Үкімет неге салық жеңілдіктерін жүзеге асыруды созбалаңға салып жіберді?

1989

Сарапшылар мен депутаттар мұның 2026 жылға ысырылғанына наразы.

Үкімет неге салық жеңілдіктерін жүзеге асыруды созбалаңға салып жіберді? Фото: canva.com

Бірақ оны жүзеге асыру үшін бизнес ортада әділдік пен теңдікті қамтамасыз ету керек. Кәсіпкердің бірі көп салық төлеп, ал екіншісінің салықтан мүлдем босатылғаны әділдік пе?

Бұл үшін аз шоғыр қаржылық-өнеркәсіптік топтарды артықшылық-преференциялардан және салықтық жеңілдіктерден айыру керек. 

"Салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Олар экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсілі болуы керек. Жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз. Салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту қажет!", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жолдауында.

Бірақ Мемлекет басшысы жеңілдіктен айыру мерзімінің шегін, "дедлайнын" белгілеген жоқ. Үкімет осыны пайдаланып отырғанға ұқсайды. Атап айтқанда, бұл тапсырманы орындау 2026 жылға қалдырылғаны анықталды. Мұндай норма жаңа Салық кодексінің жобасында қарастырылған.

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев бір масқара жайтқа назар аудартты. Бірде-бір жауапты орган салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтардың нақты көлемін білмейді. Тек шамалап қана айтады.

Оның нақты көлемін әр теңгесіне дейін анықтау үшін жаңа Бюджеттік кодекс арқылы 2026 жылдан бастап, Үкіметтің "талдамалық есепті" қалыптастырып, Парламентте жариялау тәжірибесі енгізілетін болады.

"Мысалы, Бюджет кодексінде салықтық шығыстар деген бар, ол салықтық жеңілдіктер мен преференциялардан тұрады. Бірақ бір "әттеген-ай" да бар. Жобаны талқылау кезінде бірде-бір мемлекеттік орган салықтық жеңілдіктер мен преференциялардың нақты көлемін, цифрын білмейтіні әшкереленді. Жоғары аудиторлық палатаның айтуынша, Қаржы министрлігінің салыққа жауапты Мемлекеттік кіріс комитеті 64 жеңілдік бойынша ақпаратты қамтымапты. Ал олардың көлемі төрт жылда 10 триллион теңгені құраған. Сондықтан неге салықтық жеңілдіктер мен преференцияларға қатысты норманы тек 2026 жылдан бастап енгізеді? Оның алдындағы 2024, 2025 жылдар қайда қалады? Біз осыны түсіне алмадық", – дейді Анас Ахатұлы.

Ал Үкімет болса, оған қатысты нормаларды биыл не келесі жылы емес, тек 2026 жылдан енгізуге табандап отыр.

Еліміздің бас экономисті олигархтарға және басқаларына нақты қанша жеңілдік пен артықшылық берілгенін білмейтін болып шықты. Сол себепті оның көлемін нақты анықтауды "өте өзекті мәселе" деп атады.

"Жоғары аудиторлық палатаның ақпараты бойынша 8 триллион теңгеден астам салықтық жеңілдіктер бар. Бірақ біздің білуімізше, ол бүгінде тіпті 9 триллион теңгеден де асып кетті. Бұлардың бәрін реттеуді біз ең алдымен жаңа Салық кодексінде көрсететін боламыз. Олардың бәріне талдау жүргізілуі керек. Дұрыс берілген бе, бұрыс берілген бе? Жалпы, әрбір жеңілдіктің, преференцияның ұсынылуының нақты мәні-маңызы көрсетілу қажет. Қордаланған бірнеше мәселені шешуге тиіспіз. Соның ішінде нақты әдістеме, нақты дерекқор, нақты цифрлар бар. Оның бәріне талдау жасалады", – деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Ол Президенттің тапсырмасын орындаудың неге әріге ысырылғанына тоқталды.

"Жаңа Салық кодексі 2024 жылы қабылданады, бірақ тек 2025 жылдан бастап күшіне енгіземіз. Сонда 2025 жыл бойы сынап, жалпы жағдайды талдаймыз. Қандай кемшіліктердің бар екенін, жеңілдіктер, артықшылықтар бойынша қандай олқылықтар қалыптасқанын 2025 жыл көрсетеді. Соның нәтижесінде тиісті жұмысты 2026 жылдан бастамақпыз. Барлық рәсімдерді бюджет процесінің кестесінде жоспарлап жатырмыз. Осылайша, бәрі кезең-кезеңімен жасалады", – деді Әлібек Қуантыров.

Айтпақшы, жаңа Парламент жаңа Салық кодексінің жобасын, Бюджеттік кодекстің жобасын жыл бойы қанша талқыласа да, түпкілікті қабылдай алмады. Бюджеттік кодекстің жобасын Мәжіліс тек 2023 жылғы 27 желтоқсандағы соңғы отырысында бірінші оқылымда ғана мақұлдады. Алда екінші оқылым тұр. Одан кейін құжаттар Сенатта да біраз жатады, ұзақ талқыланады. Себебі, тым көлемді құжаттар.

Министр Ә.Қуантыровтың айтуынша, осы жаңа Бюджеттік кодексте салық шығыстары туралы талдамалық есеп құру қарастырылған. Мұндай есеп жыл сайын қалыптастырылып, республикалық бюджет жобасының құрамына қосылып, Парламентке енгізілетін болады.

Міне, дәл осы есепте Үкімет нақты қандай компанияға немесе секторға нақты қанша көлемде салық жеңілдіктері мен преференцияларын бергенін көрсетуі керек. Алайда бұл есепті де тек 2026 жылдан бастап қалыптастыруға ниетті. Ендеше айтылған жеңілдіктердің тиімділігі мен орындылығы талданып, 20 пайызға кеміту туралы түпкілікті шешім қабылдау да кейінге қалатынға ұқсайды.

Public Policy Research Center директоры, экономист Меруерт Махмұтова шенеуніктердің кем дегенде 1,5 жылдан бері негізсіз салық жеңілдіктеріне "Жоқ!" деп батыл түрде айта алмай келе жатқанын қаперге салды. Себебі, салықтық жеңілдіктерді жою мәселесін талқылау да бір жарым жылдан бері жалғасып келеді.

Экономист салық жеңілдіктеріне қатысты бір мысал келтірді. М.Махмұтова 2015-2017 жылдары Азия даму банкінің арнайы экономикалық аймақтар бойынша жобасының кеңесшісі болып қызмет атқарды.

"Біз сонда не Экономика министрлігінен, не Қаржы министрлігінен арнайы экономикалық аймақтарда тіркелген кәсіпорындарға берілген салық жеңілдіктерінің көлемі туралы ақпарат алғыза алмадық. 2 жылдан астам уақыт сенделтті. Бір-біріне сілтейді. Біз АЭА-ларда тіркелген компаниялардың қанша салықтық жеңілдік алғанын біліп, оны солардың бюджетке төлеген салығымен салыстырмақшы едік. Сөйтіп, мемлекеттің АЭА-ларға қатысты шығынын есептеп шығару жоспарланды. Бірақ ешқайсысы ақпарат бергісі келмеді", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу