Оқушыларды кәсіпкерлік негіздеріне үйрету қашан басталады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5609

"Кәсіпкерлік негіздері және бизнес" пәні апробациядан өтуде.

Оқушыларды кәсіпкерлік негіздеріне үйрету қашан басталады

Білім және ғылым министрлігі "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге мектеп оқушыларына арналған "Кәсіпкерлік негіздері және бизнес" атты оқу бағдарламасын әзірлеген еді. Аталған пән 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде апробациядан өткізілуде. Апробацияға пилоттық режим үшін таңдалып алынған мектептердің 10-сынып оқушылары қатысуда.

"Ендігі кезең – орта мектептердің 10-сынып оқушыларына "Кәсіпкерлік негіздері және бизнес" пәнін жаппай оқыту. Ал 2020-2021 жылғы оқу жылында бұл пәнді 11-сынып оқушылары оқитын болады", – деді "Инновациялық экономика үшін кәсіпкерлік білім" атты ІІІ халықаралық форумға қатысқан білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова.

Вице-министрдің сөзінше, елімізде білім берудің барлық деңгейі кәсіпкерлік негіздерімен байланыстырылған. Мәселен, орта білім деңгейінде "Кәсіпкерлік негіздері және бизнес" пәні оқытылса, колледждердегі кәсіпкерлік білім дуальды оқыту жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Колледждердің студенттеріне кәсіпкерлік негіздеріне арналған факультативтік сабақтар өткізіледі.

"Жоғары оқу орындарында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 60-тан астам оқу орнында "Кәсіпкерлік негіздері" пәні оқытылады. Студенттердің кәсіпкерлік қабілетін ашып, болашақ бизнесмендерді дайындау үшін арнайы оқу бағдарламасы әзірленуде", – деді вице-министр.

Фатима Жақыпованың сөзіне сенсек, қазіргі уақытта 50-ден астам оқу орнында 350 стартап жүзеге асырылуда. Оның 241-іне инвестиция тартылған. 370 жұмыс орны құрылған. Ал бұл қызметтен түскен табыстың көлемі 27 млн теңгеге тең.

Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша, бүгінде Қазақстанда кәсіпкерлік білімнің маңыздылығы артып келеді. Бұл тренд мемлекеттің алға қойған мақсат-міндеттерімен де үндесіп жатыр. Мәселен, Қазақстан 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнім көлеміндегі үлесін 26 пайыздан 50 пайызға дейін көтермек ниетте.

"Бұл міндетті еңсеруде жоғары оқу орындарының рөлі артып отыр. Демек университеттер білімнің ордасы болып қана қоймай, өңірлік дамудың драйверіне де айналуы керек. Бұл бағытта еліміздің 20 жоғары оқу орны жемісті жұмыс істеп отыр. Олардың бәрі кәсіпкерлік білім беру қауымдастығына мүше болып табылады", – дейді Гүлшара Әбдіхалықова.

Бүгінде студенттік кәсіпкерлікке "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы арқылы қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ биыл "Жастар – ел тірегі" атты жалпыұлттық жоба іске қосылды. Аталған жоба аясында да кәсіпкерлікті қолдау көзделіп отыр. Жоба екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Екі бағыттың бірі "Жас кәсіпкер" деп аталады. Аталған бағыт шеңберінде жыл сайын 9,5 мың жастың жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін 500 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант берілетін болады. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу