Ол Израильдің бұрынғы тұтқыны Ром Браславскиймен болған подкаст кезінде Газа секторында әр түні 30-40 адамды нысаналы түрде өлтіруге шақырып, айды аспаннан бір-ақ шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Газа секторындағы соғысқа қатысты өткір мәлімдемелерімен қоғамның наразылығын тудырып отыр.
Бен-Гвирдің сөзінше, тек тікелей қауіп төндіретін адамдарды ғана емес, басқа да адамдарды өлтіру қажет.
– Онда өмір сүруге лайық емес адамдар бар! Олар өмір сүрмеуі керек! Олар тіпті адам да емес! – деді министр.
Министрдің бұл мәлімдемелері жексенбі күні жарияланып, кейін Палестина бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таратылды. Бен-Гвир Израиль үкіметіндегі ықпалды саясаткерлердің бірі саналады. Ол полиция мен түрме жүйесіне жетекшілік етеді.
Итамар Бен-Гвир бұған дейін де Газа секторындағы соғысқа қатысты радикалды талаптары үшін халықаралық қауымдастықтың сынына бірнеше рет ұшыраған. Атап айтқанда, ол Палестина халқын Газа секторынан жаппай көшіру идеясын бірнеше мәрте қолдады.