Оқушылар секілді ұстаздарға да сабақ үстінде телефон ұстатпау керек пе?

4696

Дәл осы сұрақтың қоғамда қызу талқыланып келе жатқанына көп жылдың жүзі болды. 

Оқушылар секілді ұстаздарға да сабақ үстінде телефон ұстатпау керек пе? Фото: freepik

Биік мінберлерде де аз көтерілген жоқ. Соңғы рет 2023 жылдың қараша айында оқушыларға сабақ үстінде телефон пайдалануға тыйым салатын заң жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа жолданды. Заң жобасын сенаторлар мақұлдаса, оқушылардың сабақ уақытысында телефон ұстауына тыйым салынбақ. Қазір заң жобасына қатысты жұртшылық пікірі екіге жарылып тұр. Байыбына бармай байбалам салып жатқандар да, қос қолын көтеріп қолдап жатқандар да жетерлік. Даттайтындар "ақпараттық технологиялар дәуірінде телефонға тыйым салу барып тұрған ессіздік" дейді. Ал жақтайтындар телефонға тыйым салу оқушылардың оқу үлгеріміне үлкен әсер ететінін, басқа да пайдалы тұстары көп екенін айтады.

Шынымен-ақ телефонға тыйым салу ессіздік пе, әлде оқушының ертеңі үшін жасалған өте дұрыс қадам ба? Ендеше мәселенің мәнісіне тереңінен үңіліп, жай-жапсарын саралап көрелік.

Тым әріден тарқатпай, бірден турасына көшсек, 2023 жылдың 30 қарашасында өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Масс-медиа туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, бірқатар заң жобасын қабылдады.

Мәжіліс мінберінде талқыланған заң жобасының бірі – "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы". Аталған заң жобасы туралы баяндама жасаған депутат, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов оқушылардың сабақ үстінде ұялы телефонды ұстауына шектеу қою жөнінде норма енгізілгенін айтты.

"Сабақ кезінде шектеу туралы норма енгізілді. Мектепке телефон әкеліп үзілісте қолданамын десе, қарсылық жоқ. Сабақ кезінде бала Instagram, Tık-Toк-ты қызықтап, басқа мәселемен айналысуына шектеу қойылып отыр. Егер мұғалім сабақ жоспары бойынша рұқсат етсе, шектеу қойылмайды. Қазір заман талабына сай оқыту жүйесін таңдайтын мұғалімдер де бар. Kahoot секілді басқа да қосымшаларды пайдаланып сабақ оқыту жүйесін қолданады. Ал оған смартфон қажет болады. Сондықтан да сабақта инновациялық технологияларды қолдану үшін мұғалімнің сабақ жоспарында телефонның қажеттігі жазылса, шектеу жоқ. Ал оқушы өз мәселесі бойынша пайдаланам десе, рұқсат етілмеуі керек. Жалпы оқушы мектепке телефон әкелуіне тоқтам салмаймыз", – деді сонда заң жобасындағы нормаларды түсіндірген Асхат Аймағамбетов.

Арада бір апта уақыт өткенде Асхат Аймағамбетов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында телефон мәселесіне қайта айналып соқты.

"Сабақ кезінде оқушыларға телефон қолданып отырған сыныптасы кедергі келтіреді. Жақында Мәжіліс депутаттары сабақ кезінде телефон пайдалануды шектеу туралы бастама көтергенін оқыған шығарсыздар. Бекер емес екенін PISA зерттеуі тағы бір мәрте көрсетіп отыр. PISA-2022 зерттеуіне сәйкес, сабақ барысында оқушылардың 23 пайызына цифрлық құрылғылар кедергі келтіреді (ОЭСР (Еуропа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) бойынша орташа көрсеткіші – 30 пайыз) екен. Оған қоса, оқушылардың 21 пайызына сабақ барысында цифрлық құрылғыларды пайдаланатын сыныптастары кедергі келтіреді. Жалпы, ОЭСР елдері бойынша сабақ барысында ұялы телефон қолдануға тыйым салынған мектеп оқушыларына цифрлық құрылғылардың кедергі келтіру көрсеткіші төмен болған", – деп жазды Асхат Қанатұлы.

Бұрынғы Білім және ғылым министрінің жазбасының астындағы пікірлерге де назар аударып едік, заң жобасындағы норманың желі қолданушылары тарапынан үлкен қолдау тапқанын аңғардық. Қолдап қана қоймай, тағы бір мәселенің шетін шығарыпты. Мәселен, Жанабек Жүсіп есімді желі қолданушысы: "Бастама өте дұрыс. Оқушылар секілді ұстаздарға да сабақ үстінде телефон ұстатпау керек. Оқушыларға тапсырма беріп қойып, өздері телефон ұстап, ғаламтор ақтарып, ойын ойнап отыратын ұстаздар жайлы көп естиміз" деп ойын ортаға салыпты.

Ал филология ғылымдарының докторы Ләзат Дүйсембековадан мәселеге байланысты айтарын сұрағанымызда оқушыға, студентке, тіпті ұстаздарға да сабақ үстінде телефон пайдалануға шектеу қою керек деп есептейтінін жеткізді.

"Тек оқушылар мен студенттерге ғана емес, мұғалімдер мен оқытушыларға да сабақ уақытында телефон ұстауға тыйым салу керек. Сабақ кезінде дәлізге шығып кетіп телефонмен әңгіме айтып жүретін талай оқытушыны көрдім. Ол аздай, қазір университеттерде оқытушы өз телефонына, студенттер өз телефонына үңіліп отырады. Сабақ жайына қалады. Студенттерге де сол керек, мазасын алмаса болды. Университет басшылығы да риза, ешкім шулап жүрген жоқ, бәрі белгіленген аудиторияда тыныш отыр. Қазір университет басшылығы да, студенттер де сондай "қойшы-оқытушыны" көбірек ұнататын болған", – дейді ол.

Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылындағы Д.Қонаев атындағы мектептің "География" пәнінің мұғалімі Гаухар Шарденова болса, мәселенің мәнісіне үңілмей жатып даурығып жатқандар көп екенін айта келіп, өзінің бірқатар ұсынысын ортаға салды.

"Асхат Қанатұлы Мәжілістің жалпы отырысында: "Біздің ұсынып отырған заңдағы норма – ұялы телефонды тек сабақ кезінде шектеуге қатысты. Мектепке телефонды алып келіп, үзілісте оны қолдануға шектеу жоқ. Оқушылар үзілісте ұялы телефонды қолданамын десе, қолданады. Тек сабақ үстінде ұстамауы керек. Сабақта бала тек сабақты оқуға тиіс. Tık-Tok пен Instagram-да отырып басқа дүниелермен айналысуға нақты шектеу қойылып отыр" деп, соқырға таяқ ұстатқандай бәрін анық айтып берді. Дегенмен депутат айтқан шектеуді дұрыс түсінбей жатып, айқайға аттан қосып жатқандар өте көп. Білім саласында он жылдан аса қызмет атқарған ұстаз ретінде ойым, шектеуді бұдан да ертерек енгізу керек еді. Дегенмен әлі де кеш емес. Телефон ең біріншіден, оқушының өзіндік ойлау қабілетін төмендетеді. Екіншіден, көп жағдайда оқушы біліміне емес, ұялы телефондағы интернетке сенім артады. Мәселен қазір кез келген математикалық есептердің жауабын интернеттен көзді ашып-жұмғанша тауып алуға болады. Тізбелей берсек, телефонның оқушыға тигізетін зияны шашетектен. Сондықтан заң жобасындағы норманы қос қолымды көтеріп қолдаймын", – дейді Г.Сабырқызы.

Мәселеге орай ата-аналардың да айтар ойы, алға тартар ұсыныстары жеткілікті.

"Әлеуметтік желіден байқағаным, көп мұғалімдер қазіргі мектеп бағдарламасында электронды техника арқылы орындайтын тапсырмалардың көп екенін, сол себепті шектеу қоюдың дұрыс емес екенін алға тартуда. Иә, солайы – солай шығар. Бірақ қазір кез келген мектептің материалдық-техникалық базасы өте жақсы. Кез келген, тіпті шалғайдағы ауылдардағы білім ошақтары интерактивті тақтамен, компьютермен жабдықталған. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан телефонға тіреліп тұрған ешқандай мәселе жоқ деп ойлаймын. Оқушы сабаққа кіріп бара жатқан кезде телефон өшіріп қояды. Қажет болған жағдайда қосып, пайдаланады. Дегенмен оқушылардың телефон ұстауына мүлдем тыйым салуға үзілді-кесілді қарсымын. Себебі телефон арқылы балаларымызбен хат-хабар алмасып, жүрген-тұрғанын бақылап отырамыз. Қазір қоғамда неше түрлі жаға ұстатарлық оқиғалар орын алып жатыр. Сондықтан бала-шағамыздың амандығы қымбат", – дейді алматылық ата-ана Қалия Қожабекова.

Шымкенттік оқушы Толғанай Қалиқызын сөзге тартқанымызда шектеуді сыныптастарымен бірге қолдайтынын білдірді.

"Шектеу енгізгені өте дұрыс деп ойлаймын. Себебі сабақ кезінде мұғалімнің ескертуін құлағына ілмей, телефонға телміріп отыратын сыныптастарымыз да бар. Түрлі сайттардан видео көреді, одан қала берді сыныптастарын видеоға, суретке түсіріп, әйтеуір уақыт өткізеді. Сөйтіп басқа оқушылардың да алаңсыз сабақ оқуына кедергісін келтіреді. Өз басым телефонды мектепке кіріп бара жатқан кезде-ақ сөндіріп, сөмкеме салып қоямын. Ата-анама да уайымдамас үшін ескертіп қойғанмын. Сабақ барысында аса қажеттілігі туындамайды. Үйге қайтар кезде ғана қосамын. Есесіне WhatsАpp-қа кім не жазды екен, Tık-Tok-та қандай қызық болып жатыр екен", – деп алаңдамай, сабағымды оқимын" дейді Толғанай.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Францияда мектепке телефон алып келген оқушы сабақтан шеттетіледі екен. Ал Қытайда жаза тіптен қатаң. Мектеп әкімшілігі оқушының қолынан телефон байқаса, айыппұл салады. Сол секілді Италия, Испания, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония және Ресей мемлекеттерінде сабақ барысында телефон пайдалануға рұқсат берілмейді. Әлемнің ең дамыған елдерінің алдыңғы қатарында жүрген аталған мемлекеттердің мұндай қадамға істерге іс таппай, еріккеннен бармағаны анық. Бір анығы, қазір жемісін көріп отыр. Ал Қазақстанда қаншалықты нәтижелі болатыны алдағы жылдардың еншісінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу