Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025-2026 оқу жылынан бастап, Шымкенттегі Президент резиденциясы мақсатын өзгертеді. Ол енді дарынды балаларға арналған лагерь ретінде жұмыс істеуге көшеді.
Екінші және басты жаңалық – сонау 2012 жылы жойылған "балалар демалысы объектілерін лицензиялау" туралы норма кері қайтарылды.
2026 жылдан бастап, балалар демалысын ұйымдастыру қызметімен айналысқысы келетін бизнесмендерге мемлекеттен рұқсат пен арнайы лицензия алуға тура келеді. Бұл деректі Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев растады.
"Өңірлерді аралағанда мен балалар лагерлеріне арнайы атбасын бұрамын. Балалардың қалай тынығып жатқанын, қандай тамақ ішетінін, қауіпсіздігінің қаншалықты қамтамасыз етілгенін өзім тексеремін. Осы жылы 5 сауықтыру орталығы ашылды. Жыл соңына дейін тағы 27 орталық қолданысқа берілуге тиіс деп отырмыз. Осы қызметтердің сапасын арттыру үшін келесі жылдан бастап бұл қызмет лицензияланады", – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Оның дерегінше, 2025 жылы жалпы саны 3,4 миллион бала жазғы демалыспен қамтылды. Олар үшін мектеп жанындағы 10 мыңнан аса лагер және қала сыртындағы 220 орталық жұмыс істеді.
Алайда балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру науқанын қорытындылаған Оқу-ағарту министрлігі басқа санды атады. Ведомство 2025 жылдың жазғы кезеңінде 3,2 миллион оқушы сауықтырудың және демалыстың түрлі бағдарламаларымен қамтылғанын жеткізді.
Соның ішінде "Қазақстан халқына" қорының қолдауымен "Жаздық жолдама" жобасы аясында әлеуметтік осал санаттағы 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алды. Жолдамада басымдық көп балалы отбасылар мен ауыл балаларына беріліпті.
"Биыл демалыс және сауықтыру бағдарламаларымен 3,2 миллион оқушы қамтылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 200 мың балаға көп. Оның ішінде 500 мыңнан астам бала – әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан. Сондай-ақ, республикалық орталықтарда 5 мыңға жуық бала жазғы демалысын өткізді", – деп хабарлады білім ведомствосы.
Министрлік биыл елде жыл бойы қызмет ететін 17 лагерь, бұдан бөлек 192 маусымдық сауықтыру орталығы, сондай-ақ 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерлер жұмыс істегенін нақтылады.
Балалардың басым бөлігі табиғат аясындағы "нағыз лагерьлерге" бара алмады, олар мектеп жанындағы лагерьді місе тұтуға мәжбүр болды.
Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 2 тамыздағы №198 бұйрығымен бекітілген және 2025 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген жаңа "Тиісті типтердегі және түрлердегі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына" сәйкес, мұндай лагерь түрі жалпы білім беретін мектептердің базасында құрылады.
Яғни, бала жазда өзі оқитын мектебіне қайта барады. Нағыз лагерьден айырмашылығы, бұларда балаларды негізінен тамақтандырмайды. Оқушы таңертең кетіп, түсте өз үйіне оралады.
Мұндай лагерьлерде бала еңбек бастамалары мен пайдалы қызметпен айналысуға, табиғат қорғауға және экологиялық тәрбиеге тартылады. Өзге балалармен бірге дене шынықтырумен және спортпен, шығармашылықпен айналысады. Педагогтермен бірге қала ішіндегі музейлерге, бақтарға және басқасына экскурсияға баруы мүмкін.
Оқу-ағарту министрлігі биылғы жазғы науқанды ұйымдастыруға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 9 меморган жұмылдырылғанын мәлім етті. Бұл саланы Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт министрліктерінің тұрақты бақылауға алды.
Олар бірлескен жоспарды және ОАМ-ның әдістемелік ұсынымдарын басшылыққа алды. Ведомствоаралық өзара іс-қимылды үйлестіру үшін арнайы республикалық штаб құрылды. Оның өңірлерде жергілікті штабтары жұмыс істеді.
Санитарлық нормалар, тамақ қауіпсіздігі талаптары, сондай-ақ су айдындарында, орман алқаптарында және спорт нысандарындағы жүріс-тұрыс ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді. Сауықтыру орталықтарының бірыңғай тізілімі құрылды.
Жазғы каникул кезеңінде еліміз бойынша 20 жедел желі мен колл-орталық жұмыс істеген. Балалардың сапалы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету үшін сауықтыру нысандарына қойылатын талаптардың алгоритмі енгізілді.
Сонымен қатар, балалармен мазмұнды жұмыс жүргізуі үшін 120 мың тәрбиеші-педагог даярланып, 12 мыңдай студент-волонтер тартылды.
Әйтсе де, лицензиялау енгізілген соң алды кеңес кезінен, берісі – 17 жылдан бері жыл 12 ай бойы жұмыс істеп келе жатқан 17 лагерь мен маусымдық 192 сауықтыру орталығының қаншасы қалатыны белгісіз.
Осы орайда кәсіпкерлік қауымдастықтары балалар демалысын ұйымдастырудан табыс табатын кәсіпкерлерге алдағы өзгеріске қазірден дайындалуға кеңес беруде.
"Жыл сайын демалысты ұйымдастырумен айналысатын балалардың білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар күшейе түсуде. Бұл өте күрделі әрі жауапты қызмет. Ал, енді 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтерін ұсыну қызметі лицензияланатын болды. Жаңашылдық жазғы лагерьлерге, соның ішінде жыл бойы, маусымдық және білім беру лагерьлеріне қатысты болады", – деді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының Туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова.
Маңызды жайт – маусымдық және жыл бойғы лагерьлерге әртүрлі талап қойылатын болды. Мысалы, жазда ғана істейтін маусымдық лагерьлер үшін біліктілік талаптары шамамен 70%-ға төмендетіледі. Өйткені бұл ұйымдар білім беру сабақтарын өткізуге, арнайы стандартпен бекітілген оқу материалдарын ұсынуға міндетті емес.
Ал, жыл бойы істейтін лагерьлерге керісінше, талап арттырылады. Олар бір жағынан, білім беру, екінші жағынан сауықтыру жұмыстарына қатысты жаңа қатаң талаптарды сақтауға міндеттеледі.
Кәсіпкерлер талаптардың күшеюіне және әкімшілік жүктеменің өсуіне алаңдаушылық білдірді. Қазақстанның балалар-жасөспірімдер туризмі қауымдастығының басшысы Қайрат Сұлтанов балалар демалысы саласында жұмыс істейтін бизнес нысандарының саны азайып келе жатқанына назар аудартты.
Оған қаптаған тексерулер, жаңа стандарттардың талаптары және соның бәріне кететін қаржылық шығындар себеп болған көрінеді. Мәселен, 2,5 айдан ғана тұратын бір жұмыс маусымында кәсіпкерлер тек рұқсат құжаттарын алуға 1,2 миллион теңгеге дейін жұмсайды.
Лагерьлердің нақты жіктелуінің болмауы да проблемаға айналды. "Жігер" балалар және жасөспірімдер клубтары бірлестігінің директоры Елена Дештің түсіндіруінше, санитарлық-эпидемиологиялық ережелерде "балаларды сауықтыру лагері" деген ұғымы бар.
Алайда бұған жататын "Жігер" және басқа да ұйымдар балаларға медициналық қызмет көрсетпейді. Сондықтан ол классификаторға "жазғы демалыс лагері" ұғымын енгізуді ұсынды.
Мүдделі меморгандар турбизнесті қолдады және лагерлер түрлерінің ағымдағы тізімі моральдық тұрғыдан ескіргенін және қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмейтінін мойындады.
Жыл соңына дейін лицензиялауға жататын маусымдық балалар лагерлерінің жіктеуішін әзірлеу бойынша бизнеспен бірлескен жұмыс жүргізілетін болды.
Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, балалар лагерлерінде келесі санаттағы балалар тегін демалуға құқылы:
* атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасыдан,
* жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, бірақ АӘК алмайтын отбасыдан шыққан бала,
* жетім бала,
* балалар отбасында тұратын ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала,
* ТЖ салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардың балалары,
* оқушылардың басқа санаттары.
Қала сырты лагерлеріне тегін жолдама алу үшін азаматтар білім басқармаларына, не білім бөлімдеріне, білім беру ұйымдарына, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына немесе
"Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы қажетті құжаттарды қоса бере отырып, өтініш жолдайды. Балалардың сауықтыру орталықтарындағы демалыс күндерінің саны әр ауысымда 10-нан 15 күнге дейін әртүрлі мерзімге беріледі.