"Оқушы саны 500-ден кем мектепке баламды бермес едім"

3137

Мемлекеттік мектептердегі оқыту жүйесіне кейбір ата-ана көңілі толмайтынын айтады. Алайда жекеменшік мектеп таңдауда қандай критерийлерге сүйену керегін білмей жатады.  

"Оқушы саны 500-ден кем мектепке баламды бермес едім"

Inbusiness.kz тілшісі баласын осындай ордаға беріп отырған ата-анамен тілдесті және білім саласы маманының кеңесін сұрады.

"Бірден тапсырма үйіп бермейді"

"Мен былтыр балама таңдаған жекеменшік мектеп бұрынғы әліппемен оқытатын еді. (Елде 2016-2020 жылдары "әліппе" тоқтатылып, орынына "сауат ашу" сабағы оқытылған – ред.). Біз бұрынғы оқыту жүйесін дұрыс көрдік. Екіншіден, мемлекеттік мектептер кітап таратады да, бірден үй тапсырмасын үйіп береді, ал әріпті әлі дұрыс танымаған балаға тапсырма орындау қызық емес. Жекеменшік мектепте даярлық сыныбында бірінші мектеп деген не, онда неге оқу керек, қалай оқу керек, мұғалім деген кім деп, бәрімен таныстырады. Содан барып әріп, жазуды үйретеді. Балам алдағы уақытта жекеменшік мектепке баруын жалғастырады", – дейді Зарина Қайсақызы.

Жекеменшік мектептерді тәмамдаған түлектер әр балаға ерекше көңіл бөлінетінін, тағамдарын және жаңа құрал-жабдықтарын олардың артықшылығы ретінде атап көрсетеді.

"Бұл мектептің көздегені табыс табу ма, әлде білім беру ме?"

Аятжан Ахметжанұлы – педогог, PhD химик, Нұр-Сұлтан қаласы 90 гимназия директоры. Маман ата-аналарға жекеменшік мектеп таңдауда сүйенетін басты критерийлерді айтып берді. 

"Ең бірінші, жекеменшік мектептің оқытушылық құрамына қарау керек. Кімдер сабақ береді? Директоры кім? Директордың осы салада қаншалықты тәжірибесі бар? Мұғалімдердің жетістіктері қандай? Міне, осы сұрақтарға жауап алу керек. Иесі жекеменшік мектебіне бизнес, яғни табыс табу көзі ретінде қарай ма, әлде елдің жас ұрпағын тәрбиелеу, кәсіби білім беру тұрғысынан назар аудара ма? Осыны анықтап алған абзал. Өйткені біздің қоғамда жекеменшік мектепке "табыс табу құралы" немесе "кәсіби білім беру ошағы" деген екі түрлі көзқарас бар.

Бизнес ретінде қарайтын жекеменшік мектептерде арзан кадрлар жұмыс істейді", – деді Аятжан Ахметжанұлы.

"Екінші, бізде көбіне жекеменшік мектептердің жылтырап жасалуына, бала санының аз болуына қарайды. Ал бұлар қарайтын критерийлер емес. Өйткені жақсы мұғалім қырық оқушыны да, төрт оқушыны да оқытады. Нашар мұғалім жалғыз баланы да оқыта алмайды. Өз басым оқушы саны 500-ден төмен мектепке баламды бермес едім. Себебі адам психологиясы ең алдымен бәсекеге негізделген. 100-200 оқушы оқитын мектепте бір сыныпта 10 шақты бала болады. Ал ондай мектепте бәсеке болмайды. Бәсеке ортасында есеймеген бала, кейін өмір бәсекесіне төтеп бермейді. Мысалы, Қытай секілді үлкен қалалары дамып, қалыптасқан елде неге жаңалық көп ашылады? Өйткені ондағы адамдар кішкентайынан өмір сүрудің қағидаты бәсеке екенін біледі.

Тағы бір мысал, Қазақстанда оңтүстік өңірдің халқы еңбекқор келеді деп айтамыз ғой. Өйткені ондағы адам санының тығыздығы адамды бәсекеге дағдыландырады. Бала санының аз болуы, баланы эгоистікке тәрбиелейді. Сыныпта бес-он оқушы болып қана отырған баланың санасында бүкіл Қазақстандағы жағдай сондай деген түсінік қалыптасып қалады. Өзіне жасалған жағдайды мұқым елде де сондай екен деп қабылдайды. Бала кейін түсініксіз көзәйнек киіп жүргендей болады. Бұл – ескере жүретін үлкен дүние", – деді маман.

"Үшінші, мектептің әдістемелік базасына үңіліңіз. Ол қандай негізде құралған әдістемелік база? Оны жасап отырған кімдер? Мектептің жарғысын жазған кімдер? Оның мемлекеттің стандартын орындаудағы көзқарасы қандай? Осы мәселелерге нақтылап қарап, ой қорыту керек", – деді ол.

Қаражат қайда жұмсалады?

Жекеменшік мектептер астана мен Алматы қалаларында дамыған. Білім және ғылым министрілігінің 2020 жылғы ақпарында осы екі қалада 83 жекеменшік мектеп бары айтылады. 

Forbes Kazakhstan басылымы 2020 жылғы аталмыш қаладағы мектептердің табыс табу бойынша ТОП-20 рейтингін жариялаған. Бұл қатарға енген мектептерде бір оқушының жылдық оқу ақысы 900 мыңнан 8,1 млн-ға дейін баратынын айтқан.
Бұл қаражат, жекеменшік мектеп басшыларының айтуына қарағанда, мұғалімдердің жұмысына ақы төлеу, тамақтану, қосымша білім беру (үйірмелер, секциялар), материалдық-техникалық базаны (компьютерлер, интерактивті тақталар) күтіп ұстау және мекемені жалдау, жөндеу сынды қажеттіліктерге жұмсалады.

Мектептер негізінен мемлекеттік бағдарламаға сүйенеді, өз бағыттарына қарай тереңдетіп оқытады.

Тасқын Болатұлы 


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу