Оқушылардың мұңына айналған көлік тасымалы оң шешімін тапты

42 орындық ПАЗ-32054 маркалы автокөлік сатып алуға аудандық бюджеттен 15 млн бөлінді.  

Оқушылардың мұңына айналған көлік тасымалы оң шешімін тапты

Арал ауданында балық тұқымын өсірумен айналысатын Тастақ елді мекені бар. Шағын ауылдың балалары төрт шақырым қашықтықтағы Қаратерең ауылдық округіндегі мектепке қатынап оқиды.

Жуырда ауыл тұрғындары балаларының жағдайына алаңдап хабарласқан болатын. Айтуларынша, оқушыларды мектепке апарып-алып келетін 8 орынды екі көлікке 25 баланың сығылысып баратыны мәлім болды.

"Осы кезде "УАЗ буханка" мен "УАЗ таблеткасы" жүріп жүр. Қыста тек біреуі ғана жүрді. Балалар мектепке барып-келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Автобус болмаса мына "таблеткалардың" ішінде түрегеп тұрудың өзі мұң. Бұл мәселені барлығы біледі. Басшылар "автобус алып береміз" деген еді, уәделері жылдағыдай сиырқұйымшақтанып кетпесе екен деп отырмыз", – дейді ауыл тұрғындары.

Балаларының жағдайына алаңдаған жұрт билік өкілдерінен нақты жауап күтеді. Осыған орай, тұрғындардың зарына айналған көлік тасымалы мәселесін Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова тарқатып айтып берді.

"Қаратерең елді мекенінде орналасқан №82 орта мектебіне үлкен сиымдылықтағы көлік міндетті түрде алынады. Ауданның жылдық бюджетіне енгізіліп, аудан әкімінің қарауында тұр. Ауыл балаларын мектепке екі жол талғамайтын УАЗ-220602 және УАЗ-Сса-2206 маркалы автокөлігі тасымалдап келді. Өткен қараша айында оның бірі тозығы жетіп істен шықты. Біз, уақыт оздырмай көршілес Райым ауылындағы №72 орта мектептің УАЗ-220695-440-04 автокөлігін алып, қосымша бердік. Бүгінде екі автокөлік балаларды тасымалдап отыр. Жаңа 42 орынды ПАЗ-32054 маркалы автокөлік сатып алуға 2020 жылдың қаңтар айында аудандық бюджеттен 15 000,0 (он бес миллион) мың теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі арқылы мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа көлік наурыз айында келуі тиіс", – деді бөлім басшысы.

Бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан көлік тасымалы мәселесіне наурыз айында нүкте қойылатын болады.

Қадірлі портал оқырмандары. Өздеріңізді алаңдатқан жағдайлар болса, редакцияға хабарласуларыңызды сұраймыз. Біз сіздермен бірге жауабын іздеп, мәселені дер кезінде, себебі мен салдарын анықтайтын боламыз.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу