда вирустан болады. Біз көріп отырған өкпені зақымдайтын коронавирус инфекциясы да вирустық пневмония түрлерінің бірі. Сол себепті, бұл жерде өкпені вирустық және бактериялық зақымдайтын ауру болатынын айтқым келеді. Бактериялық пневмонияның клиникалық сипаты басқадай болады. Ал қазіргі коронавирус инфекциясын жұқтырғандар басқаша ауырып жатыр. Аурудың алғашқы күндері вирус мұрын, тамақ тәрізді үстіңгі тыныс жолдарында көбейеді. Содан кейін вирус төмен түседі де, өкпені зақымдайды. Короновируспен ауырған пациенттерден сұрағанымызда, барлығы дерлік тамағының қыжылдағанын немесе мұрынының біткенін және үшінші күні қызуы көтерілгенін айтады", – деп түсіндірді ол.

Сәуле Қасенова антибиотиктер сатып алып, дүрлігудің қажеті жоқ екенін айтты. Өйткені антибиотиктер вирустық пневмонияны емдемейді.

"Антибиотиктер вирусқа әсер етпейді. Олармен бактериялық инфекциялардың таралуын тоқтатады. Ал COVID-19 вирустық індет. Бұл жерде ем ретінде антибиотиктердің рөлі өте аз екенін ерекше айтқым келеді. Кейбір адамдар аурудың алдын алу үшін осындай препараттарды ішуде. Бұл мүлде дұрыс емес. Өйткені бұл бүйрекке кері әсер етеді, ағзаның антибиотикке төзімділігі қалыптасады. Антибиотиктер тек стационарда ғана беріледі. Антибактериялық әдіспен короновирус індетін емдемейді. Атипиялық пневмонияны антибиотикпен емдеуге қарсымын", – деді медицина ғылымдарының докторы.

Дәрігердің айтуынша, науқас стационарда ем алып болғаннан кейін, міндетті түрде 14 күндей тұрғылықты жеріндегі учаскелік дәрігердің бақылауында болып, оңалту шараларынан өтеді.

"Стационардан кейін, тек дәрі-дәрмекке ғана сеніп отырмау керек. Емделуде ең маңыздысы – тыныс алу органдарының қайта қалпына келуі. Сол себепті пациенттерімізге тыныс алу гимнастикасымен айналысуға кеңес береміз. Терең тыныс алып, өкпенің дем алуына арналған қарапайым жаттығулар жасау керек. Бұл жаттығуларды үйде күніне үш ретке дейін, тұрақты түрде жасау қажет. Жаттығулардың уақыты ұзақ емес, 15-20 минут. Ең бастысы, өкпе дем алуға тиіс", – деді бас пульмонолог.

Медицина ғылымдарының докторы Сәуле Қасенованың сөзінше, амбулаториялық жағдайда тезірек оңалуы үшін науқас тыныс алу жаттығуларын жасаумен қатар, халық медицинасына да көңіл бөлгені жөн.

"Амбулаториялық жағдайда оңалту кезінде халықтық медицинаға да мән берген жөн. Қымыз бен шұбат тәрізді ұлттық сусындардың емдік қасиеті бар екенін барлығымыз білеміз. Егер асқазан-ішек жолы аурулары болмаса, осы сусындарды ішу керек. Бұл сусындар дәрумендер мен микроэлементтерге өте бай. Өйткені короновирус иммунитетті әлсіретеді. Сол себепті, қымыз бен шұбат ішуге кеңес беремін", – деп сөзін толықтырды Сәуле Қасенова.

Пульмонолог бұдан басқа әртүрлі фитопрепараттар, өгейшөп, пармелия және мия тамыры тәрізді дәрілік шөптердің тұнбасы да өкпені тазартуға көмектесетінін айтты.  

"Оңалту шаралары кейде бір айға, кейде үш айға созылады. Тыныс алу жаттығуларын жасап, таза ауада шектелген мерзім аралығында серуендеуге рұқсат етіледі. Соңынан шипажайлық-курорттық ем-дом қабылдауға да болады. Ауыр жағдайда ауырған адамдарды бір жыл бойы бақылаймыз", – деді ол.

 

Нұржан Көшкін


Telegram каналымызға жазылыңыз! 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу