Осылайша, облыста "Оқжетпес" футбол клубын коммерцияландыру және басқарудың жаңа моделіне көшіру процесі ресми түрде іске қосылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жиында клубты басқарудың жаңа жүйесі таныстырылып, оның басты мақсаты жергілікті бюджетке түсетін салмақты азайту болатыны талқыға түскен.
Қорытынды бойынша "Оқжетпес" футбол клубы қоғамдық қорын құру жөнінде шешім қабылданды. Қордың құрылтайшысы – Қазақстанның Еңбек Ері атағының иегері, "Агрофирма "Родина" ЖШС директоры Иван Адамович Сауэр.
Ол өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен бірлесіп, ақмолалық футболға қолдау көрсетпек. Яғни, "Оқжетпес" футбол клубы өңірлік бизнестің қатысуымен жаңа басқаруға көшеді. Спорт сарапшылары облыста кәсіби спортты бюджеттен тыс қаржыландырудың жүйелі тетігі осылай қалыптасатынын айтады.
Бұған дейін "Ордабасы" футбол клубы да жекеменшік басқаруға өткен еді.