Оқуға түсетін талапкерлердің ата-аналарына маңызды өзгерістер жарияланды

1573

Жоғары білім беру жүйесінде ел тарихында бұрын-соңды болмаған реформалар бастау алды.

Оқуға түсетін талапкерлердің ата-аналарына маңызды өзгерістер жарияланды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Ескі жүйенің ақыры: отандық университеттер жаңа өкілеттіктерді иеленеді

Университеттерге академиялық және басқарушылық автономия беріледі. Бұл туралы Сенат депутаттарына хатында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп жазды inbusiness.kz сайты.

Оның түсіндіруінше, өзгерістер ЖОО-лар қызметін министрліктің шектен тыс нормативтік реттеуін қысқартуға және басқару тиімділігін арттыруға бағытталған. Елде тек бір автономды жоғары оқу орны бар – ол "Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымы. Енді, осы NU моделі бойынша басқа университеттер де министрліктен тәуелсіздік алады.

"Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл үшін қаржылық тұрақтылық пен қызметтің ашықтығы, тиімді корпоративтік басқару, есептілік, сондай-ақ сапалы және тәуелсіз сыртқы мониторинг қажет. Сонымен бірге, бүгінде қазақстандық ЖОО-лардың мемлекеттік бюджетке тәуелділігі әлі де жоғары болып қалуда. Сондықтан автономия мәселелері жан-жақты зерделеуді және кезең-кезеңімен енгізуді талап етеді. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЕҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ бюджетінің 70%-ы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен қалыптасады", – деді Олжас Бектенов.

Бұл ретте автономия беру тек тапшылықтан бюджеттен қаржыландыруды қысқартумен ғана шектелсе, университеттерге ауыр соққы болуы мүмкін. Осыған байланысты Үкімет басшысы реформа аясында "жоғары білім беру жүйесін қаржыландырудың жаңа моделі" енгізілетінін хабарлады. Әзірге бұл мәселе пысықталу үстінде: егжей-тегжейі кейінірек ұсынылады деп күтілуде. ЖОО автономиясын дамыту осы жаңа модель аясында жүзеге асады деп жоспарланған.

Бұл міндеттерді іске асыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026 жылы "Жоғары оқу орындарының ұлттық цифрлық рейтингін" іске қосуда. Университеттер беделіне, академиялық және ғылыми-зерттеу жетістіктеріне, түлектерінің мансаптық табысына, шетелдік студенттердің үлесіне, басқару тиімділігіне және басқа көрсеткіштеріне байланысты сараланып, өз орнын табады.

Премьер-министрдің мәліметінше, рейтингтің алдыңғы қатарынан көрінген университеттер кеңейтілген академиялық дербестікке қол жеткізеді. Олар өздерінің білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын да өз бетінше айқындай алады. Сонымен қатар, оларда тіпті өздері лайықты деп санаған ғалымдарға философия докторы (PhD) және салалық доктор дәрежелерін өз бетінше үлестіру құқығы пайда болады.

Автономия мен кең өкілеттіктерді алу үшін ЖОО QS WUR және THE халықаралық рейтингтерінде тұрақты түрде жоғары позицияларды иеленуі, әлемдік жетекші агенттіктердің тәуелсіз институционалдық аккредиттеуінен өтуі, қаржылық тұрақтылығын сақтауы, инвестициялар тартуы және студенттері мен оқытушыларының ғылыми әзірлемелерін және инновацияларын коммерцияландыруы қажет.

Ескі дипломды ұмытыңыз! Ертең-ақ миллиондаған табыс әкелетін мамандықтар анықталды

Жоғары білім саласындағы өзгерістер мұнымен бітпейді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кадрлар даярлау жүйесі мен еңбек нарығының ауқымды трансформациясын жариялады. QS компаниясымен бірге зерттеу жүргізіліп, HolonIQ платформасы енгізілуде. Бұл еңбек нарығының тұтас көрінісін көруге, ең көп сұранысқа ие құзыреттерді анықтауға және болашақтың мамандықтарын болжауға мүмкіндік берді. Алғашқы нәтижесі көрсеткендей, таяу жылдары Қазақстанда деректерді талдау, машиналық үйрету, цифрлық инженерия және киберқауіпсіздік саласындағы мамандарға сұраныс артады екен.

Бұдан бөлек, вице-премьер Аида Балаеваның тапсырмасымен 73 мың кәсіпорында сауалнама жүргізіліп, еңбек нарығындағы жүйелі тәуекелдер тұжырымдалды. Бүгінде ел экономикасындағы жоғары білікті мамандардың үлесі 25%. Ірі компаниялар ЖИ технологияларын енгізуде, ғылыми-зерттеу қызметін дамытып, кадр даярлауға белсенді қатысуда.

Ғылым министрлігінің басшысы жүйелі проблемалардың қатарына техникалық, кәсіптік білім беру (колледждер) мен жоғары білім беру арасындағы алшақтықты, бизнестің әлі де жеткіліксіз қатысуын, сондай-ақ микроквалификацияларды тану қиыншылықтарын жатқызды. Осы міндеттерді шешу үшін "Ұлттық мамандықтарды трансформациялау орталығын" құру жоспарлануда.

Айтишілер мұнайшыға айналды: ЖИ миллиардтарды үнемдеуде

"Ай-ти маман" десе, әлі күнге кейбір адам кеңсенің бір бұрышында сынып қалған компьютерлерді жөндеп, бағдарламасын түзеп жүретін қарапайым қызметкерді елестететіні бар. Алайда, бұл – өткен күннің еншісінде қалған, ескірген түсінік. Алдағы күннің ақиқаты сондай, ертеңгі таңда дәрігер де, сәулетші де, инженер де, заңғар заңгер мен қиял қанатындағы режиссер де цифрлық әлемнің тілін меңгеруге, яғни, "айтиші" болуға тиіс. Заманның осы бір сындарлы талабын дөп басқан Мемлекет басшысы білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын жаппай енгізуге басымдық беруді жүктеді.

Қазақстан дәл осы цифрлық дағдыларын шыңдап, жаңа технологиялық шындықтың айдынында еркін жүзетін білікті мамандарды даярлауға бағытталған AI-Sana жобасын енгізіп жатыр. Сонымен қатар, енді мемлекет "AI-ready" білім беру жүйесін қалыптастыруға, онлайн-білім беруді дамытуға, ең бастысы – бәсекеде озық шығар кадрларды даярлау үшін мемлекет, университеттер мен индустрия арасындағы тиімді өзара іс-қимылды жолға қою мәселелеріне ерекше назар аударуға ниетті.

Өйткені студенттер жастықтың жалынымен серілік құрып, "махаббат, қызық мол жылдардың" ләззаты мен тәтті мұнарына шомылып, тек күнделікті оқуына ғана көңіл бөлетін мамыражай заман тарих қойнына сіңіп кетті. Қазіргі ЖОО-ларға артылар жүк те, қойылар талап та бөлек. Бүгінгінің шәкірті 4-5 жыл бойы тек партаға байланып отырмай, ғылым ордасының қабырғасында жүріп-ақ жоғары технологиялы тың шешімдерімен жұмыс берушілердің жүрегін жаулауға тиіс.

Студенттер екінші курстың табалдырығында-ақ кәсібін табатын, стартап жобасын жүзеге асыратын немесе нақты ғылыми жобамен терең айналысатын соны серпін керек. Осының бәрі бүгінде қолға алынған реформаның алтын діңгегі, берік ұстынына айналуға тиіс.

Бүгінде мысалы, IT саласының мамандарын отын-энергетика кешені компаниялары белсенді түрде жұмысқа алып жатыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың хабарлауынша, ведомство энергетика мен мұнай-газ кешенінен бастап көмір өнеркәсібіне дейінгі барлық стратегиялық бағыттарды қамтитын ЖИ-ді енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта әлемдік вендорлардың, компаниялардың және салаға арналған практикалық ЖИ-шешімдері бар IT-әзірлеушілердің қатысуымен AI-альянс құрылды.

Отандық әзірлеушілерді қолдауға ерекше назар аударылыпты. Astana Hub-тың бірқатар резиденттерімен AI-шешімдерді бірлесіп сынау және ендіру туралы меморандумдарға қол қойылды. 45 ЖИ-жобадан тұратын қоржын қалыптастырылды: оның 10-ы сараптама сатысында, 27-сі әзірлену үстінде, ал, 8-і енгізу кезеңіне өтті.

Министр мұнай өндіруде ЖИ-ді қолданудың жарқын мысалдарын келтірді. Әңгіме ұңғымаларды онлайн-мониторингтеудің интеллектуалды жүйесі туралы. Пилоттық жоба аясында мұнай өндіру объектілеріндегі 4 мыңнан аса ұңғыма жүйенің бақылауында. Платформаның басты міндеті – онлайн режимде ұңғымалардың өндірістік көрсеткіштерін талдау. Жасанды интеллект проблемалық учаскелерді анықтайды, жоспарлы параметрлерден ауытқуларды тіркейді, өндіру көлемін болжайды және мамандарға дәлірек шешім қабылдауға көмектеседі. Бұл ұңғымалардың тоқтап тұру уақытын 20%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді және жыл сайын 1 млрд теңгеге дейін экономикалық тиімділік әпереді.

Тағы бір мысал – мұнай өнімдерінің айналымын талдауға ЖИ-ді пайдалану. Жүйе нарық қатысушыларының цифрлық деректерін біріктіреді, мұнай өнімдерінің қозғалысын талдайды, өңірлердегі қорларды болжайды, бензин-дизель тапшылығы немесе тауардың шамадан тыс жиналып қалу қаупін алдын ала анықтайды.

"Бұл жеткізілімдерді барынша дәлірек жоспарлауға, логистиканы үйлестіруге және басқарушылық шешімдерді уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді. Күтілетін нәтиже – жоспарлау дәлдігін 85%-ға дейін арттыру және жылына 22,5 млрд теңгеге дейін экономикалық тиімділік. Бұл AI-модель де қазақстандық әзірлеме. Ол AI-Sana бағдарламасы бойынша ҚазМұнайГаз бен Қазақстан-Британ техникалық университетінің ынтымақтастығы аясында жасалған", – деді Ақкенженов.

Министрліктің мәліметінше, кен орындарын тиімді басқару үшін де енді ЖИ қолданылады. Арнайы AI-платформа геологиялық және гидродинамикалық модельдерді талдайды, деректерді онлайн-режимде тексереді, кен орындарын игеруді оңтайландыруға және мұнай алу коэффициентін арттыруға көмектеседі. Жүйені өнеркәсіптік енгізу қазірдің өзінде 12 кен орнын қамтиды, ал, күтілетін экономикалық тиімділік 326,3 млрд (!) теңгеге бағаланып отыр.

Теориядан – стартапқа: 100 мың студент ЖИ арқылы бизнесін бастайды

Осы жылдың мамырында, ЖИ-ді дамыту жөніндегі кеңестің II отырысында Президент Al-Farabium атты суперкомпьютердің мүмкіндіктерімен жеке танысқан еді. Оның базасында ондаған жоба жүзеге асырылуда екен. Мұндай суперкомпьютерлер сирек зат емес, әрбір отандық университетте үйреншікті құбылысқа айналса, игі. Оның үстіне көрші Қытай есептеу технологияларында нағыз серпіліс жасап жатыр: осы қарапайым суперкомпьютерлерден квинтиллион есе асып түсетін кванттық компьютерлер жасап үлгерді.

Сөз соңғы 4.0 нұсқасындағы "Цзючжан" фотонды компьютері мен "Цзучунчжи-3" жүйесі жайында. Бұл машиналар мамандандырылған тапсырмаларды бірнеше секунд ішінде шешуге қабілетті. Салыстырсақ, дәстүрлі суперкомпьютерлерге бұл үшін миллиардтаған жыл қажет болар еді. Олар коммерциялық салада және ғылыми зерттеулерде – криптографияда, молекулаларды модельдеу үшін медицинада, ең күрделі логистикалық есептерді шешуде қазірден қолданылып жатыр.

Жеке кванттық суперкомпьютерлерін Сауд Арабиясы мен бірқатар басқа мемлекеттер де іске қосып үлгерді. Бұл көршілес және технологиялық дамыған елдердің жастары мен ғалымдары зерттеу жүргізуде, ғылыми міндеттерді шешуде және жаңа ашылымдар жасауда қазақстандық әріптестерінен айтарлықтай озып кететінін білдіреді.

Өз кезегінде Қазақстан ЖИ саласында кадрлар даярлаудың бірыңғай реттеуші моделін енгізді. Министр Саясат Нұрбектің мәлімдеуінше, елде қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптасты: ЖИ бойынша пәндер бүгінде мамандығына қарамастан барлық студент үшін міндетті. ЖИ-ді қолданудың ЖОО үшін аралық стандарты бекітілді. Академиялық адалдық лигасы оны білім беру процесінде пайдалану жөніндегі нұсқаулықты қабылдады. Сондай-ақ, университеттер үшін KPI енгізілді, ал, оқытушылар бұл салада біліктілігін тұрақты түрде арттыруға міндетті.

Қолданбалы зерттеулерді дамыту үшін суперкомпьютерлердің академиялық кластері құрылды. Бүгінде олар Nazarbayev University (NU), ҚазҰУ, ЕҰУ, ҚазҰТЗУ және басқа да жетекші университеттерде іске қосылған. Отандық ЖОО-ның барлығы дерлік Alem.Cloud ұлттық кластерінің ресурстарына қол жеткізді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 22 ЖИ орталығы мен зертханасы жұмыс істейді.

Айтпақшы, 2026 жылғы 15 сәуірден бастап AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңі басталды. Қазіргі уақытта 100 мың студент ЖИ-кәсіпкерлік бойынша білім алуда. Бірінші кезеңнің қорытындысында бағдарламаға қатысушылар түрлі салада 308 AI-агент әзірлеп шықты. Негізгі міндет – кем дегенде 1,5 мың инновациялық жоба құру және оларды кейіннен Astana Hub-та акселерациядан өткізу. Министр Нұрбек KOZ AI автоматтандыру платформасы мен AI Startify инкубаторы сияқты студенттік бастамалар қазірден коммерциялық жобаларға айналғанын, өңірлердің экономикасына нақты үлес қосып жатқанын қаперге салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу