"Ол президент болар еді": Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиев туралы айтты

153

Қырғыз басшысы сұхбат берді. 

"Ол президент болар еді": Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиев туралы айтты Фото: minval.az

Садыр Жапаров 2027 жылғы президент сайлауына қатыспай, оның орнына Қамшыбек Ташиевті қолдау мүмкіндігін қарастырған. Бұл туралы Қырғызстан басшысы журналист Әли Токтакуновқа берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті басылымға сілтеме жасап.  

Жапаровтың айтуынша, президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін демалысқа кетуді жоспарлаған. 2027 жылғы сайлауға сол кезде Қамшыбек Ташиев қатысуы мүмкін еді.

"2027 жылы алты жылдық президенттік мерзімім аяқталғаннан кейін, егер Қамшы дайын болса, мен қайтадан президент сайлауына қатыспаймын деп ойладым. Қамшы президент болып, ал мен демалысқа кетер едім. Менің осындай жоспарым болды. Оған бұл туралы бір жыл бұрын өзім айтқанмын.

Мен төрт жыл шетелде тұрдым, төрт жыл түрмеде отырдым, ал соңғы алты жылымды үнемі күзетпен жүргендей өткіздім. Шашым ағарды, немерелерім дүниеге келді, отбасыммен бірге болғым келді. Мен оған "Дайындал, айналаңдағы адамдарды ретке келтір, өз адамдарыңды тәрбиеле" деп айттым. Кейін оның дайын емес екенін көрдім", – деді Қырғызстан басшысы.

Бұл ретте Садыр Жапаров 75 ақсақалдың хатына да тоқталды.

"Хат пайда болып, парламентті генералдың жақтастарына бөле бастағанда, мен оны шақырып алып "Бұлай болмайды. Адамдарды бөлуге болмайды. Мен халықты солтүстік пен оңтүстікке бөлетіндерді қатаң жазалаймын. Себебі халық енді ғана біріге бастады. Сондықтан ренжіме, мен сені қызметтен босатамын. Егер сайлауға қатысқың келсе, оған барлық жағдайды жасаймын" дедім", – деп атап өтті ол.

Айта кету керек, бұған дейін Садыр Жапаров екінші мерзімге президенттік сайлауға түсетінін айтқанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу