Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов бірнеше күн бұрын Тараз қаласында ота жасатқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бізге белгілісі, Елдос Сметовтің денесіне жара шыққан. Оны ота жасау арқылы алып тастау қажеттігі туындапты.
– Елдос Сметовтің жағдайын әлеуметтік желіден көрдім. Жақында ол Тараз қаласында шағын ота жасатты. Кеше ғана хабарласып, жағдайын сұрадым. Ауыр жарақат емес. Денесіне бір жара шыққан екен, соны кесіп алып тастаған. Қазір Елдостың жағдайы жақсы, – деп қоса кетті Ғұсман Қырғызбаев.
Сонымен қатар, ол Елдос Сметовтің қашан татамиге қайта оралатынына болжам жасады.
– Елдос Сметовтің татамиге оралуын жанкүйерлер асыға күтіп жүр. Қазір ол денсаулығын қалпына келтіріп, бабына келумен айналысып жатыр. Елдос осы жылдың жаз айларынан бастап жарыстарға қатысуы мүмкін. Бірақ нақты қай жарыс екенін білмеймін, – деді Ғұсман Қырғызбаев.
Еске салайық, Елдос Сметов 2024 жылғы Париж Олимпиадасынан бері шамамен екі жылға жуық уақыт бойы жарыстарға қатыспады.