Оқушылар онлайн оқуға дайын емес

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
14741

Ұстаздар тележүргізуші ретіндегі жаңа рөлді меңгеріп жатыр.

Оқушылар онлайн оқуға дайын емес

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ел аумағына енгізілген төтенше жағдайға байланысты 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары онлайн оқуға көшетінін мәлімдегеннен бері ұстаздар қауымы мен ата-аналардың шақшадай басы шарадай болды. Бұл мәселе оқушыларды ғана мазалап жатқан жоқ. Себебі олар қашықтықтан оқытудың қызығы мен шыжығын каникулдан кейін көретіндерін біліп отыр.

Қазір интернеті нашар ұстайтын немесе интернетсіз отырған шалғайдағы мектептердің оқушылары қалай оқиды, мұғалімдер мен оқушылар қашықтықтан оқыту платформаларымен жұмыс істеуді қаншалықты тез меңгереді, үйлерінде стационарлық компьютері немесе ноутбугы жоқ оқушылар смартфонмен білім ала ма, онлайн-платформалардың күші мыңдаған оқушыға бір мезгілде қызмет көрсетуге жете ме деген сұрақтар күн тәртібінде тұр.

Министр өзінің әлеуметтік парақшасында бұл туралы ашығын айтып, анығын жазды.

"Соңғы уақытта мектептерде оқу процесі қалай ұйымдастырылатыны туралы көптеген сұрақтар келіп түсуде, өйткені төртінші тоқсанның басталуына небәрі он күн қалды. Адамдардың бойында, әсіресе, осындай қиын кезеңде, жаңа әрі белгісіз нәрсеге деген қорқыныш сезімінің болуы – қалыпты жағдай. Форс-мажорлық жағдайда білім беру саласында болып жатқан процестер бізге тек пайдасын тигізеді деп сендіргім келеді. Біз сыни пікірлерді естіп те, көріп те отырмыз. Дегенмен қашықтықтан білім беруге көшу – коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқанын барлығы түсінгені жөн. Өкінішке қарай, басқа таңдау жоқ. Оқу процесі тоқтатылмуға тиіс. Біз осындай жағдайға тап болған басқа елдердің тәжірибесін алдын ала зерделедік. Іс жүзінде олардың барлығы қашықтықтан оқу режиміне көшкен. Бүкіл әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы осындай форматта білім алуда. Барлық мүмкіндіктерді, аспектілер мен тәуекелдерді жан-жақты ой елегінен өткізе отырып, біз де уақытша қашықтан оқытуға көшу туралы шешім қабылдадық", – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр мәлімдегендей, қашықтықтан білім беру оңай шаруа емес. Дегенмен дәл қазіргі жағдайда технологиялық мүмкіндіктерді пайданалып, білім берудің жаңа үлгісіне көшу қажет.

"Теледидар арқылы сабақ өткізу бұл - тіптен жаңа формат. "Балапан" және "Ел Арна" телеарналары бізге өздерінің эфирлік уақытын ұсынды. Түсірілім жұмыстары басталып кетті. Негізгі пәндер бойынша 2000-нан астам бейнесабақ түсіру қажет. Мен кеше түсірілім жұмыстары жүргізіліп жатқан студияда болдым. Сценарий жазушылардан, режиссерлер мен педагогтерден тұратын жұмыс тобы әрбір шығарылымды мұқият пысықтауда. Біздің ұстаздар тележүргізуші ретіндегі мүлдем жаңа рөлді меңгеруде. Бейнесабақтар қазақ және орыс тілдерінде жазылуда. Бұл оңай іс емес екенін бірден айтқым келеді", – деді Асхат Аймағамбетов.

Министрдің сөзінше, интернет-провайдерлермен арнайы мамандандырылған интернет-платформаларды пайдаланған кезде трафик есептелмейтіндей келісім орнатылған. Көптеген ірі платформалар қызметтерін тегін ұсынған.

Google Classroom, Hangout, Kundelik.kz, Moodle жүйелері тегін қолдану мүмкіндігін берген. Сонымен қатар Bilimland платформасы 40 мыңнан астам контентін тегін пайдалануға келіскен.

"Арнайы мамандандырылған интернет-платформалары арқылы өткізілетін сабақтар. Бұл цифрлық жүйелер оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, сондай-ақ онлайн-сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға, жеке дара оқыту мен тапсырмаларды геймификациялауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл формат тестілеу жұмыстарын өткізуге және алған білімдерін бағалауға мүмкіндік жасайды. Бұрын мұндай компаниялардың білім беру контентіне қол жеткізу ақылы болса, осы кезеңде біздің балалар барлық керек ақпаратты және платформаларды тегін пайдалана алады. Тиісті келісімге қол жеткіздік. Сондай-ақ біз интернет-провайдерлерімен осы ресурстарды пайдаланған кезде трафик есептелмейтіндей келісім орнаттық", – деді еліміздің бас ұстазы.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, отандық білім беру жүйесі үшін қашықтықтан оқыту форматына көшу – үлкен сынақ. Алайда министрлік қол қусырып, қарап отырған жоқ. Ұстаздар мен оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін арнайы курстар өткізіліп, нұсқаулықтар әзірленіп жатыр.

"Біз қашықтықтан оқыту жүйесін ұстанған кезде басқа дамыған елдерде де орын алып жатқан кейбір қиындықтар туындауы мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Бір отбасында бірнеше оқушы болған жағдайда бір компьютер мен бір смартфонды пайдалану ыңғайсыз болуы немесе қажетті техниканың мүлдем болмауы да мүмкін. Кейбіреулерде интернет байланысы да жоқ. Бұл мәселелер қазір ерекше бақылауда. Әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшет немесе компьютер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелерін қарастырудамыз. Кейбір өңірлер бұл жұмысты бастап кетті", – деді министр.

Асхат Аймағамбетов эпидемиологиялық ахуалға қарай, шалғайдағы ауылдық елдімекендерде орналасқан шағын жинақты мектептерде (80-ге жуық бала оқитын) оқытуды дәстүрлі форматта жалғастыру мүмкіндігін қарастырылып жатқанын жазды.

"Тағы бір мәрте атап айтамын – тек қарастырудамыз. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Мәселе каникул аяқталғанша шешіледі. Ал әзірше олар да қашықтан оқытуға белсенді дайындалуда", – деді министр.

Ол жаңа режимде жұмыс істеу педагогтер үшін де, балалар үшін де оңай болмайтынын тілге тиек етіп, бастапқы кезеңде ата-аналар мен педагогтер тарапынан айтылатын сынды қабылдауға дайын екендіктерін жеткізді.

"Ата-аналар, педагогтер мен оқушылар арасындағы пікірталасты мұқият қадағалап отырамыз және қашықтықтан оқытудың қолжетімділігін арттыратын тиімді шараларды қабылдауға дайынбыз. Қандай да бір проблема туындаса, сіз әрқашан білім және ғылым министрлігіне хабарласа аласыз. Біз проблемаңызды шешуге көмектесуге тырысамыз", – деді Асхат Аймағамбетов.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу