Өлім жазасы айрықша ауыр қылмыс жасағандарға ғана тағайындалады

2351

Осыдан бір жыл бұрын Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров халықаралық ұйымның штаб-пәтерінде өлім жазасына тыйым салу туралы құжатқа қол қойды. Бұл қазақ елінің өлім жазасын қолдану аясын біртіндеп тарылтуға және қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге жасаған нақты қадамы болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Өлім жазасы айрықша ауыр қылмыс жасағандарға ғана тағайындалады

Естеріңізге салайық, 2003 жылы елімізде өлім жазасына мораторий жарияланды. Содан бері жазаның бұл түрін қолданбаудың тұрақты құқықтық режимі сақталып келеді. Айта кетейік, 2004 жылдан бастап өлім жазасының орнына өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді.

2019 жылғы желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси реформаларды жүзеге асыру аясында Сыртқы істер министрлігіне азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына қосылу рәсімін бастауды тапсырды. Ал өлім жазасын жою туралы халықаралық хаттамаға қосылу туралы шешімді БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-мерейтойлық сессиясында жариялады. 

"Бұл шешім Конституцияға толығымен сәйкес келеді және негізгі заңға ешқандай өзгеріс енгізуді қажет етпейді. Кезінде өлім жазасына Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жарлығымен тыйым салынған. Біздің елімізде өлім жазасы қолданылмайды. Өлім жазасы Конституцияда белгіленген 2 жағдайда ғана қарастырылады және ол толығымен факультативті хаттамаға сәйкес келеді", – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде БҰҰ адам құқықтары жөніндегі бюросы Орталық Азия аймақтық кеңсесінің басшысы Ришард Каменда Қазақстанның өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасына қол қоюын құптайтынын мәлімдеді.

"Хаттамаға қол қоя отырып Қазақстан өлім жазасынан алшақтайтын әртүрлі құқықтық жүйесі, дәстүрі, мәдениеті мен діні бар елдердің қатарына қосылды. Бұл қадам мемлекеттердің өлім жазасы адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретінін және оның алынып тасталуы адам құқықтарының нығаюы мен прогрессивті дамуына ықпал ететінін мойындайтынын көрсетеді", – деді Ришард Каменда. 

Бұдан кейін ол Қазақстанды қол қойылған хаттаманы тезірек ратификациялауға шақырды. 

"Біз Қазақстанға Екінші Факультативтік Хаттамада талап етілгендей, өз юрисдикциямыздағы өлім жазасын жою үшін барлық қажетті шараны қабылдауға кез-келген көмек көрсетуге дайынбыз", – деді Ришард Коменда. 

2021 жылдың алғашқы айында Президент "Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы" заңға қол қойды. 

Құжатқа сәйкес қылмыстық кодекске түзету енгізілетін болды. Ақпан айында ведомствоаралық комиссия өтіп, үкімет оң бағасын алды. Бас прокуратура әзірлеген заң жобасы сараптамадан өтіп, Үкімет пен Парламентке таныстырылды. 

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. 

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев депутаттардың алдында баяндама жасап, гуманизм жасаудың маңызды қадамының бірі – өлім жазасын жою екенін атап өтті. 

"БҰҰ өлім жазасын жоюды адамның өмір сүру құқығын қамтамасыз ету жолындағы прогресс ретінде қарайды. Екінші факультативтік хаттама өлім жазасын жою адамның қадір-қасиетін нығайтуға және құқығын дамытуға ықпал етеді деп есептейді. Гуманизмді басшылыққа ала отырып, Қазақстан әрбір адамның өмір сүру құқығын бекітті және өлім жазасын сатылы түрде жою бағытын қолға алды. 2005 жылы Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге ратификация жасады. Осы пакттің 6-бабына сәйкес, өлім жазасы тек қана айрықша ауыр қылмыс жасағаны үшін заңға сәйкес тағайындалуы мүмкін. Қазақстан 2006 жылы Еуроодақтың "Өлім жазасын жою туралы" үндеуіне қосылды, 2007 жылы БҰҰ Өлім жазасына мораторий енгізу туралы резолюциясын қолдады. Осының аясында өлім жазасын қолдану сатылай азайып келеді", – деді бас прокурордың орынбасары. 

Әсет Шындалиевтің сөзінше, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өлім жазасы 26 аса ауыр қылмыс үшін тағайындалды. Бұл жаза 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің 18 бабында ғана қалды. Ал 2014 жылы Қылмыстық кодекстің 17 бабында болды. Барлық санкцияларға балама ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген. Сот өлім жазасын немесе балама жазаны қылмыстың ауырлығын, сотталушының жеке басын және оның қылмыс салдарына қатынасын ескеріп тағайындайды. 

"2003 жылы Елбасы мерзімсіз мораторий енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл шешім өлім жазасын толық жойған кезге дейін қолданылады. Өлім жазасын жоюға бағытталған маңызды актілердің бірі – екінші факультативтік хаттама. Оны Қазақстан биыл қаңтар айында ратификациялады. Хаттама өлім жазасын жою үшін барлық шараны қабылдауды міндеттейді. Алайда бұл жазаны хаттама ескертпесінің шеңберінде қалдыру мүмкіндігі бар, Қазақстан осы шартты басшылыққа алып, хаттаманы ескертпемен ратификациялады. Ескертпеге сәйкес, Қазақстан соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырды", – деді Әсет Шындалиев. 

Оның айтуынша, заң жобасы аясында Қылмыстық кодекске бірқатар түзету енгізіледі. 

"Бірінші, өлім жазасы Қылмыстық кодекстің 13 бабынан алынып тасталады. Екінші, соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмысқа өлім жазасын қолданудың шегі бекітіледі. Қылмыстық кодекстің 4 бабында осы жаза сақталады. Атап айтқанда, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы аса ауыр қылмыстар. Бұл қылмыстар соғыс әрекеттімен байланысты болып, соғыс кезінде жасалса жаза қолданылады. Басқыншылық соғысты жүргізу, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, әскери тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзу және соғыс уақытында жасалған геноцид. Бұл баптар аталған қылмыстардың ауырлығын ескеріп, соғыс уақытында көп адамды өлтіргені үшін жауапқа тартуды көздейді. Осындай адамгершілікке қарсы әрекеттер белгіленген халықаралық актілер бізге өлім жазасы қолданылуы мүмкін қылмыстарды анықтауға бағыт болып табылады. Атап айтсақ, БҰҰ Экономикалық және әл кеңесінің резолюциясына сәйкес, өлім жазасы көзделген әрекеттер тізімі көптеген адам өліміне және басқа да ауыр зардаптарға әкелетін қасақана қылмыс шегінен шықпауға тиіс. Заң жобасын қабылдау еліміздің әлемдік аренадағы беделін күшейтеді, халықаралық қауымдастық адам құқығын қамтамасыз етуге прогресс және ізгі қадам ретінде қабылдайды. Сонымен бірге ең жоғары Конституциялық құндылық – өмір сүру құқығын күшейтудің кепілі болады", – деп қорытты ойын бас прокурордың орынбасары.

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу