Өлім жазасын алып тастау моральдық-этикалық өлшемге ие – Мұхтар Тілеуберді

1760

Сенаттың жалпы отырысында "Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы" заң қабылданды.  

Өлім жазасын алып тастау моральдық-этикалық өлшемге ие – Мұхтар Тілеуберді

"Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Республикасы негізгі халықаралық құқық қорғау актілеріне қосылу, сондай-ақ өзінің БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ға мүшесі ретінде қабылдаған адам құқықтары саласындағы міндеттемелеріне сәйкес өлім жазасын қолдануды  біртіндеп азайту мен қылмыстық заңнаманы ізгілендіру саясатын жүргізуде. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасында өлім жазасын қолдану Елбасының 2003 жылғы 17 желтоқсандағы тиісті мораторий енгізу туралы жарлығымен толығымен тоқтатылған болатын", –деді отырыста Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

2019 жылғы желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның екінші факультативтік хаттамаға қосылу рәсімін бастауды тапсырды. Осының ізінше БҰҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілі Қайрат Омаров екінші факультативтік хаттамаға қол қойды.

"Осы халықаралық құжатқа сәйкес, қол қоюшы елдер: өлім жазасын қолданбау және өз юрисдикциясы аясында өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті іс-шараларды орындау міндеттемесін қабылдайды. Жалғыз ерекшелік – соғыс уақытында өлім жазасын қолдану туралы заңды түрде ресімделген ескертпе болған жағдайда рұқсат етіледі. Қазақстан конвенциямен қарастырылған өлім жазасын қолдануды көздейтін жалғыз ескертпе жасау мүмкіндігін пайдалануға ниетті. Нақты айтсақ, Қазақстан Республикасы екінші факультативтік хаттаманың 2-бабына сәйкес, соғыс уақытында жасалған әскери аса ауыр сипаттағы қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады", – деді министр. 

Оның сөзінше, өлім жазасын алып тастау мәселесі тек заңды ғана емес, сонымен бірге моральдық-этикалық өлшемге ие.

"2003 жылы өлім жазасын қолдануға мораторий енгізілгеннен кейін, біздің елде жоғары жаза шарасын қолданбаудың тұрақты құқықтық режимі қалыптасқанын атап өткім келеді. Біз бұл қадам еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыратынына кәміл сенеміз. Конституцияға және жалпыға бірдей танылған халықаралық актілерге сәйкес өмір сүру құқығы демократиялық қоғамның негізгі құндылығы болып саналады және мемлекет барлық адамдар үшін осы құқықтың жүзеге асырылуына кепілдік беруге міндетті", – деді Мұхтар Тілеуберді.

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу