Олигархтар мен олардың банктерін мемлекет қаржысы есебінен қаржыландырып отырмыз – депутат

Еділ Жаңбыршин "Самұрық-Қазына" Қорының қаржылық активтерін кезең-кезеңмен мемлекеттік қаржы институттарында орналастыруды ұсынды.  

Олигархтар мен олардың банктерін мемлекет қаржысы есебінен қаржыландырып отырмыз – депутат  Фото: ашық дереккөзден

Бірмандатты округ бойынша сайланған Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz
 
"Бүгінге дейін көптеген ірі инвестициялық жоба: "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері"; "Жайлы мектеп"; инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар мен басқа да жобаларды дамыту, мемлекеттік бюджеттен, Ұлттық қордан 3 трлн теңгеден астам сомаға қаржыландырылып отыр. Соңғы үш жылда әр түрлі жобаларға мемлекеттің кепілдігімен тартылған несие 2,2 трлн теңгені, ал Үкіметтің алған қарызы 1,8 трлн теңгені құрады. Бұл инвестициялық жобаларға бөлінген ақшаның негізгі бөлігі екінші деңгейдегі жекеменшік банктерге орналастырылған. Сонымен қатар, 2022 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша "Самұрық-Қазына" қорының жекеменшік банктерде орналастырылған қаржы активтері мен ақшасы 5,9 трлн теңгені құрады", – деді депутат. 

Оның айтуынша, мемлекеттегі қаржының көбі жекеменшік банктер арқылы айналымға жіберілген. Мысалы, жоғарыда айтылған қаржылардың 1 трлн теңгесін бір жекеменшік банкке орналастырсақ, бұл банк жылына орташа есеппен 150 млрд теңге табыс табады. 

"Енді есептеңіз, қанша мемлекет қаржысы мен Үкімет алған қарыздар осы жекеменшік банктер арқылы өтті?! Осындай оңай қаржылық схемалар арқылы пайда тапқан банкирлеріміз Форбстың тізімнен бір-ақ шықты. Ай сайын инвесткірістер мен қызмет көрсетуден түсіп жатқан миллиардтар, жекеменшік банктерді Қазақстан экономикасын дамытуға мүмкіндік беретін бизнес жобаларды қаржыландыруға ынталандырмайды. Өйткені олар басын ауыртып, ойланбайды. Оп-оңай табыс келіп тұр. Бұлар әбден қаржылық монополист болып алған! Ақиқатына келгенде біз олигархтарды және олардың банктерін халықтың, мемлекеттің қаражаты есебінен қаржыландырып отырмыз және оны тексере де алмаймыз. Сонда Үкімет, құзырлы органдар мен Агенттіктер қайда қарап отыр? Солармен бірге ме?", – деп сұрады мәжілісмен. 

Бұл ретте депутат жеке банктер сияқты қызмет көрсете алатын бірқатар мемлекеттік қаржы институттары елдегі ақша активтерін орналастырудан шеттетілген және олар үлкен қаржылық шығынға ұшырағанын жеткізді. Халық қалаулысы мемлекет оларды банкрот қылмас үшін қаржылай көмек жасап отырғанын айтты.  

"Осындай жағдай квазимемлекеттік, Ұлттық операторымыз – "Қазпошта" акцонерлік қоғамында орын алып отыр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, "Самұрық-Қазына" 2022 жылы ғана "Қазпошта"-ға әлеуметтік шиеленісті төмендету үшін ескірген көлік базасын жаңарту мен жалақыны индексациялауға шамамен 11 млрд теңге бағыттады. Соның өзінде "Қазпошта" өткен жылы 12 млрд теңгеге шығынға ұшырады. Бұл жағдайды қалай реттейміз?", – деген Еділ Жаңбыршин жекеменшік банктерге орналастырылған "Самұрық-Қазына" Қорының 6 трлн теңге қаржылық активтерінің 10%-ы ғана "Қазпошта"-ға орналастыруды ұсынды. 

Айтуынша, нәтижесінде мемлекеттік компаниямыздың жылдық табысы шамамен 40 млрд теңгені құрайды. 

"Яғни "Қазпошта" донор компанияға айналады. Бюджет үнемделеді, "Самұрық-Қазына" дивидент алып, ел қазынасына қаржы құяды. Мемлекет қаржысы жеке банктердің дивидентін көбейтуге жұмсалмайды", – деді депутат. 

Қоры ұлғайған "Қазпошта" елге қандай пайда әкеледі? Қазіргі кезде "Қазпошта" 2000-нан астам ауылдардағы қаржылық және логистикалық қызмет көрсететін бірден-бір, кей жерлерде жалғыз Ұлттық оператор. Табысы бар "Қазпошта" халыққа заманауи цифрлық қызмет көрсетуді қолға алады, қызметшілерінің жалақысын өсіреді, білікті кадрларды тартады, жаңа жұмыс орындар мен ғимараттар ашып ауыл инфрақұрылымын дамытады. Мемлекет мүддесіне сай қаржылық саясат жүргізу, бірнеше проблеманы жояды және Үкіметтің жұмысыныңда тиімділігі көрінеді. Нақты нәтижелерін халық сезінетін болады.

Осы айтылғандардың негізінде депутат үш ұсынысын жеткізді. 

"Бірінші, мемлекеттік компаниялардың қаржысын халыққа тиімді пайдалану жөнінде жан-жақты талдау жасалынып, тиісті шешімдер қабылдансын. Екінші, Үкіметтің инвестициялық жобаларға алатын несиелері, қарыздары, оған бөлінетін бюджеттік қаражаттары мемлекеттік қаржы институттарында, бірінші кезекте "Қазпошта"мекемесінде орналастырылсын. Үшінші, "Самұрық-Қазына" Қорының қаржылық активтерін кезең-кезеңмен мемлекеттік қаржы институттары, оның ішінді "Қазпошта" негізінде орналастыру мәселесі қаралсын", – деп қорытындылады депутат. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу