Олимпиада жаршысы: Зульфия Чиншанло Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды

1371

Токиода өтіп жатқан Олимпиада ойындары жайлы соңғы жаңалықтармен бөлісе кетсек.

Олимпиада жаршысы: Зульфия Чиншанло Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды

Зульфия Чиншанло ауыр атлетикадан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. 55 келіге дейінгі салмақта отандасымыз екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 213 келіні еңсерді (90+123). Осылайша, Қазақстан құрамасы Олимпиадада медаль еншіледі. Нәтижесінде бүгінгі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан 3 қола жүлдемен 40-орынға түсті.

Ал Сәкен Бибосынов 2020 жылы Олимпиада ойындарында бокстан 2-айналымға шықты. Ол Пуэрто-Рикодан келген Янкиэл Ривераны жеңіп, 52 келіге дейінгі салмақта 1/8 финалға жолдама алды. Бірінші айналымда үш төреші жеңісті қазақстандыққа, ал екеуі пуэрторикалыққа берді. Екіншісінде дәл осы жағдай қайталанды. Үшінші раундта Бибосынов басымдық танытты. Нәтижесінде, қазақстандық боксшы төрешілердің шешіммен - 30-27, 30-27, 29-28, 29-28, 28-29 есебімен жеңіске жетті. Сәкен Бибосыновтың келесі қарсыласы француз боксшысы Билал Беннам болмақ. Ширек финалға шығу үшін екі боксшы 31-шілдеде Нұр-Сұлтан уақытымен 14:48-де жекпе-жекке шығады.

Бұдан бөлек, еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның қарсыласы анықталды. Ширек финалға шығу үшін Елена Рыбакина WTA рейтингінде 47-ші орында тұрған хорватиялық Донна Векичпен ойнайды. Ол әлемнің үшінші ракеткасы беларуссиялық Арина Соболенкодан басым түсіп, тай-брейкте шешуші сетте 7: 3 есебімен жеңіске жетті. Кездесудегі жалпы есеп: 6: 4, 3: 6, 7: 6.

Кирилл Герасименко үстел теннисінен үшінші айналымда неміс спортшысы Тимо Болданнан жеңіліп қалды. Бірінші кезеңді тамаша бастаған Кирилл 11:7 есебімен жеңіске жетті. Ал қалған кезеңдерде  жеңіліс тапты 6:11, 7:11, 2:11, 1:11.

Сонымен қатар бүгін Олимпиада ойындарында ерекше жағдай орын алды. Жапониялық скейтбордшы Момидзи Нисия Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. 13 жастағы спортшы стрит бағдарламасының финалында 15,25 ұпай жинап, бірінші орын алды. Екінші орынды 13 жастағы бразилиялық Раисса Леал (14,64) алса, үшінші орында тағы бір жапон қызы Фуна Накаяма (14,49) иеленді. Нисия 13 жас 330 күн дегенде Олимпиада чемпионы атанды. Ол жарыс тарихында алтын алған екінші жас спортшы болды. Ал Олимпиадада алтын жүлде алған ең жас спортшы - Марджори Гестринг. Суға секіру спортынан 1936 жылы сынға түскен америкалық ару 13 жас 268 күнде топ жарған.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу